«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАХИР АТАНЫҢ ҚҰЛПЫНАЙЫ

Биылғы мамыр айында жылыжай құрылысын бастаған Тахир Нарынбаев бүгінде еккен өнімінің жемісін де алып үлгерді. «Ауыл аманаты» жобасының аясында алған жеңілдетілген несиені тиімді пайдаланып отырған ақсақал бақша өсірудің кәдігі маманы. Топырағы бауырмал жерге дән сеуіп, оңтүстікте өсетін түрлі жеміс ағаштарын будандастыру арқылы өсіріп, жеміс алып жүрген қандыағаштық бағбанды мұғалжарлықтар жақсы біледі.

Бастапқыда «Ауыл аманаты» жобасына тек ауыл тұрғындары ғана қатыса алатын болды. Тек биылғы ақпан айынан бастап қала тұрғындарына да мүмкіндік берілді. Жоба жұмыс жасайтын адамға, кәсіппен айналысамын деушілерге үлкен мүмкіндік береді. Аудандағы «Мансап» орталығы мамандарының нұсқауымен, «сіздің қолыңыздан келеді» деген демеуімен бұл істі қолға алуға бел шештім. Зейнеткер болғандықтан маған несие берілмейді екен. Содан келініме “көп балалы” санаты бойынша несие рәсімдеді. Үйімді кепілге қойып, барлық керекті құрылыс құралдарын алып, жұмысты бастап кет-тік. 4 млн 600 мың теңге қаржыға қол жеткізіп, жылыжайды іске қосып, міне, қазір алғашқы жемістің дәмін көріп отырмыз. Алғашында сәбіз ектім, жақсы өнім берді. Бірақ әзірге сатылымға шығара қоймадым. Жылыжайым шағын болғандықтан қайта-қайта өнім беретін құлпынайды ектім, қалғанына көк жуа отырғыздым, — деген ол жылыжай салғысы келетіндерге өз тәжірибесімен бөлісе кетті.

Оның іші жыл он екі ай жылы болуы қажет. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Сонымен қатар кез келген жылыжайда ауаны жіберу мүмкіндігі болуы керек. Жабындыны таңдаған кезде де мұқият болған дұрыс. Себебі қатты күн сәулесін өткізетін әйнектен жемістің құрамындағы дәрумендері жойылып кетуі мүмкін. Міне, осындай қарапайым заңдылықтарды ұстанса, жақсы өнім болады. Алда қыс мезгілі келе жатыр. Көкөніс пен жемістердің бағасы қайта шарықтайды. Тіпті, кейбірін таппай да қаласың. Менің мақсатым – осы олқылықтардың орнын толтыру. Кәсіп бастау оңай болғанмен, оны жалғастырып алып кету қиындық тудыруы мүмкін. Кез келген сәтте сәтсіздікке ұшырап, шығынға да кетуің ықтимал. Төзімділік пен еңбек қана адамды алға жетелейді. Мәселен, күтімге де аса мән беру керек. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Жалпы бір істі қолға аларда әр жұмыстың өз қиындығы барын ескеру қажет. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой, – дейді еңбекқор ақсақал.

Тахир атаның жылыжайда құлпынай өсіруінің де өз мәнісі бар. Әсіресе, суық мезгілде жаздың дәмін аңсап, жеріктер желіге іздейтін бұл жеміске сұраныс жоғары.

Құлпынай егудің өз заңдылығы бар. Мысалы, оны үлкен ағаштары бар бақшада отырғызбаған дұрыс, көлеңкеде ол нашар жеміс береді. Құлпынай кез келген топырақта өсе алады, дегенмен қарашірікке бай жеңіл топырақтарда ең көп өнім береді. Оның ең жоғары өнімділігі бірінші жылдан-ақ байқалады. Сол себепті бірнеше мәрте өнімді жинап алғаннан кейін құлпынайды басқа дақылдармен кезектесіп отырғызу керек. Мұны 3 немесе 4 жыл сайын жасаған дұрыс. Отырғызу алдында топырақты жақсылап дайындау өте маңызды. Ол қоректік заттарға қаншалы қты бай болса, тамыр жүйесі соғұрлым қуатты болады, мол жеміс береді. Топырақты өсімдіктерді отырғызудан бір ай бұрын дайындау керек. Көктемде отырғызу үшін топырақ күзде дайындалады. Содан соң тамшылатып суару жүйесімен суаруды ұсынар едім. Мен өмір бойы сол әдісті пайдаланып, нәтижесін көріп келемін. Шығыны аз суару түрі болғанымен өсімдіктің өсуіне өте тиімді жүйе түрі. Расы сол, құлпынайды балалар да, ересектер де жақсы көреді. Маусымды шығарылымнан кейін дүкен сөрелерінен азаятын бұл жеміс-жидектің суық мезгілде бағасы да шарықтайды. Негізі, өз жерімізде отандық өнімдерді шығарғанға не жетсін! Басқа елдерден келген көкөніс пен жеміс-жидектердің сапасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті жергілікті өнімді тұтыну қажет деп ойлаймын, – деді бағбан.

Өзінің әрбір ісінде тиянақтылық пен ширақтық таныта білетін ақсақал үнемі ізденіп, техника саласындағы жаңалықтарға да құлағын түріп жүреді. Тіпті, ғылым жаңалықтарын өз тәжірибесінде қолданып жасаған дүниелері талайдың таңдайын қақтырды.

Менен кеңес сұрап келетіндер көп. Оның ішінде жастардың қарасы басым. Мәселен, жақында Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының 9- 10-сынып оқушылары “Табиғатпен танысу” практика сабағы аясында менің аулама келіп, жылыжайдағы өсімдіктермен танысып, біраз нәрсе үйренді. Бұл кездесу қызық болса керек, оқушылар мектеп басшылығына «біз де мектеп жанынан жылыжай салсақ қайтеді” деп ұсыныс айтыпты. Бұл қуанарлық дүние. Еңбекқор жастарымыз әрдайым көп болғай, — деген қарияның “қартайдым” деп қарап отырысы жоқ. Алдағы уақытта жылыжайын кеңейтіп, өнімін ұлғайтып, арзан бағада сатылымға шығаруды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар өзі тұратын қаланы да жасыл желекке толтырып, көгалдандыруды жоспарлапты. Оны өзі барлық жерде көтеріп, ұсынып та жүр. Жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болса, кірісіп-ақ кетуге әзір.

Асарымды асап, жасарымды жасаған уақытта жанымды күйттеп отырсам да болар еді, әрине. Бірақ бағбандық атадан қалған, қаныма сіңген кәсіп. Бойымда күшқуатым бар кезде осы ісімді жалғастырып, аз да болса білгенімді өзгелермен бөліссем деймін, — дейді бағбан ата.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ЕУРОПАДА ФУТБОЛ ТОЙЫ БАСТАЛАДЫ

admin_mugalzhar

Оралмандардың «Асар» бірлестігі Хайролла Ғабжалиловты президенттікке ұсынды

admin_mugalzhar

ЖАРЫҚ АУЫЛЫНА ГАЗ ТАРТЫЛУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.