Жуырда аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Латын әліпбиіне көшу мәселесіне орай, «Латын қарпіне көшу – рухани жаңғыру талабы» деген ауқымды тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.
Жиынның мақсаты – мемлекеттік маңызы бар және мемлекет аралық қатынасқа жол ашатын латын әліпбиінің — ұлттық мүддеге алтын тұғыр боп тігіліп, рухани бірлікке бастар берекелі көпірге ұласарын ой-пікірлер арқылы ортаға салу. Аудандық мұражай директоры Шамшат Әміржанұлының айтуынша, латын қарпіне көшу — тіліміз үшін жасалған игі қадам. Ал мемлекет жаңғыруы – ол алдымен жазудан басталады. Болашағы зор латын графискасына көшу – ұлт аралық қатынастарды анағұрлым жақсартады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында таяу жылдары жүзеге асатын ауқымды жобалардың бірегейі саналған латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда әлі күнге дейін қызу талқыланып жатыр.
Осы орайда аталмыш шараға қатысқан мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ішкі саясат басқармасы, «Нұр Отан» партиясы, Қандыағаш спорт мектебінің мамандары және өзге де мекеме өкілдері, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің студенттері өз ойларын ортаға салды, сонымен қатар латын әріптерімен өздерінің аты-жөндерін жазып көрді.