Орталық саябақта Конституция мерекесіне орай және «Туған жерім — нұрлы елім» мәдениет күндерінің қорытынды мерекелі концерті өтті. Мәдениет күндері аясында қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлаған өнерпаздарды аудан әкімінің орынбасары Рустам Ахметов Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
«Туған жерім — нұрлы елім» мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Ембі қаласы иеленді. І орынға Жұрын ауылдық округі, ІІ орындарға Жем қаласы мен Еңбек ауылдық округінің өнерпаздары ие болды. Ақкемер мен Егіндібұлақ ауылдық округінің өнерпаздары үздік үштіктен көрінді.
Ембі қаласының, Ащысай, Жұрын, Еңбек ауылдық округтерінің әкімдері «Туған жерім — нұрлы елім» атты мәдениет күндерінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандары үшін арнайы марапатқа ие болды.
Сонымен қатар қорытынды мерекелік іс-шарада жаз айларында өткізілген қалалық және ауылдық округтердің көркемөнерпаздары мен қатысушылары «Үздік спортшы», «Үздік жүргізуші», «Үздік көрермен», «Ең үздік ерекше жанр» номинацияларымен марапатталды. Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.