«Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» республикалық маңызға ие тасжолын жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жобаға сәйкес, екі жылдың ішінде республикалық маңызы бар бұл автожолдың 75 шақырымын жөндеу көзделіп отыр.
Шалқар ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Асхат Шахаров құрылыс барысын бағамдап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұлдың айтуынша, күре жол учаскелерге бөлініп, жөнделіп жатыр. Жұмыстар Шалқар жағынан басталған. Яғни, Шалқардан Қотыртас ауылына дейін, Ізімбет ауылынан Қандыағашқа дейін. Биыл Шалқар-Қотыртас арасындағы жол пайдалануға беріледі. Құрылысқа жауапты «Ассана Дор Строй» ЖШС-і.
«Республикалық жол 1960 жылдардың ортасында салынып, бірде-бір жөндеу көрмеген. Жол учаскесінің бойында төрт елдімекен орналасқан: Қауылжыр, Қотыртас, Ембі және Шалқар. Бұдан бөлек, тасжолда Ембі және Қотыртастағы жөнделуі тиіс, апаттық жағдайдағы екі көпір бар. Бұл көпірлер жолмен байланысады, көлік қозғалысы және халық үшін маңызы зор», — деп түсіндірді Айбол Данағұл.
Айтып өту керек, жол ресайклинг әдісімен жөнделуде, бұл жол жабындысының жоғары сапасын қамтамасыз етеді және жолды ұзақ пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі барлық жұмысты жоспардан ауытқымай, мерзімінде тапсыруды мердігерлерге міндеттеді.