Ұстаз — осы бір ғана сөздің астарында қаншама еңбек, қаншама тер жатыр. Ұстаз болу – менің бала күнгі арманым. Жарық негізгі орта мектебінде аяқтағаннан кейін арманымды орындау үшін Мұғалжар аудандық гуманитарлы техникалық колледжіне оқуға түстім. Оқуымды бітірген соң алғашқы еңбек жолымды өзім білім алған мектебімде ұстаз болып бастадым. Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі. Бүгінде мұғалімдік қызметті серік еткеніме 5 жыл болды. Бұл аз ба, көп пе, білмеймін. Бірақ мен үшін биік мақсаттарға жетудегі ізденістер мен ұмытылмасқа толы қызықты жылдар. Ұстаздық жолға қадам басқаннан бастап менің алға қойған мақсатым – ұлағатты ұстаздықтың үдесінен шығу, жас ұрпаққа сапалы білім беру, ел мақтайтын шәкірттер тәрбиелеу.
«Адамның адамшылдығы — жақсы ұстаздан» демекші, ұстаздық жолда жетістіктерге жетуіме себепкер болған, әрдайым қолдау көрсетіп, жетекшілік еткен Салтанат Амантайқызына және өзіме білім беріп, осындай дәрежеге жеткізген өз ұстаздарыма алғысым шексіз. Қазіргі таңда өзіме білім берген ұстаздармен қызметтес болып жүргеніме қуанамын және мақтан тұтамын. Қазіргі кездегі заман талабына сай білім беру өзекті мәселе болғандықтан оқушылармен тіл табысу, заман талабына сай жаңашылдықпен білім беру, білім мен тәрбиені қатар ұстау — біздің ұстаздардың міндеті деп білемін.
Әйгерім ҚАБИБОЛЛА, Жарық негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі