«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСТІН ДӘМІ ӘЛІ ЕСІМДЕ

Ауданның, облыстың, тіпті елдің атын әлемдік додаларда қорғап жүрген Еламанның жеңістерін газетіміздің бетінде үнемі сүйіншілеп келеміз. Әжесінің өз немересінің әрбір жеңісін «Мұғалжардың» бетінен оқып, мақтанып отыратынын да білеміз. Ал бүгін әлем чемпионы Еламан Қойшыбаевтың жеңістері ғана емес, өзі туралы да тарқатпақпыз.

Қандыағаш қаласының тумасы Еламанды спортқа алып келген бауыры екен. Өзі де спортпен айналысқан ағасы мектеп бітіріп, оқуға түскеннен кейін спорттан қол үзеді. 2005 жылы оқуға кетер кезінде Қандыағаш қалалық балалар -жасөспірімдер спорт мектебіне інісін жетектеп апарып, өзінің жаттықтырушысы болған Эдуард Саламатқа тапсырып кетеді. Ол кезде Еламан бар болғаны 10 жаста екен.

Осылай 10 жасымда Саламат Тәжімұлының тәрбиесіне келіп, қазақ күресіне ден қойдым. Ең алғаш рет 2008 жылы қазақ күресінен Ақтөбе қаласында өткен облыстық турнирге қатыстым. Ол сайыстан жеңіспен оралып, алғаш рет же-ңіс дәмін сезгенде, спортқа деген сүйіспеншілігім арта түсті. Өз болашағымды спортпен байланыстыратынымды сол сәтте түсіндім десем де болады, — дейді жас спортшы.

Ол 2012 жылы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 81 келі салмақ та жеңіске жетіп, әлем чемпионатына жолдама алады. Сол жылы ақпан айында Бразилия мемлекетінде жасөспірімдер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған Қазақ күресінен әлем чемпионы атанып, сонау мұхиттың ар жағындағы елде қазақтың көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды ойнатып, елдің абыройын асқақтатты. Бұл – Еламанның ең алғашқы үлкен жеңісі еді.

Еліңнің Туы көтеріліп, Әнұраны асқақтап жатқан кездегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Тұла бойыңды ерекше эмоция жайлайды. Әлі де талай-талай биіктерді бағындырар қанат бітіреді екен. Бұдан кейін де талай жеңіс тұғырынан көрінсем де, әлі күнге дейін сол алғашқы жеңіс сыйлаған сезімді ұмытқан емеспін. Ал қазір шәкірттерімнің де осындай ерекше сәтті бастан өткергенін қалаймын. Адам алға ұмтылса, бәрін де жеңеді екен. Осыған көзім жетті, – деді бізбен әңгімесінде Еламан.

Шәкірт демекші, бүгінде Еламан Қойшыбаев шәкірт тәрбиелеуде де біраз жетістікке жеткен. Қазір «Белес» спорт клубында жаттықтырушы болып, кішкентай палуандарды қазақ күресінен жаттықтыруда.

Бүгінде шәкірттерім республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Олардың әлі-ақ биік тұғырлардан жарқ ететініне сенемін. Болашақ әлем чемпиондарын тәрбиелеуге барынша атсалысамын, — дейді спортшы.

Жаттықтырушы Еламан шәкірттерінің алар биігіне сенім артса да, спортшы Еламанның өз биігі де осал емес. Атап айтсақ, қазақ күресінен жалпы республика бойынша жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы, 2022 жылғы Әлем кубогінің иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, дзюдо күресінен Қазақстан чемпионатының 2 дүркін чемпионы, 2016-2022-2023 жылдар аралығында самбо күресінен 3 дүркін Қазақстан чемпионы, самбо күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері және 2 дүркін күміс жүлдегері, 2023 жылы Беларусияда өткен ТМД ойындарының қола жүлдегері, 2023 жылы Сауд Арабияның Эр-Рияд қаласында өткен Бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарының күміс жүлдегері, сонымен қатар 2023 жылғы Сербияның Нови-Сад қаласында өткен Әлем кубогінің чемпионы, самбо күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Спортқа деген махаббаты, ерік-жігері, ешнәрсеге қарамастан алға деген ұмтылысының арқасында үлкен нәтижеге жеткен әлем чемпионы қазіргі таңда отбасылы, ұл мен қыздың әкесі.

Айта кетейік, Еламан Еркінұлы қараша айының 11-13 аралығында Арменияның Ереван қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде. Қазіргі таңда Шучинск қаласында оқу-жаттығу жиынында. Чемпионымыз тағы да әлемдік додада ел намысын қорғамақ. Біз де тағы елден де, мұғалжар — лықтардан да, чемпионның әжесінен де сүйінші сұрармыз деген үміттеміз.

Ұқсас ақпараттар

ЕМБІЛІКТЕР РЕФЕРЕНДУМҒА ЕРЕКШЕ АТСАЛЫСУДА

admin_mugalzhar

ШЕРХАНҒА КӨМЕК КЕРЕК

admin_mugalzhar

МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.