«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БИЫЛ 8 МЫҢ АҚТӨБЕЛІК ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТЫН АРТТЫРАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, Amanat партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырған-ды. Осы орайда биыл еліміздің барлық өңірінде шамамен 200 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Оның ішінде облысымызда 8 мың тұрғын тегін курстан өтіп, қаржылық сауатын арттырады, — деп жазды Ақтөбе газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

200 мың адам оқу курсына қатысады

Наурыз айының басында Астана қаласында Amanat партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасының аралық қорытындысын шығарды. Биыл қаңтар-ақпан айларында ел аумағында 15 мың адам қаржылық сауатын арттырып, оқыту курстарынан өткенЖобаға қатысушылардың 75 пайызы — әйелдер. Олардың жартысынан көбі — көпбалалы аналар. Партия аналарға оқу курсын тәмамдап, кейін мүмкіндігіне қарай жеке кәсібін бастауға көмектеспек. Яғни курсқа қатысушылар қайтарымды грант пен лизингке құрал-жабдықтар ала алады. Мұндай бастама жыл соңына дейін еліміз бойынша 3500 әйелдің жеке кәсіп ашуына мүмкіндік береді.

Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент ел азаматтарының шамадан тыс несие алуы мәселесіне бірнеше рет назар аударғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыру қажет.

— Өздеріңіз білетіндей, партия «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаманы қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкімет пен «Ұлттық банк» қосылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Барлық аймақтағы тұрғындар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр, — деді ол.

Партия төрағасы айтқандай, биыл бұл жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде 200 мың қазақстандық өз қаражатына жауапкершілікпен қарап, табысын арттырудың әдіс-тәсілдерін үйренеді. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша жоба аясында 750 мың адам қамтылады.

Жастар да қаржы үнемдеуді үйреніп жатыр

Биыл 5 ақпаннан бастап облыста «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универсиеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің базасында 4 тренер-ментор қатысушыларды оқытып жатыр.

Жоба сарапшысы, ментор Жанар Балғабаеваның айтуынша, жобаға қатысушылар бес күн бойы теориялық білім алады. Сондай-ақ жеке сауалдары бойынша оларға менторлар мен заңгерлер тегін кеңес береді.

— Оқыту курсының мақсаты — тұрғындарға, сондай-ақ жастарға жан-жақты білім беріп, олардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру. Өз қаражатын тиімді жұмсауға, несие алғанда қандай алғышарттарды назарға алу керектігін үйретеміз. Қазіргі таңда облыста 649 адам оқу курсын сәтті аяқтап, сертификатын алды. Олардың дені — әйел адамдар. Көбінің мойнында несиесі бар. Ал оқу курсына қатысқан 200 адам — 18-35 жас аралығындағы жастар. Олардың қатарында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 4-5 курс студенттері бар. Олар қаржыны қалай үнемдеу керектігін, қалай қаржы жинауға болатынын үйреніп жатыр. Жалпы, жастардың бұл тұрғыда белсенділігі де, қызығушылығы да зор, — дейді ол.

Ментордың айтуынша, алдағы уақытта облыстағы жоғары оқу орындары мен мектептерде қаржылық сауаттылықты арттыру курстары оқу бағдарламаларына енгізіледі. Соның нәтижесінде жастар қаржыны үнемдеп жұмсауға үйренеді, ата-анасының тапқан табысын бағалайтын болады.

Айта кету керек, әзірге оқыту курстары тек облыс орталығында ғана жүзеге асырылуда. Күн жылынған соң тренерлер аудандарды аралап, ол жердегі тұрғылықты халықты қаржылыққа сауаттылыққа үйретеді. Жоспарға сәйкес биыл жыл аяғына дейін Ақтөбе қаласында — 3650, ал аудандарда 4350 адам оқу курстарынан өту керек.

Жобаға қатысушы жастардың бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Аружан Өтешова. Бес күндік оқу курсына қатысып, білімін жетілдірген ол мұндай жобалардың жастар үшін маңызы зор екенін айтады.

— Біріншіден, қаржылық сауаттылық өз ақшаңызды үнемді, есептеп жұмсауға үйретеді. Сондай-ақ оқу курстарының арқасында отбасы мүшелерінің де табысын бағалауды үйренесің. Несие алудың кемшіліктерін, қарыздан құтылудың жолдарын білесің. Жалпы, қазіргі нарық заманында осындай курстардың болғаны дұрыс. Егер осы жоба сәтті жүзеге асырылса, соның арқасында еліміздегі азаматтардың әл-ауқаты және өмір сүру деңгейі жақсарады. Себебі қазір несие алып, қарызынан құтыла алмай жүргендер өте көп. Осы орайда қызықты да пайдалы оқу курсын ұйымдастырушыларға ерекше ризашылығымды білдіремін. Оның ішінде бізге бес күн бойы дәріс берген қаржы сарапшысы, тренер Айгүл Түлкібайқызына алғысым зор, — дейді Аружан.

Жоба аясында қаржылық сауаттылығын арттыру курсына жазылған Ақтөбе автожол колледжінің физика пәнінің оқытушысы Айгүл Ізтілеуова қазір азаматтардың көбі ақшаны дұрыс жұмсаудың жолын білмейтінін айтады.

— Курсқа қатысып, бес күннің ішінде қолымдағы қаражатты мақсатты жұмсауды, несиені мерзімінде қайтаруды, әртүрлі банктен депозиттер ашуды үйрендім. Бұл — мен үшін құнды ақпарат. Сондай-ақ тренер бізге алаяқтардан қалай қорғану керектігін, қосымша табыс табудың жолдарын, ай сайынғы жалақыдан қаржы жинау әдіс-тәсілдерін үйретті. Бұрын мен осындай курсқа қатысқым келген, алайда көп жерде ақылы болғандықтан қолым жетпей келді. Енді тегін курс бар екенін достарыма, туыстарыма, әріптестеріме айтып жүрмін. Мұндай курстар нарық заманында кез келген адамға қажет, — дейді ол.

Білім беру саласында 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз мұндай курстардың әйел адамдарға жиі ұйымдастырылғанын құп көреді. Себебі көп отбасында қаржыны әйелдер ұстайды.

— Ақтөбе автожол колледжінде 25 жылдан бері қызмет атқарып келемін. Осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерім жетерлік. Отбасында екі бала тәрбиелеп отырмын. Ұстаз және ана ретінде жастардың осындай жобаларға қатысқанын, қосымша білім алғанын жөн көремін. Қазір мен қаржылық сауаттылық курсынан оқып-түйгендерімді балаларыммен, шәкірттеріммен бөлісіп жатырмын. Жалпы есеп жүргізу, қаржыны үнемдеп жұмсауғ қатысты біз білмейтін ақпараттар көп екен, — дейді ол.

 

Курс оқып, кәсіп ашты

Жоғарыда атап өткендей, бүгінде өңірімізде аталған жобаға қатысқан әйелдердің кәсіп ашуына жан-жақты жағдай жасалып жатыр. Мәселен, былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысқан хромтаулық Құндыз Шартикова қазір тігін тігіп, табыс тауып отыр.

Көпбалалы ана жоба сарапшыларының көмегімен құжаттарын жинап, 1 миллион 300 мың теңге грант жеңіп алған. Бұл қаражатқа екі тігін машинасын сатып алыпты. Қазір үйден ұлттық нақыштағы көрпелер мен қыз жасауын тігеді. Сондай-ақ тойға арналған түрлі сыйлықтарға тапсырыс қабылдайды.
— Негізгі мамандығым — есепші. Бірнеше жыл аудандағы құрылыс бөлімінде қызмет еттім. Тұрмысқа шыққаннан кейін бала күтімімен ұзақ уақыт бойы үйде отырдым. Былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы естіп, тегін курсқа қатыстым. Курста қаржылық сауатымды арттырып, ақшаны қалай үнемдеу, жұмсау керектігін үйрендім. Жалпы, біз қаржыны жинаудың, жұмсаудың көп тетіктерінен хабарсыз екенбіз. Ақшаны табамыз, бірақ қалай жарату керек екенін білмейміз. Биыл, міне, осы жобаның арқасында жеке кәсіп аштым. Қазір жасаған бұйымдарым мен тіккен көрпелеріме сұраныс жоғары. Аудан тұрғындарынан түсетін тапсырыс көп. Осы кәсібімнің арқасында отбасындағы табысымыз артып, қазір балаларыма керек дүниелерді тартынбай алып беремін, — дейді ол.

Төрт баланың анасы Құндыздың қолынан шыққан дүниелердің барлығы ерекше. Құраған, тіккен бұйымдары көздің жауын алады. Қаз-қатар жиналған құрақ көрпелер мен кестеленген, оюланған жастықтар үйге ерекше сән береді. Әр көрпеге салынған өрнектер де әртүрлі. Шебер келіншек болашақта кәсібін кеңейтуді армандайды.

«Ақтөбенің» анықтамасы

«Қарызсыз қоғам» пилоттық жобасы былтыр облысымызда мамыр-желтоқсан айлары аралығында жүзеге асырылды. Осы мерзім ішінде облыс бойынша 8 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Оның 74 пайызы — ауыл тұрғындары. Ал жалпы еліміз бойынша Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өтті.

 

Тағы бір дерек

Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруға 9 коммерциялық банк пен 11 мемлекеттік орган атсалысып жатыр. Жобаға қатысуға ниет білдірушілерге ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленген. Сайт арқылы оқыту курсына жазылып, пайдалы материалдар мен бейнесабақтарды жүктеп алуға болады.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандық оқушылар 1 наурыздан бастап қалай оқиды? Білім және ғылым министрлігі түсіндірді

admin_mugalzhar

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты 13 қыркүйек күні Этноауылда өтеді

admin_mugalzhar

ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ЖАН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.