АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ОБЛЫС ӘКІМІ АСХАТ ШАХАРОВ ОБЛЫСТЫҢ ДАМУЫНА СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСЫП, ӨЗ САЛАСЫНДА ЗОР ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН АЗАМАТТАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫС ЕТКЕН ЕДІ. АТАЛМЫШ ШАРАДА МАРАПАТ АЛҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА МҰҒАЛЖАРЛЫҚ АЗАМАТТАР ДА БАР. ОНЫҢ БІРІ — МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН ІІІ ДӘРЕЖЕЛІ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛҒАН «ЭНЕРГОСИСТЕМА» ЖШС-І ЕМБІ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІНІҢ УЧАСКЕЛІК ЭЛЕКТР МОНТЕРІ ДАБЫЛ ЖАЛМАҒАНБЕТОВ.
Еңбек майданында жүрген жандар әдетте көзге түсе бермейді. Үнсіз ғана жұмысын жасап, жылдар өте мамандығының майталманына айналады. 40 жылдан астам уақыт бір салада еңбек еткен жағабұлақтық жарық жөндеуші Дабыл Жалмағанбетов біз суреттеген жанның бірі. Жерлестері оны қашан да көше бойлай тізіліп тұрған биік бағананың басына өрмелей шығып, әр тоқты бір қарап, сымдарды жалғап, жарықты қосып жүргенін көреді. Өздері де жарықтан мәселе туындаса, алдымен осы кісіні іздейді.
—Өзім негізінен Жағабұлақ ауылының ар жағында орналасқан Жаркемер деген ауылда дүниеге келдім. Әкеден көп ағайындымыз. Жаркемер ауылында тұрғын аз болғандықтан, 3-сыныптық бастауыш мектебінен кейін Жағабұлаққа қоныс аудардық. Ол кезде бұл ауыл совхоз орталығы болатын. 8 жылдық білім алғаннан кейін мені бірден әскерге шақырды. Екі жылдық Отан алдындағы борышымды Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткіздім. Әскерде де осы электр саласы бойынша білім алып, біраз тәжірибе жинақтадым. Сөйтіп орысы бар, қазағы бар, әзірбайжаны бар, татары бар — бәріміз екі жылда бауырға айналдық. Бір-бірімізбен өмірге, адами қасиеттерге, тіпті мамандыққа қатысты тәжірибе алмастық. Адамның өміріне ешкім де жайдан-жай келмейді. Сол адамдардан жақсы болса да, жаман болса да бірдеңе алу керек екенсің. Сөйтіп екі жыл уақытымның қалай тез өтіп кеткенін аңғармай қалдым. 1985 жылдың мамыр айында әскерден ауылыма келіп, совхозда электр жүйесіне жұмысқа орналастым. Ол уақытта бұл жерде ауыл ақсақалы Боранбай деген ата жұмыс жасады. Ол кісімен 10 жылдан аса уақыт серіктес болып, біраз нәрсе үйрендім. Әскерде электр механигі мамандығын алып шыққандықтан совхоздың қосалқы стансаға кезекші электр монтері болып орналасып, кейін уақыт өте «Энергосистема» ЖШС-нің Ембі электр желілерінің учаскелік электр монтері болып қазіргі кезге дейін жұмыс жасап келемін, — деді өзі еңбек жолының басталуы туралы.
Бұл мамандық қиын ғана емес, қауіпті де. Оны электр монтерінің өзі де жоққа шығармады. Жарықпен жұмыс жасау қиындығының бірі сол, жұмыстың басымы жоғарыда өтеді. Биік бағананың басында жұмыс істеп жатқанда, ең бастысы, қателік жібермеу қажет. Электр монтерлері биікте жұмыс істеу жөніндегі сынақтардан үнемі өтіп отырады. Әңгіме барысында ондай сынақтардан біздің кейіпкеріміздің мүдірмей өтетінін білдік.
—Жаздың кездері күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сырт қараған адамға шатасып, ажыратуы мүмкін еместей көрінетін сым-тоқтарды реттеп, көнерген, тозығы жеткендерін алмастырып, одан қалды, жол-көлік оқиғасы салдарынан бағананы түйген жағдайда үзілген сымдарды орнына келтіріп, күн-түн демей жұмыстанамыз. Кейде ат құлағы көрінбес боран күні, сықырлаған жылтыр аязда жарық жиі өшіп қалады. Бәрі үйінде жылы пештің жанында жатса, біз сол жарықты жағу үшін хабар келген бойда боранмен алысып, қосалқы стансаға жетеміз. Жұмыс сол, жарықтың өшпеуін қадағалау өшсе, қайта жалғау. Сол үшін әрине, бәріне де дайынбыз, — дейді ол.
Келер жылы асқаралы алпысқа толатын Дабыл Жалмағанбетовті жан-жақты жан десек, ауылдастары қарсы болмас, сірә. Жұмыстан қолы қалт етсе, атын ерттеп, тазысын ертіп, Жемнің бойындағы қалың тоғайда серуен құрғанды жаны қалайды екен.
—Ата-бабамыздан келе жатқан ат үйрету, оны ұстау ғұрпы — менің де сүйікті ісім. Бірнеше жылқыларым мен тазыларым және жоғары, таза қанды тұқымнан екі сәйгүлігім де бар. Ат жарыстардан қалмай, шабандоз дайындап, бәйгеге тіккен жүлделерді де алып жүрміз. Бұл менің сүйікті ісім. Жұмыс барысында, әсіресе, қыс айларында көліктен гөрі, атпен жүргенді ұнатамын. Жұмысымнан бос кездегі уақытымды да осылай тиімді өткіземін десем де болады.
Кейіпкеріміздің кейде Алгелдінің қырына шығып, Жем өзінінің ағысын тыңдап, көз жетер тұңғиығына үңіліп қарайтын әдеті де бар екен. Бұл көріністен жаны демалатынын айтады өзі.
— Әттең, кейде уақыт тапшы. Сонда да Алгелді мен Сандықтаудың оң иығынан көркем далаға көз саламын. Осы сайын даланың көгілдір мұнарына малынып, су мен аспан бір бірін шағылысып жатқанда, көкірегіңе туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі тола береді, таси береді. Менің дала жұмысын таңдағаным да сол далаға жақындығым болар, бәлкім… — дейді туған жерге деген махаббатын осылай жеткізген Дабыл Жалмағанбетов.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ