«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«КҮМІС ЖАС»: ЕГДЕ ЖАСТАҒЫЛАРДЫ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ

БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ МАҚСАТЫНДА ТҮРЛІ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖАСАҚТАЛУДА. СОНЫҢ БІРІ – «КҮМІС ЖАС» БАҒДАРЛАМАСЫ. ЕҢБЕКТІ ДАМЫТУДЫҢ 2024-2029 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОБАНЫҢ МАҚСАТЫ – ЖАСЫ 50-ДЕН АСҚАН ЕГДЕ ЖАСТАҒЫ АДАМДАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ. БҰЛ БАҒДАРЛАМА ТУРАЛЫ ГАЗЕТІМІЗДІҢ БҮГІНГІ НӨМІРІНДЕ КЕҢІНЕН ТАРҚАТЫП, ҚАТЫСУШЫЛАР ТУРАЛЫ АЙТАМЫЗ. СОНЫМЕН…

Мақсат – тұрақты жұмыспен қамту

Еңбек министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, елімізде 450 407 жұмыссыз бар екен. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Осы жылы 55-59 жас аралығындағы әйелдер арасында жұмыссыздық көрсеткіші – 6,6%, ал ерлер арасында – 5,8%, 60-64 жастағы әйелдер арасында – 3,9%, ерлер арасында 4,1% құраған.

Бұл көрсеткіштер зейнет жасына тақаған азаматтарға жұмыс табу қиын екенін анық көрсетеді. Мамандардың сөзінше, бұл жастағы азаматтардың басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жастағыларды жұмыс берушілердің басымы жұмысқа алғысы келмейді. Осы деректерге қарап отырып, егде жастағылардың көп жағдайда ескерусіз қалып жатқанын анық байқауға болады.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2022 жылы «Күміс жас» бағдарламасы қолға алынды. Аудандық «Мансап» орталығының мамандары 2022 жылдан бері жоба аясында аудан бойынша жалпы саны 200-ден астам 50 жастан асқан егде азаматтардың жұмыспен қамтылғанын айтты.

Зейнет жасына тақаған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін «Күміс жас» арнайы жобасы қабылданды. Алғашында бұл жобаларға қатысушылар 12 ай мерзімінде жұмыс жасады. Жалақыларының 50 пайызын мемлекет төлесе, 50 пайызын жұ-мыс беруші төледі. Аталған бағдарлама аясында 2022 жылы 21 адам, 2023 жылы 89 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде бұл бағдарлама қайта өзгер-тіліп, жобаға қатысу мер-зімі үш жылға ұзартылды. Жұмыс берушілерге «Күміс жас» жұмыскерлерін жұмысқа орналастырғаны үшін субсидия беріледі. Ай сайынғы жалақының субсидия мөлшері бірінші жылы 70 пайыз болады. Ал екінші жылы 65 пайыз, үшінші жылы 60 пайызды құрайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін кемінде 12 айдан кем емес мерзімге тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті, — деді «Мансап» орталығы директорының орынбасары Венера Урумбаева.

98 адам жұмысқа орналасты

Орталық мамандары «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін алдымен «Мансап» орталығына немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажеттігін айтты. Олар алдымен Еnbek.kz порталында жеке кабинет ашуы тиіс. Ол жұмыс іздеп жүрген адам ретінде өтінімді толтырып, ЭЦҚ-мен қол қояды. Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен кейін өтінім берушінің жеке кабинетіне хабарлама келеді.

«Күміс жас» бағдарламасы арқылы жұмысшы қабылдайтын жеке кәсіпкерге төмендегідей талаптар қойылады. Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондайақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса, мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті, — деді маман.

Орталық мамандары осы жылы «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 95 зейнет жасына жақындаған азаматты жұмыспен қамтужоспарланғанын жеткізді. Бүгінде жоспар артығымен орындалып, 98 адам жұмыспен қамтылған. Бағдарлама аясында жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерліктерге жолданған.

Біз биыл жоспарды артығымен орындап отырмыз. Бұл дегеніміз, «Күміс жас» бағдарламасына қатысушылардың көп екендігін көрсетеді. Алдағы уақытта бұл жобаны жандандырып, бос жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Аудан тұрғындарына аталғанжоба бойынша жұмыс іздейтін болса, аудандық «Мансап» орталығына келіп, мамандардан кеңес алуға болатынын айтқым келеді, — деді Венера Урумбаева.

«Күміс жастан» — зейнетке

«Күмісжас» бағдарламасы бойынша екі адамды жұмыспен қамтып отырған «SportLife» фитнес клубының директоры Сергей Ведюшкин жұмысшының бірі осы жылдың тамыз айында зейнетке шығатынын жеткізді. Ал екінші адам бір жарым жылдан кейін зейнетке шығады екен.

Біздің фитнес залға жастардан бөлек егде жастағы адамдар да көп келеді. Олар тұрақты түрде спортпен айналысып, өздерін сауықтырады. Келушілер залда өздерін қолайлы, еркін сезінуі үшін жас шамасы қарайлас нұсқаушылармен жұмыс жасағаны дұрыс деп шешіп, «Мансап» орталығына хабарласып, «Күміс жас» бағдарламасымен жұмысшыларды қабылдайтынымызды айтып, тапсырыс бердік. Бүгінде нұсқаушы қызметін атқаратын Валентина Франц пен Әлия Қабденова жұмыстарын тиянақты етіп орындайды. Жұмыстарына өздері де, біз де ризамыз, — деді фитнес клубының директоры Сергей Ведюшкин.

«Күміс жас» жобасының игілігін көріп отырғандардың бірі – Гүлзада Дүзбаева болса, екіншісі Қатира Нұрлыбаева. Олар аталған бағдарлама бойынша «Алтын сапа» тігін шеберханасында тігінші болып қызмет атқарады.

«Күміс жас» бағдарламасы біз секілді жасы елуден асқан адамдарға таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Кез келген қазақтың әйелі ине ұстап, іс тіге алады. Бұл біздің бұрыннан жасап жүрген жұмысымыз. Бүгінде осы тігін шеберханасында көрпе ішіне тақта салып, тігеміз, көктейміз. Жұмысымыздың ешқандай қиындығы жоқ, жақсы көріп жасаймыз. Бұл жерде түрлі бұйымдар дайындалады. Қызжасауын дайындаймыз, құрақ көрпе құраймыз, — деді Гүлзада Дүзбаева.

Ал Қатира Нұрлыбаева жас кезінде Ақтөбеде тігін шеберханасындажұмысжасаған. Кейін үйденкөрпетігіп, сүйікті ісіненқолүзбеуге тырысыпты.

Үйде немере бағып, отырып қалдым. Оны-мұны тіккенмен, жұмыс істеген әрине, бөлек. Алайда осы жаста қайтадан жұмыс табу қиындық тудырды. Ал қазір «Алтын сапада» жұмыс жасап жүрмін. Жаңа ортам бар. Білгеніммен бөлісіп, жастарды үйретуге тырысудамын, — дейді ол.

Аталған бағдарлама бойынша жұмыс жасайтын Қазима Шалабаева, бұл бағдарлама зейнет жасына жақындаған жандар үшін жасалған зор мүмкіндік екенін жеткізді. Оның сөзінше, егде жастағы адамға бүгінде жұмыс табу қиын.

Менің жасым 58-ден асты. Бүгінде біздің жасымыздағы адамдардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Өйткені барлығы жұмысқа жастарды алғысы келеді. Өткен жылы жұмыс іздеп «Мансап» орталығына жүгіндім. Орталық мамандары «Күміс жас» жобасы барын айтып, барлығын тиянақты түсіндірді. Сөйтіп «Айсұлтан» жеке кәсіпкерлігінің тігін шеберханасына жұмысқа орналастым. Жұмыс жасап жатқаныма бір жылдан асты. Жұмысым өзіме ұнайды, — деді Қазима Шалабаева.

«Ақтілеу» кафесіне аспазшы болып жұмысқа орналасқан Бағдагүл Есентурлина бүгінде жасап жатқан жұмысына дән риза. Ай сайынғы жалақысының де уақытылы берілетінін айтты.

Жұмысты өз бетімше іздеп таба алмадым. Осылайша аудандық «Мансап» орталығына барып көмекке жүгіндім. Олар маған бағдарлама шарттарын сатылап түсіндірді. Осылайша, «Күміс жас» жобасы туралы естігенде, қатты қуандым. Өте керемет жоба. Өзімнің барлық қатарласымды және зейнеталды жастағы адамдарды осы жоба арқылы жұмысқа орналасуға, мемлекет ұсынып жатқан қолдауды пайдалануға шақырамын.

ТҮЙІН: Иә, бүгінде зейнетке әлі шықпаған егде жастағы жандардың жұмыс табуы қиын. Біз сөзге тартқан жандардың көпшілігі — үйде бала күтімімен отырып қалған немесе түрлі себептермен еңбек етуге мүмкіндігі болмағандар. Жоғарыда аталған жоба осындай жұмыссыз жүрген жандарға зейнетке шыққанға дейін еңбек етіп, нәпақа табуына үлкен көмек болары сөзсіз.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе — Нүкіс әуерейсі қашан іске қосылатыны белгілі болды

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты

admin_mugalzhar

ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ — ЛАГЕРЬДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.