«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ауылымның әр таңы алаңсыз еді…

Әлі есімде, бала күнімде көшеміздің қойын Алгелді жотасының етегіндегі шағын қыр+- дың шөбіне айдап, ауылдың шетіндегі Жем бойына суарып, бағатынбыз. Жусанның аңқыған иісі. Таңғы самал. Жем бойымен келе жатып, екпіні жоқ, жел бойлай ағып жатқан өзеннің бетін сипап өткендей өкпек ескен салқыны бетке ұрып, ұйқыны әрең қиған кө-зіңді шайдай ашатын… Шіркін, сол бір кезге қайтып барғым келеді!

..Әкем қой кезек болатын күні әдеттегіден ерте оянады. Анау көшенің басына барып қойдың алдына түсіп, әуелі жинап алады. Күн шықпай, жазғы уақытта таңғы сағат 5-тің шамасында қойды айдап алып кетеміз. Сол уақытта 6-7 сынып оқитын кезім. Мен әкеме түскі ас апаруға ауыл жаққа қайтып келетінмін. Анам ертерек тамағын әзірлеп, көже сусынын асып, салқындатып, арқаға ілетін сөмкеге дайындап қояды. Менің астымда “Урал” велосипеді. Өз сондай ауыр әрі ортасында ұзын темірі тұратын. Кішкентай болсам да соны теуіп ауылға келіп, сусын мен тамақты арқалап, қайтадан өріске шығамын. Күн қақ төбеден түсіп, төбені тесетіндей тұрады. Ондай кезде тек салқын су ғана көмектесе алады. Ауық-ауық Жемнің суына салқындап, талдың көлеңкесіне көлеңкелеп аламыз. Қойлар да өзеннің жанына, суға жақын жерлерге тізіліп жатып алатын. Бірі қоздап, бірі лағын қасына еріп келе жататын. Енді бірде өзге кезектің қойы қосылып, абыр-сабыр болатын. Содан ауылға баратын кезде бүкіл ауыл қосылған қойларын түгендеп, «бөтен қой бар ма, артық кірген жоқ па?» деп көрінген адамнан сұрай жөнелетін.

Өрісте туған қозы, лақтарды арқалап келеміз тағы. Сол күні ауыл жаққа қарайып, түтігіп келетін едік. Бірақ сондай қызық болатын. Алаңсыз кездер еді. Алаңсыз дейтініме себеп те бар. Қазір бұрынғыдай көше аралап, қорадан қой іздейтін адам, кезекпен қой бағатындар жоқ. Бір адамды жалдап ақшасын төлеп, қой баққызады. Көшедегі кезекке ашылған ватсапта арнай чат та бар. Сол жақтан бөтенін тауып, онлайн қайда тұрғанын біліп-ақ отырады. Қойдың кезегіне тамақ арқалап таситын біз сияқты балалар да жоқ тәрізді.

Мен сол уақытта жоғарыда айтқанымдай мектеп оқушысымын. Иесіз дала, ұзын жол. Арлы-бері өтіп, ауылға кіріп не кетіп жатқан көліктер. Қолымда қарапайым қалта телефоны. Анау қырдың басына шығып, мені қарағыштап әкем тұрады. Көзі шалынған, қара ілінген бойда маған қоңырау соғып, мына жаққа деп бағыт беріп отырады. Себебі түс ауа басқа жаққа қойды айдап, суға тоғытып алатын. Ас-суымды арқалатып жіберетін ана да алаңсыз еді. Күтіп алатын әке де қорқа қоймайтын. Ас арқалаған бала да бейқам еді…

Қазір заманның қатты өзгергені ме, жаман хабар, жаңалықтан көз ашпайтын болдық. Құрбандыққа шалынып жатқандар жас талғамайды. Жасы да, сәбиі де, жасөспірімі де… Өкініш өзегіңді өртеп, болашаққа, үйдегі бала-шағаңа қарап, бойыңа үрей ұялап, уайымдайсың. Алаңсыз есік алдына шығарудың өзі қорқынышқа айналды. Кім кінәлі? Не түрткі? Неге? Қалай? Осы сұрақтармен таңымыз атып, кешіміз батып жатыр. Адам азды ма, заман өзгерді ме?.. Жауап таппай әлекпін…

А.ІЛИЯС, Жағабұлақ ауылы

Ұқсас ақпараттар

Президент бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарын құттықтады

admin_mugalzhar

Ақылы жол жобасына 25 млрд теңге бөлінді

admin_mugalzhar

Исключить бумажные справки планируют в Казахстане в 2021 году

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.