6 ЖЕЛТОҚСАН — ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ. ОСЫҒАН ОРАЙ, МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА АУДАННЫҢ ПРОКУРОРЫ СӘНІБЕК ТЛЕУЛЕСОВПЕН СҰХБАТ ҚҰРДЫҚ. ӘҢГІМЕМІЗ АУДАН ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ, ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ ӨРБІДІ.
— Сәнібек Қожағалиұлы, кәсіби төл мерекелеріңіз құтты болсын! Әңгімемізді еліміздегі басты қадағалаушы органның тарихынан бастасақ.
— ҚР мемлекеттік прокуратурасы 1922 жылдан бастап Әділет ұлттық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастады. 1933 жылы прокуратураның құзыреті кеңейтілді: Әділет ұлттық комиссариатының жанынан прокуратура басқармасы құрылды. Прокуратураның дамуындағы маңызды кезең 1936 жылы басталды. Ол кезде КСРО-ның жаңа Конституциясы Қазақстанға егеменді Одақтық Республика құқығын берген болатын. Осы уақыттан бастап мемлекеттік прокуратура құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс істей бастады. 1937 жылдың қарашасында Әділет ұлттық комиссариаты мен прокуратураны бөлу бұйрығы шықты. Прокуратура тікелей КСРО прокурорына бағынды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін прокуратураның құрылымы мен қызметі өзгерді, дегенмен, оның қызметінің басты бағыты ел заңдарының орындалуына бақылау жүргізу болып қала берді. 1991 жылдың 6 желтоқсанында «ҚазақКСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осы датаға орай күнтізбеде жаңа мереке — Прокуратура органдарының құрылған күні пайда болды.
— Өткен жылы Мемлекет басшысы «Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заңға қол қойды. Заңдылықты сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін пәрменді заң туралы айтып өтсеңіз…
— Конституциялық заң адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі ретінде прокуратураның мәртебесін нығайтады. Заң прокуратура органдарының мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Айталық, олар — адамның бұзылған құқықтарын, заңды тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және қалпына келтіру, құқық бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардаптарын анықтау және жою, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі қызметін үйлестіру. Бүгінде Бас Прокурорға жаңа өкілеттіктер берілді. Олар Конституциялық Сотқа жүгіну (халықаралық шарттардың, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексеру, Конституция нормаларын түсіндіру), азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот тәжірибесін түсіндіру үшін Жоғарғы Сотқа жүгінуге, шетелдік және халықаралық соттарда (төрелік) мемлекет мүддесін білдіреді.
—Биылғы жыл бойынша аудан аумағындағы криминогендік жағдайға өткен жылмен салыстырмалы түрде тоқталып өтсеңіз және қылмыстардың қай түрі жиі орын алады. Оның алдын алу мақсатында аудан прокуратурасымен қандай шаралар қабылдануда?
— Жалпы аудандағы криминогендік және саяси ахуал тұрақты. Осы жылдың 10 айындағы криминогендік жағдайға тоқталатын болсам, қылмыстылық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 8,1%-ға төмендеді. Атап айтатын болсақ, өткен жылы 235 криминогендік жағдай тіркелсе, осы жылдың 10 айында 216 криминогендік жағдай орын алды. Оның ішінде, ауыр қылмыстар – 6,8%, денсаулыққа ауыр зиян келтіру — 25%, тонау — 50%, ұрлық — 27,4%, мал ұрлығы — 33%, бұзақылық — 38,5% және жол-көлік оқиғалары — 40% төмендеп отыр. Дейтұрғанмен алаяқтық көрсеткіші өсіп отыр. Оның ішінде бүгінгі қоғамның мәселелеріне айналған интернет алаяқтығы 33-тен 55-ке көбейіп, 36%- ға өскенін байқауға болады. Аудан прокуратурасымен жүргізілген талдау жұмыстары аталған санаттағы қылмыстардың өсуіне тұрғындардың сенгіштіктері, аңқаулықтары, оңай табысқа жету ниеттерінің басымдығы, алаяқтармен байланысқа түскенде, ешкіммен ақпарат бөліспей әрекет етулері және құқықтық сауатсыздықтың төмендігі т.б. себеп болып отырғанын көрсетті. Еліміздегі азаматтар интернет сауаттылыққа теңдей ие емес, біреулері жаңа технологияларды жетік білсе, екіншілері базалық дәрежеде ғана пайдалана алады, ал үшіншілері одан да алшақ. Сол себепті, қазіргі таңда прокуратура қызметкерлерінің араласуымен интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында халық арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Аудан прокуратурасымен 2023 жылдың өткен кезеңінде тұрғындармен ғаламтор желісі арқылы алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың алдын алу мақсатында 6 кездесу өткізіліп, әлеуметтік желілерге 4 бейнеролик жарияланып, аудандағы маңызы бар 3 жерге билбордтар орнатылды.
—Өзіңізге мәлім, мемлекет мүддесін қорғау прокуратура органдарының басты басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты аудандық прокуратурамен ағымдағы жылы осы бағыттарда жүргізілген іс-шаралар нәтижесіне қысқаша тоқтатылып өтсеңіз.
— Мемлекет және қоғамдық мүдделерді қорғау саласында орын алған заң бұзушылықтар бойынша енгізілген қадағалау актілері негізінде 48 лауазымды тұлға тәртіптік, 21 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 32 заңсыз қабылданған әкімшілік қаулының күші жойылды және 309 тұлғаның құқықтары қорғалды. Ал мемлекет пайдасына 8,5 млн теңге кіріс кірсе, 2,6 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірілді. Мемлекет қорына кадастрлық құны 8,1 млн теңге құрайтын 3 жер учаскесі қайтарылды. Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген шаралардың нәтижесінде 139 жұмысшының 9 982 459 теңгеге әлеуметтік аударымдары, зейнетақы жарнасы және әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары төленді және 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осымен бірге, аурухана есебінде тұрған 21 азаматқа кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмек берілмеу деректері анықталып, прокурорлық ықпал ету актісімен 3 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, науқастар дәрі-дәрмекпен қамтылды. Аудандық білім беру ұйымдарында педагог қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу заңдылығына талдау жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталып, прокурорлық қадағалау актісі негізінде 42 педагог қызметкерге 1,7 млн теңге сауықтыру жәрдемақылары өтелді.
—Қазір мемлекет бизнесті қорғауға жеткілікті назар аударып отыр. Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша прокуратура тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
—Прокуратура органдары әрқашанда кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс жасап, олардың құқықтарын қорғауға басымдық береді. Біздің басым бағыттарымыздың бірі – осы сала болып табылады. Тұрақты түрде аудан прокуратурасының қызметкерлерімен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып кәсіпкерлермен кездесулер өткізіледі. Кездесудегі басты мақсатымыз — заңға түсіндірме беру және оларды әкімшілік кедергілерден қорғау. Мәселен, осы жылы 33 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Мысалы, мемлекеттік кірістер басқармасымен 32 кәсіпкерді заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту деректері бойынша наразылықтар енгізіліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылардың күші жойылды.
— Қоғамның тағы бір басты мәселесі – безбүйрек әкелердің баласына алимент төлеуден жалтаруы. Осы алимент төлемей жүрген әкелерге қандай жаза түрлері көзделген?
—ҚР Конституциясының 27-бабына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың құқығы әрі міндеті. Оның ішінде баланы асырау — ата-ананың міндетіне заңмен бекітілген. Бұл жерде ата-ананың некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы мүлде маңызды емес. Бүгінгі қоғамда сот орындаушыларын жағалаған алимент алуға мәжбүр болған аналар саны көбейіп отырғаны жасырын емес. Заң бойынша алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер көзделген. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 669-бабында 5 тәулікке дейін қамауға алу, ал Қылмыстық кодекстің 139-бабының санкциясында 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Өткен жылы 8 қасақана алимент төлемеген борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 1 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алимент төлеуден жалтарған осындай безбүйрек әкелермен күресті сот орындаушыларымен қатар прокуратура органдары да жүйелі түрде жүргізуде. Мысалы, осы жылы прокуратурамен тексеру барысында 2020 жылдан бастап алимент өндіру туралы сот шешімімен Мұғалжар ауданының тұрғыны Д. қасақана орындамағаны, табыс көзін жасырғаны анықталды. Прокуратураның тексеру материалы бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, іс сотқа жолданды. Соттың үкімімен борышкерге 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
— Әңгіменің бағытын өзіңізге қарай бұрсақ. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Жалпы прокурор қандай болуы керек?
-Барша адам бала кезінде бір мамандықты армандайды емес пе?! Бірі полиция, енді бірі дәрігер, келесісі мұғалім болғысы келеді. Ал менің оқушы кездегі арманым — заңгер болу еді. Мектепті аяқтаған соң алдыға қойған мақсатыма жету үшін жоғарғы оқу орнына – Қазақ Заң Университетіне оқуға түстім. Қолыма дипломымды алған уақыттан бері прокуратура саласында қызмет атқарып келемін. Қарап отырсам, оған да 20 жыл уақыт болыпты. Жалпы өздеріңізге белгілі, прокуратура мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Заңдылық пен құқықтық тәртіп – ел болашағының іргетасы. Прокурор болу үшін қойылатын талаптар да өте жоғары. Біріншіден бір жыл көлемінде арнайы алғашқы кәсіби даярлықтан өтіп, мүмкіндігіңді дәлелдеуге тиіссің. Прокурор әрине, білікті заңгер, жауапты қызметкер, талапшыл, өзіне сын көзбен қарап, сынды дұрыс қабылдай алатын, бастамашыл болып, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқара білуі қажет деп есептеймін.
2023 жылдың 10 айында:
216 криминогендік жағдай тіркелген
Интернет алаяқтығы 33-тен 55-ке көбейіп, 36%-ға өскен
Осы жылы 33 кәсіпкердің құқықтары қорғалды
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ