«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ НАТАЛЬЯ

Ақкемер ауылына іссапарға барған сәтімізде ауылдық амбулатория ауласынан молдован қызы Натальяны жолықтырдық. Жүзі жылы, мінезі жарқын келіншектің қасына жақындап, әңгімеге тартқанымыз сол еді, қазақшаға судай екенін білдік. «Қазақшаңыз тамаша екен, қайдан үйрендіңіз?» деген сұрағымызға «қазақтың келінімін ғой» деп күлімдеп жауап берді.

Қазақ отбасына келін болып түскен Наталья Сисенова Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында дүниеге келген. Кішкене кезінен қазақ балаларымен ойнап өскен оған қазақ тілін меңгеру ешқандай қиындық тудырмапты.

Менің ата-анам 1979 жылы яғни, мен дүниеге келетін жылы тың жерлерді игеру кезінде осы жерге Молдовадан көшіп келген. Әкемнің де, анамның да ұлты молдован. Сөйтіп біздің отбасымыз осында қоныстанып қалды. Мен сол Көктөбе ауылында туып-өстім, мектепке бардым, бойжеттім. Орыс сыныбында о қығаныммен, сыныптастарымның көпшілігі қазақтар болды. Қазақ халқы өте бауырмал, қонақжай халық, — деді ол.

Жолдасы шалқарлық Жылқыбаймен Ақкемер ауылында танысып, табысыпты. Қазақ отбасына келін болған Наталья қазір көп балалы ана, үш ұлы, бір қызы бар. Өзі алғаш келін болған сәттерде анау айтарлықтай қиындықтардың болмағанын айтты. Оны қайын жұрты жылы қабылдап, білмегенін үйреткен екен.

Баламның үлкені 18-де. Бүгінде Ақтөбе қаласында медициналық колледжде фельдшер мамандығы бойынша білім алуда. Екінші ұлым өмірге ерекше болып келді. Бүгінде шүкір, денсаулығы бірқалыпты, ауыл мектебінде оқиды. Кіші ұлым сондай пысық. Сабағына да, түрлі үйірмелерге де үлгеріп жүреді. Кенжетайым – қыз. Мектепалды даярлық тобына барып жүр. Жолдасымыз екеуіміз бір-бірімізді түсініп, әдемі сыйластықта өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі күнімізге шүкіршілік етеміз. Өзім ауылдағы амбулаторияда күзетші қызметін атқарамын. Ал жолдасым ауылдағы шаруа қожалығында жұмысшы, — деді Наталья Сисенова.

Оның сөзінше, молдовандар мен қазақтар арасында дәстүрде, мәдениетте ұқсастықтар жоқ. Алайда өзі қазақ дәстүріне етене жақын. Ислам дінін қабылдамаған. Дегенмен қазақтардың дініне, салт-дәстүріне үлкен құрметпен қарайтынын жеткізді. Отбасында екі ұлттың да салтжоралғыларын барынша ұстануға тырысады. Өзі өзге қазақ келіндері секілді үлкендерге еңкейіп сәлем сала алмайтынын да айтты. Себебі ата-енесі ондай талап қоймапты. Бірақ дастарханнан табақ алу сәтінде сәлем салады екен.

Сөз соңында кейіпкеріміз: «1 мамыр – Бірлік күнінің басқа мерекеден ерекшелігі – барша халықты ұлт пен ұлысқа бөлмей, тең қарап, олардың бір-біріне деген бауырластығын арттыруында. Мереке қарсаңында барлық мұғалжарлықтарды бірлік күнімен құттықтаймын! Әрқашан бейбітшілік пен тыныштық болсын!», — деп ізгі тілегін білдірді.

Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАУДА

admin_mugalzhar

БҮГІН БІЗДІҢ МЕРЕКЕ

admin_mugalzhar

Су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғын көмексіз қалмайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.