Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназиясының 4 «К» сыныбының оқушысы Алина Меңдібаеваға сәлемдеме келді. Хат пен сыйлықты оқушыға Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов табыстады.
Көпбалалы толық отбасында өсіп жатқан Алинаның жасы — 10-да. Мектеп директоры Данагүл Ибрашеваның айтуынша, Алинаның оқу үлгерімі — орташа, бірақ, тәртіпті, жауапкершілігі мол, тілалғыш, бауырларына қамқор.
— Біздің мектепте Алинаның екі ағасы оқиды. Біреуі 9-сыныптың, екіншісі 6-сыныптың оқушысы. Үш жастағы егіз інілері «Бақытты бала-2» балабақшасына барып жүр. Анасы бала күтімі бойынша декреттік демалыста — дейді мектеп директоры.
Алинаның өзі сабақтан тыс уақытта сурет салғанды жақсы көретінін айтты. Ол ел Президентіне хатты 22 желтоқсанда жазып жіберіпті. Жазған хатына жауап тез келеді деп ойламаған.
Аудан басшысы Дархан Ермағанбетов әуелі Алинаға ел Президенті жолдаған хатты оқып беріп, Елордадан жеткен жаңажылдық сәлемдемені: Алинаға — велосипед, бауырларының бәріне жаңажылдық тәттілер жиынтығын табыстады, Меңдібаевтар отбасын келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, Алина мен оның бауырларына сабағын жақсы оқып, қатарының алды болуын тіледі.
Алина да хатына жауап жазып, сыйлық сыйлаған Президентке, сәлемдемені жеткізген аудан әкіміне рақметін айтты.