Мықты бизнес – мықты мемлекет болып қалыптасуға себепкер болатынын ескерсек, бүгінде елдің әлеуметтік әлеуетін көтеру бағытында жұмыстары ілгерілеп, өрістері кеңейіп отырған іргелі өндіріс компаниялары бар. Алайда, сол көшке ілескенімен, қарымды қадам жасай алмай отырғандары да жетерлік. Олардың мұндай ахуалы — біріншіден, ел экономикасының өсуіне қолайсыз жағдай туғызса, екіншіден, ішкі әлеуметтік тұрақсыздықты тудыруға сеп болып отыр. Дегенмен, жергілікті атқарушы билік бұл мәселені тізгіндеп ұстап келеді.
Жуырда осы мәселелер төңірегінде Мұғалжар ауданы әкімдігінде аудан әкімі Ербол Данағұловтың төрағалық етуімен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөнінде үш жақты комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Әлеуметтік қақтығыстың алдын алу мақсатында өткізілген бұл жиынға аудан аумағында орналасқан 8 компанияның басшылығы шақырылды. Дегенмен, кезекті отырыста шақырылған компания басшылары белгілі себептерімен төбе көрсете қоймады. Есесіне компаниялар құзырына айтылған бар шағымды отырысқа жіберген өкілдері арқалап қайтты. Оның ішінде «Базальт-А», «Силикат-А», «Темир Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмысшыларының тиісті жалақыларын едәуір кешуілдетіп отырғандарына байланысты сынға ілікті. Бұл мәселе жергілікті халықтың наразылығын тудыратындығын ескерген аудан басшысы аталған жұмыс берушілерге қатаң ескерту берді.
Жиын барысында сондай-ақ, «Вернал Ойл Казахстан» ЖШС компаниясының ағымдағы жағдайы сөз етіліп, «AltynExCompani» ЖШС-нің басшылығынан өткен комиссия отырысында меморандум жасасу туралы берген тапсырмасының орындалуы және биылғы жағдайы жөнінде есебі тыңдалды.
Отырыс қорытындысымен аудан әкімі Е.Данағұлов туындап отырған барлық проблемалардың жылдам шешім табуын талап етіп, аталған компания басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Алтын СҮЛЕЙМЕН