«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СУРЕТШІ БАЛА – АХМЕДИЯР

БІРДЕ ІНІМНІҢ ТЕЛЕФОНЫНАН ҚОЛДАН САЛҒАН ӘДЕМІ СУРЕТТЕРДІ КӨРІП ҚАЛДЫМ. ҒАЛАМТОРДАН АЛҒАН БОЛАР ДЕП АСА МӘН БЕРМЕДІМ. СӨЙТСЕМ, БҰЛ СУРЕТТЕР ІНІМНІҢ СЫНЫПТАСЫНЫҢ ҚЫЛҚАЛАМЫНАН ШЫҚҚАН ТУЫНДЫЛАР ЕКЕН. БҮГІНГІ ЗАМАНДА ҚАТАРЛАСТАРЫНЫҢ БАСЫМЫ ТЕЛЕФОНҒА ҮҢІЛУДІҢ ОРНЫНА ҒАЖАЙЫП СУРЕТТЕР САЛЫП ЖҮРГЕН ӘУЕСҚОЙ СУРЕТШІ АХМЕДИЯРДЫ ӘҢГІМЕГЕ ТАРТТЫМ.

Жаңажол орта мектебінің 8- сыныбында оқитын Ахмедияр Сәдірбектің сурет салу қабілеті отбасынан дарыпты. Жалпы, үйдегі ер адамдардың бәрінің де осы өнерден құр алақан емес екен.

Өзім 6 жасымнан бастап сурет саламын. Кішкентайымнан табиғатты, адам бейнелерін, жан-жағымдағы барлық затты қағазға түсіре бастадым. Өзімнің суреттерімнің басқалардан өзгешелеу екенін байқап, «басқаша салу қажет пе, әлде менікі дұрыс па» деген оймен әлеуметтік желілерден сурет салуға қатысты барлық деректерді қарап, үйреніп, тәжірибеде қолданып көрдім. Шатпағым өзіме ұнай бастады. Содан бері қарындашымды қолымнан тастаған емеспін, — дейді Ахмедияр.

Ойын қылқаламның көмегімен бөліскенді жақсы көретін жас суретші қолданатын құралдарына аса талғаммен қарайтынын айтып, құрал таңдарда ескеру керек дүниелермен де бөлісті.

Қолданатын құралдың қымбатына, не арзанына қарамай, сапалы әрі ұзақ қолдана алатын заттарды таңдаған абзал. Бейнелеу өнеріне қызығатын адамдар үшін барлық қажетті құралдардың болуы маңызды, олардың көмегімен бірегей туындылар дүниеге келеді. Жұмыстың кәсіби болуы үшін маңызды нәрсе — шебердің жеке талаптарына сәйкес келетін құралдардың болуында. Өйткені кейбір суретшілер пастельмен жұмыс істейді, басқалары майлы бояуды қолданады, ал үшіншілері қарапайым қарындашпен жасалған графиканы, эскиздерді жақсы көреді. Енді бірі көп түсті пайдаланса, кейбірі аз түстерді қолданады. Мәселен палитрада ақ, көк, қара, жасыл түстер болса, жеткілікті. Сол түстер арқылы қалаған түсті оңай шығаруға болады. Бастысы үйлесім табатын түстерді анықтай білу керек. Оның бәрі, әрине, тәжірибемен келетін нәрсе, — деген жас суретші жаңа-жаңа бастап сурет салып жүргенде, әр түсті ғана емес, бояудың да түрлерін бір-біріне қосып, тәжірибе жасағанын, сол арқылы өзіне ыңғайлысын көп шығынданбайтын оңай тәсілдерді түсініп, таңдап алғанын айтты.

Сондай-ақ қатты және жұмсақ қарындаштардың толық жинағын сатып алған жөн. Эскиз жасау үшін, әдетте, орташа қаттылықта (2Н-ден 3В-ға дейінгі диапазонда) алған дұрыс. Эскиз жасау үшін ұсақ қайраған қатты құралдар (мысалы, 5Н) қолайлы, олар ұсақ бөлшектерді салу үшін де өте ыңғайлы. Көлеңкелеу және көлеңке жасау жұмсақ қарындаштармен (5В шегінде) орындалады. Қылқаламды таңдағанда да сапасына мән арту керек. Дөңгелек, конус, төртбұрышты көлемдерімен ерекшеленетін құралдың да қолдану орны мен тәсілі бар. Қазіргі таңда мен көбіне арт стилді, пейзаж, портрет, натюрморт салып жүрмін. Жақында ғана мозаика тәсілін қосып, сол бағытта тәжірибемді шыңдап жатырмын, – дейді ізденімпаз Ахмедияр.

Ешқандай жетекшісіз, арнайы курстарға қатыспай-ақ, дарынын шыңдап жүрген мектеп оқушысы аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, түрлі марапаттарды да иеленіп үлгеріпті.

Қазір жасым 13-тен асты. Кішкентай кезімде өзімді балалы қпен белгілі суретші ретінде елестеткенмен, қазір бұл өнерді хобби ретінде қабылдаймын. Себебі жұмысым да, хоббиім де бір бағыт болса да, дұрыс емес деп ойлаймын. Адам өзі ұнатқан істі жасау арқылы тыныштық тауып, демалғаны дұрыс шығар. Мәселен, біреулер кітап оқып, енді біреулер балық аулап, сыртта серуендегенді ұнатады. Сол үшін түсінгенім — мамандық пен хоббиді шатастырмаған абзал, — дейді өзі.

Бұл – болашақтың ісі. Ал қазір жас әуесқой суретшінің қылқаламынан шыққан туындыларды назарларыңызға ұсынамыз.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

«КҮМІС ЖАС»: 57 ЕГДЕ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

Ақтөбеде ядролық медицина орталығы салынады

admin_mugalzhar

«Бір белдеу, бір жол» форумы басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.