ГАЗЕТІМІЗДІҢ БҮГІНГІ НӨМІРІНЕН БАСТАП ОҚЫРМАНДАРҒА ТАНЫМДЫҚ-ТАРИХИ ЖАҢА ЖОБА ЖОЛ ТАРТТЫ. ОЛ — «МҰҒАЛЖАР» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ». БҰЛ АЙДАР АЯСЫНДА ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ АУДАН АУМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН ТАРИХИ-КИЕЛІ ЖЕРЛЕРДІ АРАЛАП, КӨЗІМЕН КӨРІП, ҚОЛЫМЕН ҰСТАП, ТАРИХЫМЕН ТЕРЕҢІРЕК ТАНЫСЫП, ТЫЛСЫМҒА ТОЛЫ СЫРЫН АШЫП, ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНБАҚ. ЕНДЕШЕ, ЭКСПЕДИЦИЯМЫЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМАСЫ — ЕҢБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ «ҚОНЖАР» БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ОРНЫ.
ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН ТАРИХ
Экспедициямыздың шымылдығы «Қонжар» балалар үйінің орнымен ашылуы кездейсоқ емес. Санаулы күннен кейін қазақ тарихының ақтаңдақ беті — 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда сол жылдары 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы атылған. Ал 1932- 1933 жылдары ең кемі 1,5 млн қазақ аштықтан ажал құшыпты. Әйтсе де, қазақтың кең даласында жеткен жерінде жан тапсырғанның санаққа енбей қалғаны қаншама…
Бұл дүрбелең мұнарлы Мұғалжар жерін де мұңайтты. Сол күндердің ащы шындығын біз барған «Қонжар» балалар үйінің орны да айғақтайды. 300-ге жуық баланың моласына айналған қанды даланың тарихын бұған дейін Ұлы Отан соғысының ардагері марқұм Өтеш Жалмағамбетов көзі тірісінде айтып кетті. Бірнеше жыл бұрын «Мұғалжар» газетінің журналистеріне сұхбат беріп, көкейінде қалған күңгірт кезеңді күрсініп еске алған еді. Аштық жылдары Сағашилі ауылынан 5-6 шақырым жерде орналасқан балалар үйінде 500- ден астам бала тәрбиеленген. Сол тәрбиеленген балалардың ішінде марқұм Өтеш ақсақал да болған.
—1932 жылы өкіл шешем Бижан кемпір аштықтан бұратылып қайтыс болды. Өңештен өтер ас іздеп, күні-түні далада жүретін әкемнің менің жағдайымды жасауға мұршасы жете бермеді. Содан сол кездегі үкіметтің өкімімен мені және өзге жетімдерді екі өгіз арбаға тиеп, Темір қаласына жөнелтті. Темірде оқу бөліміне апарғаннан кейін жас шамасы 8 жастан асқан балаларды 16-шы ауылға жіберді де, ал 7 жастағыларын қалалық интернатқа алып қалды. №16 поселкіге жеткізілген 7-8 баланың ішінде мен де болатынмын. Аты ғана болмаса, мұнда 1932-1933 жылдардың қысында оқу болмайды. Кітап оқып, әріп жаттамақ түгілі, аштықтан дәрменіміз құрыған біздердің көтерілуге де әліміз жетпейтін. Аштық бір бүйірден, ал ауру екінші бүйірден әбден қысты. Балалар үйінде тамақ іздеген жетім балалар қоқыс аралап кететінбіз. Шөптің тамырын талғажау етіп, кірпі мен тышқан да аулап жейтінбіз. Жеуге жарамды-жарамсызын танымағандықтан, шөп жегеннен уланып өлгендер де көп болды. Ауырып домалап жатқандардың сырқатын жеңілдетер дәрі-дәрмек те жоқ. Сүзек, безгек, қышыма ауруымен ауырғандар көп болды. Аурумен, аштықпен алысқандар таң атқанша аласұрып шығатын. Кейбірі түннен аман қалмайтын. Оның үстіне жататын жеріміз де салқын, жамбасымыздан сыз өтіп, сабан шөпті жастанатынбыз. Сол жерде 250- 300-ге жуық жетім бір үзім нанға зар болып, аурудан айыға алмай, көз жұмды, — деді сол кезде бізге берген сұхбатында.
Осы қорқынышты оқиғаның сол кездегі тірі куәгері Өтеш атаның айтуынша, өлген балалардың көптігі сонша, көміп те үлгере алмапты. Көз жұмған балаларды жертөлелерде, бос сарайларда бірінің үстіне бірін қойып сақтаған екен. Кейіннен жер жібігеннен кейін шұңқыр қазып, соған жерлеген.
БАЛАЛАРҒА ҚОЙЫЛҒАН БЕЛГІ
Өтеш ақсақал ұзақ жылдар бойы сол жетім балалардың жатқан жеріне бір белгі қойдыруды арман етіпті. Әр есікті бір қағып, сол кездердегі аудан әкімдеріне ұсыныс айтудан шаршамаған. Қарияның арманын ауданның атқа мінерлері емес, Басшилі ауылының азаматы Тұрсынбай Балаушин жүзеге асырған. Сөйтіп 2008 жылы Сағашилі ауылынан 6-7 шақырым жерде 1932- 1933 жылдарда №16 ауылдағы балалар үйінде аштықтан көз жұмған балаларға белгі қойылды.
Редакция ұйымдастырған экспедиция аясында газет тілшілері жетімдерге белгі қойған Тұрсынбай Балаушинді ертіп, жас балалардың қыршыннан қиылған қаралы жеріне барды. Көлігіміз тоқтап, табанымыз жерге тиген сәттен аштықтан бұратылып, аурудан аласұрып өлген балапандардың қасіреті көз алдымызға келіп, жүрегімізде үлкен толғаныс тудырып, біраз үнсіз қалдық. Ойымызды Тұрсынбай ағаның Өтеш ақсақал туралы айтқан әңгімесі бөлді.
—2007 жылы түрлі шаруаларыммен аудан әкімдігіне барған едім. Сол кездегі әкімнің есігінің алдынан Өтеш ақсақалды кезіктірдім. Ол кезде мен ол кісіні танымайын. Есік алдында отырып, әңгімеміз жараса кетті. Ол сонау 20 жылдан бері ашаршылық жылдары жаппай қайтыс болған балалардың басына белгі қою үшін аудан әкімдерінен көмек сұрап жүргенін, бірақ ешқандай нәтиженің жоғын жеткізді. Мен ойланбастан белгі қоятынымды айттым. Ақсақал қуанып кетті. Сөйтіп мені осы жерге Өтеш ақсақал ертіп әкелген болатын. Жетімдер үйінің орналасқан жерін іздеп, ұзақ жүрдік. Бір мезетте ол кісінің аяғы қызыл тасқа сүрініп кетті. Біз оны сол кездегі жетімдер үйінің іргетасы деп топшыладық. Себебі ақсақал іргетастың қызғылт болғанын есіне түсірді. Содан кейін белгі қою жұмыстары басталды, — деді Тұрсынбай Балаушин.
Айта кету керек, Тұрсынбай аға бұл оқиғаны білмей тұрып, бір танысынан осы жерде орын алған басқа жағдай туралы естіпті. Бұл жерде ертеректе малшылардың қыстауы орналасыпты. Жұмысшылар жыл сайын «катонқора» орналасқан жердің айналасын жыртып, дайындық жұмыстарын жасайтын болған.
Сондай сәттерде бірнеше мәрте балалардың шашылған сүйектері табылыпты. Жұмысшылар сүйектерді сол маңдарға қайта көме беріпті. Әлгі танысы Тұрсынбай ағадан «бұл жерде өзі не болғанын білесің бе?» деп сұрапты. Бірақ ол кезде Тұрсынбай Балаушин бұл оқиғадан хабарсыз болған. Осы тұста балаларға белгі қоюды арман еткен Өтеш атаның Тұрсынбай ағаны кездестіруі бекер болмаған секілді.
— Қызылтас табылған жерді белгі етіп алып, топырақ үйіп, жан-жағын қолдағы бар тастармен қоршап, қиыршық тастарды әкеліп, төмпешік жасадық. «1932-33 жылдары ашаршылық құрбандары болған 300-дей жетім-бейкүнә сәбилер рухына орнатылған мәңгілік ескерткіш. Айтушы: болған жағдайға тірі куә – Жалмағамбетов Өтеш» деген жазуы бар мәрмәрдан тақта қойдырдық. Ал жоғарыдағы үлкен тасты Хромтау ауданынан арнайы алып келіп, осы жерге белгі ретінде орнаттым. Бұл тереңдігі 800 метр жерден шыққан қара тас. Сол кезде қолымыздан келгені осы болды, — деді ол.
АРМАНЫ — КЕСЕНЕ САЛДЫРУ
Тұрсынбай Балаушин қанмен жазылған қасіретті жылдарды бүгінгі ұрпақ білуі керек деп санайды. Сол себепті бұл жерге қаршадай балалардың рухы үшін кесене тұрғызуды армандайды. Өтеш ақсақал балалардың жатқан жеріне белгі тас қою үшін әкім-қаралардың есігін 20 жыл қақса, Тұрсынбай аға кесене орнату үшін 2008 жылдан бері жүгіріп жүр.
—Бұл — ауданның ғана емес, бүкіл қазақ елінің қасіреті. Сол жылдары қаншама боздақтар, қарапайым қара халық, кіпкішкентай балалар опат болды. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Бұл қанқұйлы, нәубетке толы тарихты келер ұрпақ білуі тиіс. Бірнеше жылдан бері ауданға келген әкімдердің барлығына барып, осы жерге кесене орнату керектігін айтып жүрмін. Бірақ осы күнге дейін нәтиже болмады. Тіпті жобалық-сметалық құжатын да дайындаттырдым. Салынатын кесене құрылысының жобасы дайын тұр. Өткен жылы жаңадан келген аудан әкімі Дархан Ермағанбетовке де барып, қабылдауында болып, жобамды ұсынған едім. Ол қолдан келгенін жасайтынын айтты. Алғашында жасалған жоба 12 млн теңгеге бағаланған болатын. Оны бүгінгі бағамен қайтадан жасау керек болып, оны да дайындаттым, қазір кесененің құны 16 млн теңгені құрап отыр. Енді аудан әкімінің шешімін күтіп отырмын. Кесене салынғаннан кейін оның ішіне «Қонжар» балалар үйі мен қайғылы қасірет туралы барлық деректер жазылған тақтайша орнатуды жоспарлап жүрмін. Бұл жер туралы келушілер білуі тиіс, — деді Тұрсынбай Балаушин.
МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОРҒАУЫНА АЛЫНСА…
Ауданымызда мемлекеттің қорғауына алынған киелі жерлер аз емес. Тарихи-мәдени жерлер мен ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф, тарихшы ғалым Өзбекәлі Жәнібеков: «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім. Оларды сақтау — ұлтты сақтау болып табылады», — деп жазып кеткен еді.
Тұрсынбай аға бұл жерді мемлекеттің қорғауына беру үшін жауапты мекемелерге талай барған. Бірақ алдынан есіктер жабылып, бұл оқиғаның куәсі болатын дәлел құжаттар сұралады екен. Қыршыннан қиылған балалардың әруағы үшін шырылдап жүрген ағаның қолындағы сұранысына облыстағы тиісті мекемелер берген жауапта «мұрағаттан бұлтартпайтын дәлел табу қажет» деп көрсетілген.
Бұл жер мемлекеттің қорғауында болса, қажетті деңгейде көңіл бөлінер еді. Менің осы шаруамен айналысып жүргеніме көп уақыт болды. Балалар үйі туралы архивтерден құжат таба алмадым. Бірақ «Аштықтың ақиқаты» деген кітаптан «Ақтөбе облысы Темір ауданы маңында балалар үйі болған, ол жерде балалар аштықтан қырылған» деген дерек таптым. Бұның өзі мен үшін үлкен жеңіс болды, — деді ол.
P.S. Бұл жердегі нәубетке марқұм болған Өтеш Жалмағамбетов тірі куәгер болатын. Өз көзімен көріп, өз басынан өткізіп, өмірінің соңына дейін жүрегіне жазылған дақтай алып жүрген де осы жан еді. Шашылған балалардың сүйегін жинаған жұмысшының да әңгімесі бір дерекке ілік болғандай. Егер тарихшылар мен археологтар келіп, осы жерде зерттеу жұмыстарын жүргізсе, дәлелді деректер табылары сөзсіз. Ол енді уақыт еншісінде…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ