«Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімі» ММ-нің әлеуметтік тапсырысы негізінде «Парасат» ақпараттық-кеңес беру және оңалту орталығының ұйымдастыруымен (РАНТ) Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, «Аль-Азхар» университетінің түлегі, Исламтанушы — Нұрәлі Бақытұлы Мұғалжар ауданындағы діни тұрақтылықпен ынтымақтастықты нығайту мақсатында арнайы іссапармен келді.
Үш күндік іссапар барысында РАНТ мүшесі Нұрәлі Бақытұлы Қандыағаш қаласындағы «Нұртай», «Қадірәлі ата» мешіттерінде жергілікті жамағатпен, Қандыағаш қалалық өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесті. Сонымен қатар Ембі қалалық «Нұр» мешітінде, Жұрын ауылдық «Хайрулла» мешітінде, Сағашилі ауылындағы «Ерболат Камалұлы» мешітінде, Жаңажол вахталық мешітінде, Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебінде кездесулер өткізіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында жастарымызға жүктелген аманат пен жауапкершілік және оларды тиісті деңгейде қоғам мен мемлекет мүддесі үшін жұмсау туралы терең ой қозғаған Нұрәлі Бақытұлы теріс ағымдардың зардаптарында тілге тиек етті.
Сондай-ақ кездесулерде жастардың діни сауаттылығын арттыру, үлкенді құрметтеу, тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды. РАНТ мүшесі жергілікті жамағатқа мемлекеттің орнықты дамуының негізі болып табылатын қоғамның тұрақтылығын, келісім мен өзара түсіністікті сақтауда мешіт имамдары мен теологтардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесулерге қатысқан жамағат көптеген мәліметтерге қанығып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауаптарын алды.