«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АМАЛ — НАУРЫЗДЫҢ БАСЫ

14 НАУРЫЗДЫ ЕЛІМІЗДЕ «АМАЛ МЕРЕКЕСІ» НЕМЕСЕ «КӨРІСУ КҮНІ» ДЕП АТАЙДЫ. АЛАЙДА ҚАЛЫҢ КӨПШІЛІК АМАЛ МЕРЕКЕСІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ МЕН МӘН-МАҒЫНАСЫН, ТОЙЛАУ ДӘСТҮРІН БІЛЕ БЕРМЕЙДІ. «БІЛЕСІЗ БЕ?» ДЕГЕН СҰРАҚТЫ ОҚЫРМАНДАРЫМЫЗҒА ҚОЙЫП ТА КӨРДІК. СОНЫМЕН… БІЛЕРІ БАРЛАРДЫҢ ДЕГЕНІН ТӨМЕНДЕ ОҚИ АЛАСЫЗДАР…

Нұрлыгүл ТЕМІРБАЕВА, Қандыағаш қаласы: 70 ЖЫЛ ТЕПЕРІШ КӨРСЕК ТЕ, ДӘСТҮРІМІЗ ҰМЫТЫЛҒАН ЕМЕС

Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің Батыс өңірі ғана «Амал күнін» тойлап, көріседі. 70 жылғы боданнан еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған десе де болады. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде «Көрісу» салтын жасап келген деген дерек бар. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігі дәлел: «14 март — ескіше 1март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың Ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғыаты — Наурыз, бұлпарсы тілі, «жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, оразаайттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақмол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жолболар» деген ескі түсінік те бар». Білуімше, Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды екен.

Шамшат ӘБДІРЗАҚОВ, Қандыағаш қаласы: БҮГІНДЕ АМАЛ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНЫП ЖҮР

Жалпы осы мереке Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының кейбір бөліктерінде тойланатын мереке. Кеңес дәуірінде ұмытылған ұлттық мерекелеріміз көп. Өзімнің есімде әжемнің «бұл күн — Ұлыстың Ұлы күні» деп айтып, бауырсақ пісіретіні қалыпты. Балалық шағымда бұл күн кең көлемде тойланбады, көңіл де бөлінбеді. Тек үлкен ата-әжелеріміз еске алып отыратын. Тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз мерекесі кеңінен тойланып келеді. Өткен жылы көрісу күнін алғашқылардың бірі болып музей ұжымы ұлттық киім киіп, ыстық бауырсақ таратып, білім ордаларын және басқа да мекемелерді құттықтап шыққан еді. Жалпы Амал күнін тойлайтын Батыс өлкелерінің ауа райының қолайсыз болуына байланысты, қыстан аман шыққасын, бір-бірімен төс қағыстырып, жаңа жастарымен құттықтап, қуанышпен кездеседі. Осы күндері мерекелік дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылады. Қонақжай қазақ халқы құшақ жая қонақ күтеді. Осы күні көршілес үш үйге құттықтап бару керектігі есімде бала күннен бері сақтаулы. Бүгінде Амал күні барлық Қазақстан аумағында ұлттық мерекеге айналып келеді. Осы мереке бір күнмен шектелмей, ай бойы жалғасын табатын мереке деп есептеймін.

Жұмагүл АСАБАЕВА, Қандыағаш қаласы: КӨРІСУ — АДАМДАРДЫ ЖАҚЫНДАСТЫРАДЫ

«Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» деп Абай атамыздың жазғанындай, еліміздің қай өңірінде болса да, мал баққан қазақ халқы үшін көктемәсері өте күшті болған. Қысты күндері таудың қолат қуыстарына тығылып, жан баққан халқымыз көктем келіп, қар көбесі сөгілісімен қайта еңсе тіктеп, ауыздары аққа тиіп, бірін-бірі іздеуге көшкен. Алыстан қонақ келе ме, қалың елден хабар айта ма, ел ішінде не жаңалық бар екен деп елеңдесіп отырған. Сондықтан да халқымыз көктем мерекесін ұзақ тойлаған. 14 наурыз біздің қазақ елінің Жаңа жылы. Жаңа жылда бірбірімен қауышып, көріседі. Көрісу деп жасы кішілер үлкендерге барып, міндетті түрде келіндер иіліп сәлеметіп, жігіттерекіқолдапамандасып, көрісіп келеді. Бұрыннан қалыптасқан салт беріректе ұмытылып, 1989 жылданбастапқайта бойымызға сіңіріп, мереке ретінде тойлау үстіндеміз. Көрісу дегеніміз адамды-адамға жақындату, үлкендісыйлаудыүйрету, бірінбірі қадірлеу, сол арқылы кімнің кім екенін білу болып табылады. Себебі арада қатынас болмаса, адам баласы жат болып кетеді. Наурызда жаппай ел болып той тойласа, аламалкүніндетекағайынына барып көрісесің.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Қандыағаш қаласы: МЕН ҮШІН ОРНЫ БӨЛЕК КҮН

Көрісу күнінің мен үшін алатын орыны ерекше. Себебі біз бала кезімізден осы мерекені тойлап өстік. Менің туып-өскен ауылымда наурыз айының 14-нен бастап 22-не дейін Наурыз мерекесі кең көлемде тойланады. Наурыз жақындаған уақытта барлық үйде тазалық жұмыстары жүргізілетін. Үйлеріміздің іші-сырты тазаланып, қора-қопсы жиналып, ескіқұсқы лақтырылатын.

Наурыздың 14-ші жұлдызы туғандаауыладамдарыәдемі, жаңа киімдерін киіп, үй-үйді аралап, бірі-бірінің қолын алып, «жылыңыз құтты болсын» деп жылы тілегін айтып, төс қағыстырып, көріседі. Ауыл жастары жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіреді. Әжелеріміздің қара қазанға дайындаған наурыз көжесінің дәмі әлі күнге дейін тілімде сақталып калыпты. Қайран әжем наурыз көженің қамын ертерекжасайтын. «Ұзынсарыға» деп сүбелі сыбағаларын, қазы-қарталарын сақтайтын. Ақ бидайын түйіп, өрік-мейізі мен тәттісін қамдайтын. Ыстық бауырсақтарын пісіріп, сары майын шығарып, жаңа туған сиырдың сүтінен уыз қатырып, құрт-ірімшіктері мен сарысуын, тары-талқанын қойып, дастарханды жайнатып жіберетін. Наурыз көжені тау кесеге құйып беріп, «осыны тауысып ішсең, жыл бойы тоқ жүресің» депайтатын. Бір апта бойы үй аралап, наурыз көше ішкен ауыл тұрғындары 22 наурызды үлкен той етіп тойлайды. Бұл күні бірнеше киіз үйлер тігіліп, мал сойылып, қазан-қазан наурыз көже мен палау асылып, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ауылдың алты ауыздары ән мен жырдан шашу шашып, жарапазан айтып, мерекенің көрігін қыздырып, ақсақалдардан бата алады.

Менің туып-өскен өлкемде Көрісуге байланысты тағы бір дәстүр қалыптасқан. Тұрмысқа шыққан қыз жыл шыққанда яғни жер-аяғы кеңіген жазғытұрым мезгілде төркін жұртына күйеуімен балашағасын алып, көрісіп келіп, құтты қонақ болады . Мұндағы мақсат – өзінің жылдан аман шыққандығын білдіріп, төркінінің есендігіне көз жеткізу.

Бұл дәстүр менің туған ауылым Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылында әлі күнге дейін сақталып, тойланып келеді. Келін атанып, Қандыағашқа тұрмысқа шыққан кезімде Көрісу күнінің тойланбайтынына куә болдым. Мереке 22 наурыз күні жалпы халықтық мереке ретінде тойланады екен. Дегенмен соңғы жылдары Көрісу күнін республика көлімінде тойлау үрдісі басталды. Әрине, бұл бастама қуантады. Жалғасын тапса дейміз…

Жансай ТАЛДЫҚОВА, Қаракөл ауылы: БАР ТІРШІЛІК ОЯНАДЫ ОСЫСӘТТЕ…

Тарихқа көз салсақ, Амал мерекесінің 14 наурызда тойлануының бір себебі күнтізбенің алмасуында жатыр. Әлем жұртшылығы шаруаның жайына қарай, қардың еруі, өзендердің тасуы, құстардың көктемде келіп, күзде қайтуын ескеріп, осы құбылыстардың қайталануын жыл деп есептеп, табиғи күнтізбелер жасаған. Қар еріп, көктем шыға бастағанда, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянатыны белгілі. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузына шығып, басын қылтитып далаға қарайтын көрінеді. Осы кез 14 наурызбен тұспа-тұс келеді екен. Бұл көріністі далалықта, құмдауыт жерлерде бақылауға болады. Көрісуде ер мен әйелге шектеу қойылмайды. Ер адамдар қос қолын ұсынып көріссе, әйелдер жағы бір-біріне алақанын тосып, әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді. Ал атасы немесе қайынағалары келіндерімен қол алысып көрісуге болмайды. Жатжұрттық деп саналатын, ұзатылған қызға ағайын-тумасы үлкен болсын, кіші болсын артынан іздеп барып, арнайы көріскен.

Асқар ОТАРБАЕВ, Қандыағаш қаласы: МЕРЕКЕ ҚАЙТА ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Көрісу күнінең алғаш осыдан 10 жыл бұрын студенттік кезде естідім. Бұл мерекенің жаңғыруында маңғыстаулықтардың үлесі ерекше. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде осы мереке халық арасында қайта түлеп келеді. Халқымыз қыстан аман шықтық деп ағайын-туыс, көрші-көлем, дос-бауырлар бір-бірімен көрісіп, құшақтасып амандасып жатады. Бір-бірінің үйіне, әсіресе, үлкендерден хабар алып, қонаққа барады. Өте қуантарлық жағдай. Халқымыздың бірлігін арттыратын осындай күндер бізге қажет деп ойлаймын. Барлық жерлестерді мерекемен құттықтаймын!

Мира БАЙСЕҢГІРОВА, Жұрын ауылы: ҚАРИЯДАН БАТА АЛАТЫН УАҚЫТ

Наурыз – мал төлдеп, біреу екеуболып, ағашбүржарып, дән себіліп, бұлақтың көзі аршылып, соқа сайланатын, көктемгі шаруаға екпін бітетін ырысты еңбектің тойы. Бейнесі ғибрат пен өнегеге толы Қыдыр ата қолынжайып, таяғыннұсқап, күн мен түн, бай мен кедей, хан мен қараша теңелген, табиғат-ана тамылжып, қара тас та мейірімнен балқыған осы асыл сәтте бата берсе, адам баласының басына бақ пен ырыс қонады деп иланады ел. «Қырықтың бірі Қыдыр» деген ұғыммен халқымыз жасы ұлы қариядан бата алып, өсиетін естуге, аманатын арқалауға әсіресе, әз Наурызда құштар болған. Қарияның ақ батасын алуға, ықыласына ие болуға асығып, ізет пен инабат, әдеп пен әдемілік сайысына түскендейкүйкешуі – халқымыздың ата салты.

Амангүл ҚАРАШБАЕВА, Қандыағаш қаласы: АМАЛ — АУЫЗБІРШІЛІК МЕРЕКЕСІ

Амал мерекесінің бүгінгі қоғамдағы маңызы жоғары. Бірлік пен татулықты ту еткен мереке қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Ал Наурыз – тек қазақ халқының ұлттық мейрамы емес, барша Қазақстан халқының ынтымағын арттырып, ырысын еселейтін айтулы жалпыхалықтық мереке. Біз алдағы уақытта Наурыздың негізгі идеялық мазмұнын осы жалпы халықтық сипатпен жан-жақты өркендете беруіміз керек. Арайлы күннің шуағы төгіліп, табиғаттүлегенәзНаурызда халқымыздың мейірбандығы мен ырысы тасып, ынтымағы артып, мемлекетіміздің күш-қуаты кемелдене берсін! Ұлыс оң болсын, халқымыздың басына бақ қонып, Қыдыр дарысын!

Дайындаған А.МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

«Отбасы банк» тұрғын үй алу үшін кезекте тұрғандардың бастапқы жарнасын төмендетеді

admin_mugalzhar

Кадрлық резервке белсенділер іріктелуде

admin_mugalzhar

ЗАҢГЕР: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАРДАП ШЕКПЕЙДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.