«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

НАСЫБАЙ: САТУШЫ ДА, САТЫП АЛУШЫ ДА ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН

НАСЫБАЙ, НАСЫБАЙ! НАСЫБАЙЫМ БОЛМАСА, АУЫРАДЫ БАСЫМ-АЙ!» ДЕП КЕЛЕТІН ЕСЕРЛЕУ ӨЛЕҢ ЖОЛДАРЫН КӨПШІЛІГІҢІЗ ЕСТІГЕН БОЛАРСЫЗ. ЕСТІ АЛАТЫН ЕСІРТКІЛІК ҚАСИЕТІ БАР БҰЛ ЗАТТЫҢ ӨЛЕҢГЕ АРҚАУ БОЛҒАНЫ ҚҰМАРЛЫҚ ПЕН ТӘУЕЛДІЛІКТЕН-АУ, СІРӘ! ИӘ, ЕРІНГЕ САЛЫП, ЕРСІ ҚЫЛЫҚ КӨРСЕТЕТІНДЕРДІҢ ҚАРАСЫ КӨП БҮГІНДЕ. БЕЙРЕСМИ АҚПАРАТТАРҒА СҮЙЕНСЕК, УЛЫЗАТҚА ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ЕРТЕҢІ БОЛАР ҰРПАҒЫМЫЗДА – ТЫМӘУЕС. НАСЫБАЙДЫҢ ЗИЯНЫ МЕН ҚАУПІН КӨРГЕН БИЛІК ТЕ БҰЛ МӘСЕЛЕНІМЫҚТАП ҚОЛҒА АЛУҒА КІРІСТІ. ЕНДЕШЕ, ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЖӘНЕ ЖАСАЛАР ЖҰМЫСТАР ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…

НАСЫБАЙ САТҚАНҒА АЙЫППҰЛ – 92000 ТГ

Мемлекет басшысы жоғарыдағы сөздерді Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан еді. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі ел бойынша темекі өнімдерін тәркілеу рейдтері мен жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізуде. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде көптеген өңірлерде насыбай өндіретін цехтардың жұмысы тоқтатылып, сауда орындарынан тонналаған насыбай өнімдері тәркіленіп, көзі жойылды.

Бұл шара аудан аумағында да жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімінің мамандары сауда орындарын аралып, насыбай сататын саудагерлермен түсіндірме жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жақында ғана аудандық полиция қызметкерлері «Насыбай» атты жедел профилактикалы қ іс-шара ұйымдастырды. Бұл шараның мақсаты – темекі өнімдері мен насыбайды сатуға тосқауыл болу және сатудың алдын алу. Аталған шара аясында аудан аумағындағы елді мекендерге барып, сауда орындары мен азық-түлік дүкендерін аралап, саудагерлер мен дүкеншілерге насыбай сатуға болмайтынын, сатқан жағдайда жауапкершілікке тартылатынын айтып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертілді. Жүргізілген ісшара нәтижесінде насыбай сату бойынша бір дерек анықталды. Дүкен иесіне насыбай сатқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 196 бабы бойынша айыппұл салынды. Сонымен бірге рұқсатсыз темекі өнімдерін сатып, заң бұзушылыққа жол берген үш дүкен иесі анықталды, — деді жергілікті полиция бөлімінің басшысы Самат Абдиров.

Бөлім басшысы заңмен насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделгенін айтады. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл көзделгенін де мәлімдеді. Оның сөзінше, насыбай сатып алушыға ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Бірақ қоғамдық орындарда түкіру дерегі тіркелген жағдайда ҚР ӘҚБтК 434 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты.

БАЗАРДА САТЫЛМАЙДЫ, БІРАҚ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Мақала дайындау барысында газет журналистері өз тараптарынан насыбай саудасын бақылау үшін Қандыағаш қаласындағы сауда орындарын аралады. Алдымен «Сары базарға» бас сұғып, есік алдындағы сатушы Шолпан апаны сөзге тарттық. Ол бүгінде насыбайды сатпайтынын, бірақ сұраушылардың көп екенін айтты.

Президентіміз насыбай сатуға тыйым салғалы сатып жатқан жоқпын. Заңмен тыйым салғасын, заңға бағынамыз. Жақында полиция мамандары келіп, түсіндіріп, ескерту жасап кетті. Дегенмен насыбай іздеушілердің қарасы көп. Себебі темекі қымбат тұрады. Ал жалақысы аздар үшін насыбай тиімді. Бағасы да қымбат емес. Бір қорап темекінің бағасы 950 теңге тұрады. Оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Бұрын насыбайдың кішкене пакетін 100 теңгеден, орташа шыныдағысын 400 теңгеден, үлкен шыныдағысын 800 теңгеден саттық. Біз насыбай сатқанымыз үшін салық төлемейміз, ал темекіге төлейміз. Менің ойымша, осы жағдайға байланысты тыйым салып жатқан секілді. Әрине, бұл тек өз ойым, өзге себептерін білмедім, — деді Шолпан Төлеуова.

Біз сатушымен әңгіме-дүкен құрып тұрғанымызда, қасымызға насыбай іздеген бірнеше адам келді. Бірақ іздегенін таппай, бәрі де құр қайтты. Насыбай іздеушілердің насыбайдың тыйым салынуына байланысты пікірлерін сұраған едік. Көбісі жауап беруден бас тартты. Ішінде біреуі ғана әскерде жүріп үйренгенін, бүгінде қоюға тырысса да түк шықпай жүргенін айтып, ағынан жарылды. Бірақ есімін жариялауға қарсылық білдірді.

Насыбайды атып жүргеніме 15 жылдай уақыт өтті. Шақшамды күніне бір реттен толтырмасам, көңілім көншімейді. Бұл жаман әдетті армияда үйрендім. Сан рет тастауға ұмтылғаныммен, онымнан түк шықпады. Тіпті, насыбайдан арылу үшін темекі де тартып көрдім. Бірақ қымбат болған соң, насыбайға қайта көштім. Себебі бағасы арзан тұрады. Аталарымыз ертеден бері насыбай атады. Онда тұрған ештеңе жоқ секілді. Бұл тек әуестік қой, — деді ол.

Осы кезде жанымыздан өтіп бара жатқан бір жан әңгімемізді естіп, бізге беттеді. Ол насыбайдың зиянын тізіп, бүгінде бұл затқа жастардың да әуес екенін жеткізді.

Құрамы мен жасалуы белгісіз затқа жұрттар қалай үйір болады екен?! Сырт көзге қараудың өзі жиіркенішті. Насыбайдың кесірінен түрлі жаман аурулар пайда болып жатыр. Сол себептен заңмен тыйым салғаны жақсы болды. Адамдар осыны біліп тұрып, қалай ататынын түсінбеймін, — деп тітіркенді.

Біз одан әрі даладағы жайма базарда тұрғандарды сөзге тарттық. Олар біздің қолымыздағы фотоаппараттан сескенді ме, әлде шынымен сатуды доғарған ба, білмеймін, әйтеуір насыбай сатпайтындарын айтып, қысқа қайырды.

ҚҰРАМЫНДА РАДИОАКТИВТІ ҚОСПАЛАР КӨП

Осылайша базардағы адамдардың насыбайға деген пікірі екіге бөлінді. Ал дәрігерлер насыбайдың денсаулыққа өте зиян екенін, болашақта ұрпақсыз қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Аудандық аурухананың салауаттыөмірсалтынқалыптастыру кабинетінің дәрігері Светлана Инесова жастарды бұл жаман әдеттен алшақтату мақсатында мектептер мен колледждерді аралап, жат қылықтарға байланысты түрлі тәрбие сағаттарын ұйымдастырып жүретінін айтты.

Мен мектептерде оқушылармен көптеген кездесу ұйымдастырамын . Мақсатым – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Насыбайдың зияны туралы түрлі бейнероликтер көрсетіп, синтетикалық заттардың зардаптары туралы да толыққанды мәлімет беремін. Бүгінде бұл жаман қылықты әдетке айналдырғандар өте көп. Оның көпшілігін жастар құрайды. Мен бұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын, — деді дәрігер Светлана Сатқанқызы.

Терапевт дәрігер Ақерке Ұзынтілеуова да насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп екенін растады. Оның сөзінше, насыбай ату — темекі тарту, араққа салыну, нашақорлық тәрізді дерт болғандықтан, оған үйренгендер бір мезет насыбай атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі екен. Оныңқұрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе обырын тудыратын әртүрлі радиоактивті қоспалар қосылады.

Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа да әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді. Сондықтан насыбайдан аулақ болған жөн. Соған қарамастан, кәрі де, жас та насыбайды еріннің астына салып атады. Сол себепті насыбай ататындардың 80 пайызының ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі ісікке ұшырап ауырады. Әуелі қызық үшін насыбай ататындар кейін оған әбден әуестеніп, үйреніп кетеді де, насыбай атпаса басы ауырып, айналады, тамаққа зауқы соқпайды, сөйтіп, насыбайға тәуелді болып қалады. Насыбай никотинді тәуелділікті тудырады. Никотин ағзадағы барлық қантамырларды тарылтып, нәтижесінде ми, жүрек және басқа ағзалар оттегілік ашығуды сезе бастайды. Оның салдары инсульт, миокард инфарктісіне, тағы да басқа көптеген ауруларға әкеліп соғады. Сонымен қатар жасөспірімдерде есте сақтау қабілетінің бұзылысы, мидағы психологиялық өзгеріс байқалып, ауыз қуысы мен көмейдің обырына алып келеді. Адам денсаулығына қауіпті болғандықтан сақтанған абзал, — деді дәрігер.

Насыбай ататындардың есіне:

  • Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісігін тудыруы мүмкін;
  • Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықылас азаяды;
  • Әйелдер насыбай атса, ішіндегі баланың денсаулығына зияны тиеді;
  • Тыныс алу жолдары қабынады;
  • Ұйқысыздыққа апарады;
  • Адамды ерте қартайтады;
  • Ауызы мен үстінен жағымсыз иіс шығады;
  • Тамаққа деген тәбетті жояды, адам ағзасы әлсірейді;
  • Рухани күйзеліске ұшыратады;
  • Насыбай ату адам жасын қысқартады.

ТҮЙІН

Жоғарыда насыбайдың зиянын тізбектеп жазып шықтық. Заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын да айттық. Оқыған адам ойланар, бәлкім. «Көңіліміз бір атым насыбайдан қалатын қазақпыз» дейміз тағы да. Ендеше, сол көңілімізді қалдырған насыбай бір ғана адамның емес, түгелдей ұлттың денсаулығына қауіп төндіріп, бәріміздің көңілімізді қалдырып жүрмесін дейік…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ӨНДІРІС ОШАҒЫ ШОҒЫРЛАНҒАН МЕКЕН

admin_mugalzhar

Референдумның алдын ала нәтижесі белгілі болды

admin_mugalzhar

Ақтөбеде магистральды газ бұру құбырының 3-ші желісі салынады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.