«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕКТЕП АВТОБУСЫ: БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ — МАҢЫЗДЫ

БАЛАМЫЗ МЕКТЕПТЕН КЕЛГЕНШЕ АЛАҢДАП ОТЫРАТЫНЫМЫЗ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ КӨП. БҮГІНДЕ КӨШЕДЕГІ КӨЛІК САНЫ КҮН САЙЫН КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ. БАЛАЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОРЫН АЛАТЫН ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ ДА БАРШЫЛЫҚ. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ «ЗОРЛЫҚ КӨРСЕТІПТІ», «ИТ ТАЛАПТЫ», «ҚАҒЫП КЕТІПТІ» ДЕГЕН ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАҒА ҰСТАТАДЫ. ОСЫ ОРАЙДА БАЛАНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АТА-АНА ДА, МҰҒАЛІМ ДЕ, МЕКТЕП ӘКІМШІЛІГІ ДЕ ЖАУАПТЫ. ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАН ОҚЫС ОҚИҒАЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ОҚУШЫЛАРДЫ АВТОБУСПЕН ТАСЫМАЛДАУ ЕЛ БОЙЫНША БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕДІ. АЛ АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ ОҚУШЫЛАРДЫ МЕКТЕПКЕ ТАСЫМАЛДАУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ? БҰЛ ТУРАЛЫ БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДА ТАРҚАТАМЫЗ. СОНЫМЕН…

Аудандық білім бөлімінің мамандары аталған бөлімге қарасты аудан бойынша жалпы саны 18 автобустың барын айтады. Атап айтатын болсақ, Қандыағаш қаласындағы №2,3,4, Ембі қаласындағы №1,2,7 және Сағашилі, Мұғалжар, Жаңажол, Ащысай, Ахмет Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектептерінде мектеп автобустары оқушыларға тасымалдау қызметін көрсетеді.

Бүгінде оқушыларды жайлы және қауіпсіз тасымалдау – негізгі мәселелердің бірі. Қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында автобустарды оқу жылының басында техникалық байқаудан өткізіп отырамыз. Бұзылып қалған автобустарға автоқосалқы бөлшектер салып алуға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Сонымен бірге жанаржағармай үшін де қаржы қарастырылған. Аталған қажеттіліктің барлығы мемлекеттік сатып алу бойынша жүзеге асады. Бүгінде автобусты қажет ететін мектептер бар. Осы жылы екі автобус алу үшін сұраныс беріп қойдық. Алдағы уақытта келуі қажет, — деді аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.

Ол балалардың қауіпсіздігі үшін аудан мектептерінде жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша тұрақты жұмыс істейтін бұрыштар бар екенін, мектеп кітапханаларында жол ережелерін сақтау бойынша кітаптар көрмесі ұйымдастырылып тұратынын жеткізді. Ал автобустардың қозғалыс сызбасы аудандық полиция бөлімі және аудан әкімдігінің келісімімен бекітілетінін мәлімдеді.

Қала ішінде орналасқан кейбір мектептерде мектеп автобусы жоқ. Себебі балаларды тасымалдау заң бойынша оқушының үйі мен мектебінің арасы үш шақырымнан асқан жағдайда жүзеге асырылады және міндеттеледі. Айталық, Қандыағаш қаласындағы №1, №5 орта мектептердің оқушылары автобуспен тасымалданбайды. Бұл мектептер қала орталығында орналасқан. Сондай-ақ аталған мектепке өзге мөлтек аудандардан келіп оқитын оқушы жоқ, – деді бөлім басшысы.

Мақала жазу барысында оқушыларды тасымалдауды ұйымдастырып отырған аудан аумағындағы автобусы бар мектептердің бірқатарына хабарласып, балалардың қауіпсіздігі туралы, көлік құралының жалпы жағдайы жөнінде сұрап, білдік. Аудан аумағындағы бала саны көп мектептердің бірі — Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясы. Аталған мектепте қа-зіргі таңда 1925 оқушы оқиды. Оқушылардың көпшілігі «Болашақ» және «Самал» мөлтек аудандарында тұрады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған мектеп басшылығы төрт автобус ұйымдастырған. Мектеп директоры Данагүл Ибрашева оқушыларды мектеп автобусымен тасымалдау жұмыстары оқу жылы басталғалы жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.

Оқу жылының басында мектептен алыс аудандарда тұратын оқушылардың ата-аналарынан мектеп әкімшілігі атына берілген өтініштері негізінде тізім құрылды. Бүгінгі таңда мектеп автобусына мектеп бойынша жалпы саны 682 оқушы мінеді. І ауысымда 271 оқушы, ІІ ауысымда 411 оқушы тасымалданады. Автобустың тасымалдау бағыты Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімі, Қандыағаш қаласының әкімдігі, Мұғалжар аудандық білім бөлімі, аудандық тұрғынүй коммуналдық шаруашылықжолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерімен келісіліп, бекітілді. Бүгінде оқушыларды 4 автобуспен тасымалдаймыз. Оның үшеуі жалдамалы автобус болса, біреуі — мектеп-гимназиясының меншігінде. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр автобусқа мектеп қызметкерлері мен жұмыспен қамту орталығынан бөлінген қызметкерлерден кезекшілер бекітілді. Ертеңгілік уақытта әр автобус 4 айналым, түскі уақытта 3 айналым, кешкі уақытта 3 айналым, күніне 10 айналым жасайды. 1-ші автобус «Больница», «Болашақ 1», «Болашақ 2», «Болашақ 3», «Болашақ 4», «Нұрлы көш», «Овощной», «Красный», «Зеленый», «Диас» аялдамаларымен жүреді. Ал 2,3-ші автобустар «Газовиков», «Самал 1», «Самал 2», «Самал 3», «Самал 4», «Табын», «Поворот», «Пешеход», «Садик» аялдамасымен жүреді. 4-ші автобус «Ер Едіге» көшесі мен «Самал 5», «Самал 6», «Самал 7», «Самал 8» мөлтек аудандардан айналады, — деді Данагүл Дулатқызы.

Ал Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектебінің директоры Гүлмира Мусина алыста тұратын оқушылар үшін мектеп автобусы қауіпсіз, әрі ыңғайлы көлік құралы екенін айтады. Оның үстіне қазіргідей қараңғының ерте түсетін күз-қыс мезгілдерінде оқушының қауіпсіздігі ата-ананың да, мектеп мұғалімдерінің де жауапкершілігін екі есеге арттыратынын тілге тиек етті.

Біз мектеп оқушыларына білім беріп қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де жауаптымыз. Сол себепті де мектепте оқитын оқушыларды тасымалдауға автобус ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда мектеп автобусымен 223 оқушы тасымалданады. Таңнан кешке дейін 8 айналым жасайды. Мектеп медбикесі жүргізушінің денсаулығын үнемі қадағалап отырады. Автобусқа кезекшілікпен мұғалімдер отырып, балалардың мініп-түсуіне жағдай жасайды. Сонымен бірге балалардың қауіпсіздігі үшін WhatsApp қосымшасында «Мектеп автобусы» деп аталатын ортақ чат аштық. Ол жерде кезекші мұғалім автобустың қозғалысы туралы хабарлама жіберіп, ата-аналарды құлақтандырып отырады. Техника болғаннан кейін автобустың бұзылып қалатын кездері болады. Ондай уақыттарда оқушыларымыз үшін қиналып қаламыз. Барынша тез жөндеп, іске қосуға тырасамыз, — деді Гүлмира Нысанқызы.

Қазіргі таңда Ембі қаласындағы 5 мектептің 3-еуінде мектеп автобусы бар. Солардың бірі — №1 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебі. Мектеп директоры Ерлан Шолтаев бүгінде мектепте ПАЗ маркалы бір автобустың жұмыс жасап тұрғанын жеткізді. Аталған мектепте жалпы саны 84 оқушы мектеп автобусына мінеді. Автобустың жүру бағыты қала әкі-мімен және Ембі полиция бөлімі бастығымен бекітілген.

Біздің мектепте «ПМС» мөлтек ауданынан қатынап оқитын оқушылар бар. Мектеп автобусы екі ауысыммен жұмыс жасайды. Бірінші ауысымда 38, ал екінші ауысымда 46 оқушыны тасымалдайды. Автобусқа қосалқы бөлшектер, газ, бензин сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Олардың барлығы мемлекеттік сатып алу шарты арқылы алынады, — деді Ерлан Шолтаев.

Ал №2 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебінде оқушыларды автобуспен тасымалдау 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы мектеп директоры Естібай Құлымшин айтты. Ол мектеп автобусы күн сайын қала бойынша 54 шақырым жол жүретінін мәлімдеді.

Мектепке «СМП-614» мөлтек ауданында тұратын 16 оқушы қатынайды. Ал түстен кейін автобуспен қосымша сабақтарға келеді. Мектеп автобусының жалпы жағдайы жақсы, жүріп тұр. Автобусқа мінетін барлық оқушының ата-анасынан анықтамалар алынды. Автобус жүргізуші Болат Көмеков өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды, — деді ол.

Ембі қаласындағы жанында интернаты бар №7 жалпы білім беретін мектебіне мектеп автобусы 2021 жылы сатылып алынған. Мектеп директоры Асел Достанова аталған автобуспен интернат тәрбиеленушілері тасымалданатынын тілге тиек етті. Атап айтатын болсақ, автобусқа Ембі қаласына қарасты Жаркемер, Новая жизнь елді мекендерінде және №57 разъезінде тұратын оқушылар мінеді.

Балалардың қауіпсіздігіне барлығымыз жауаптымыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектебімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында сынып сағаттары мен танымдық кештер жоспар бойынша өткізіледі. Оқушыларға жаяу жүргіншілер ережесі, жол жүру ережелерін сақтау, көлікте, қоғамдық орында өзін ұстау ережелері түсіндіріліп, жадынамалар мен буклеттер таратылады, — деді мектеп директоры Асел Жанкелдіқызы.

Ембі қалалық №3 жалпы білім беретін орта мектебін басқаратын Орынгүл Қайралапина мектепте автобустың жоқ екенін мәлімдеп, өзі басқаратын мектепте жалпы саны 654 оқушы оқитынын баяндады. Дегенмен, бүгінде салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа ғимаратқа көшкен уақытта жаңа автобусқа ұсыныс беруді жоспарлап отырғанын айтты.

Ауданға қарасты Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылындағы орта мектепке 2021 жылдың соңында жаңа автобус пайдалануға берілген. Мектеп директоры Қайрат Сарсенбаев автобуспен мектеп жанындағы интернатта жататын Темір-Көпір ауылының балалары және ауылдың шет жағында тұратын оқушылар тасымалданатынын айтты.

Мектеп оқушыларын автобуспен тасымалдау әрине, қауіпсіз болары анық. Біздің мектептің интернатында жатып оқитын Темір-Көпір ауылының балаларын автобус жүргізушісі дүйсенбі күні таңда сабаққа алып келеді. Ал жұма күні кешкілік сабақ аяқталғаннан кейін үйлеріне жеткізіп тастайды. Автобусқа қажетті автоқосалқы бөлшектер мен жанаржағармайға қаржы жергілікті бюджеттен мемлекеттік сатып алу арқылы сатылып, алынады, — деді мектеп директоры Қайрат Жұмамұратұлы.

Аудандық білім бөлімінің басшылығы аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ащысай ауылдық округіндегі Ащысай орта мектебіне 2021 жылы Газель автокөлігін пайдалануға берген. Аталған көлікпен мектеп жанындағы интернат балалары тасымалданады.

Ащысай ауылдық округіне қарасты Сабындыкөл ауылындағы мектепте балалар тек қана бастауыш сыныпта оқиды. Ал жоғары сыныпта оқитын оқушылар Ащысай ауылына келіп, интернатта жатып оқиды. Бізге берілген көлікпен апта басында балаларды сабаққа алып келіп, апта соңында үйлеріне апартып тастаймыз, — деді Гүлжазира Өтешова.

P.S. Бүгінгі мақаламызға арқау болған мектеп автобусының жұмысы әлі де жүйелі жандануды қажет етеді. Балалар мінетін мектеп автобусы барлық талаптар мен стандарттарға сай болуы шарт. Сондай-ақ тасымалдау қызметі де қауіпсіз және қолайлы болғаны жөн. Себебі бала қауіпсіздігі — бәріміз үшін маңызды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда тағы бір қант зауыты салынады

admin_mugalzhar

2024 жылы ел азаматтарын қандай өзгерістер күтіп тұр?

admin_mugalzhar

Қазақстанда педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.