Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, жазылмаған өз заңы, орнаған өз тәртібі бар. Үйдегі кейбір үрдістер атадан балаға аманатталып жатады. Тіпті сол әулеттің өз салт-дәстүріне айналады. Халықаралық отбасы күні қарсаңында оқырмандарымызға «Сіздің үйдің өз дәстүрі, жазылмаған заңы бар ма?» деген сауал жолдадық. Отбасы құндылығын шаңырағындағы әдеттермен әдіптей білген жандардың жауабы төмендегідей болды…
—Отбасы күні қарсаңында мен өз отбасымның салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы айтқым келеді. Көптен күткен мерекелердің бірі – туған күн екені сөзсіз. Отбасымызда балалар есейіп, отбасын құрғанына қарамастан, дәстүр бойынша жыл сайын жолдасым, әулеттің әкесі Нұраддиннің туған күніне жиналамыз. Қазір бұл дәстүр өз шекарасын кеңейтті. Ал немерелеріміз туған күндерін біздің үйде тойлап жатыр. Мен мерекелік дастархан жаямын, әрине, туған күніне арналған тәтті торт бар. Жаңа жылда да міндетті түрде отбасы болып жиналамыз, бұл да біздің үйдің үрдістерінің бірі. Балаларымыз қай жерде жүрсе де, қайда тұрса да, 31 желтоқсанда біздің, яғни, ата-анасының үйінде жиналып, Жаңа жылды бірге қарсы аламыз.
Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ