«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАТПАҚКӨЛ: ЖЕМ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЕЛ ЖАЙЫНДА

Өткен аптада газет тілшілері «Ауыл-аймақ» айдары аясында Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылына іссапармен барды. Сапар аясында ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік нысандарды аралап, көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын көзімен көрді. Ендеше, ауылда атқарылып жатқан жұмыстар легін төменде тарқатамыз.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Көктемгі су тасқыны Жем өзенін жағалай жатқан жағабұлақтықтарды біраз есеңгіретіп тастағаны рас. Ауылда жалпы саны 50 үйді су басып, жарамсыз етті. Біз, журналистер, алдымен су басқан ауыл шетіндегі Бірлік және Саға көшелеріне атбасын бұрып, тасқыннан кейінгі жағдайды көзімізбен көрдік. Бұл көшелердегі үйлер толығымен қаңырап бос қалған. Опырылып ортасына түспесе де, тұруға жарамсыз екені сыртынан-ақ көрініп тұр. Су кірген үйлердің жағдайы сырттан келген біздің көңілімізді құлазытты. Ал сол көшеде өсіп-өніп, құтты шаңырағында қызық пен қуанышты өткізген жергілікті тұрғындардың жүрегін қарс айырғаны сөзсіз. Бүгінде тұрғындардың бірқатары жарамсыз болып қалған үйлеріндегі іске жарамды темір-терсектері мен құрылыс материалдарын алып жатыр екен. Ауыл әкімі Мейрамбек Боқашев алдағы уақытта бұл жердегі үйлердің барлығы дерлік сүрілетінін жеткізді. Сөйтіп бұл көшелер ауыл картасынан алынып тасталады. Өкінішті, әрине… Округ әкімі Мейрамбек Боқашевтің айтуынша, бұл ауылда барлығы 50 үйді су басқан. Оның 46-сы «апаттық жағдайда болғандықтан тұруға жарамсыз» деп танылған. 37 үй иесі дайын үйге көшуге ниет білдірген. Қалған 4 отбасыға үйлерін жөндеуге қаражат төленген.

Бүгінде ауылдың биіктеу жерінен қызылсудан зардап шеккен тұрғындарға арнап тоғыз жер үйдің құрылысы жүргізілуде. Біз аяңдап отырып, құрылыс жүріп жатқан аймаққа бет алдық. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, құрылыс алаңынан аудан әкімі Дархан Ермағанбетовті кезіктірдік. Аудан басшысы бүгінде құрылыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Көлемі 80 шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үйлер толығымен көтеріліп, шатырлары жабылып, сырттары қапталған. Есіктердің алдына брусчатка төселіп, шарбақтары қондырылып жатыр екен. Үй ішіндегі жасалып жатқан жұмыстарды көрсету үшін аудан әкімі бізді ішке алып кірді. Ішкі жұмыстар 80 пайызға біткенге ұқсайды. Себебі есік, терезелері орнатылып, электр, жылу жүйелері жүргізіліп, газ құбырлары тартылған. Қабырғалары сыланып, әктеліп, едені тегістеліп, төбелері де толығымен жасалыпты. Аудан басшысы тұрғын үйлерді барынша сапалы етіп жасап жатқанын мәлімдеді.

Біздің мақсатымыз – тұрғындарға жайлы етіп үй салып беру. Үй жылы болу үшін қабырғалары экотон кірпішімен қаланды. Ал сыртын силикат кірпішімен өрдік. Жылуды қамтамасыз ету мақсатында екі кірпіштің ортасына жылу ұстағыш минваталар салынды. Жылу батереяларын да көбірек қойдық. Ас бөлмесіне газ плита қойылатын болады. Ал жуынатын бөлмелер кафель — денді, енді санузел құрылғыларын орнатамыз. Олар қазір әкелініп тұр. Үйді жылытуға арналған қазандық та қойылды. Бұл қазандық салқын сумен қатар ыстық суды да тарататын болады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, енді линолеумдары төселіп, плинтустарын салу ғана қалып тұр. Бұл енді бір-екі күндік шаруа, — деді аудан басшысы Дархан Ермағанбетов.

Оның сөзінше, үй құрылыстары басталмас бұрын бұл жерге инженерлік коммуникациялар жеткізілген. Тұрғындарға кәріз құдықтары да қазылып берілген. Аталған жұмыстарды «Айлин СтройТрейд» компаниясы жүргізуде. Құрылысқа жауапты компания өкілі Мерген Данабеков екі ай бұрын басталған құрылыс жұмыстарының жақын арада тапсырылатынын айтады.

Қазіргі уақытта құрылыс басында 70- ке жуық құрылысшы жұмыс істеп жүр. Оның ішінде шатыр, есік салатындар, қалаушылар, сылақшылар, механизаторлар және басқа да мамандар бар. Олар өздеріне тапсырылған жұмыстарды барынша үлкен жауапкершілікпен жасауда. Бүгінде шарбақтары жасалып, үйлердің жан-жағы тегістелуде. Қажетті техникалардың барлығын жұмылдырып жатырмыз. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын шілде айының соңында аяқтап, жаңа үйлерді тамыз айының басында дайын күйінде тапсыратын боламыз. Ауыл тұрғындары да құрылыстың сапалы жүргізілуіне барынша атсалысып, құрылыс барысын бақылап жүр, — деді ол.

Құрылыс басынан Жағабұлақ ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты Саламат Алданиязовты да жолықтырдық. Ол күн сайын құрылыс жұмыстарын бақылау үшін осы жерден табылатынын жеткізді.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Құрылысшылар барынша жауапкершілік танытуда. Үйлер салынып жатқан аумақ ауыл ішіндегі биіктеу жер. Бұл жер ауыл тұрғындарымен ақылдасып, ауылдағы қоғамдастық кеңеспен келісіліп таңдалды, — деді мәслихат депутаты.

Біз одан «Жем өзені бұрынсоңды осылай арнасынан асып, тұрғындарды әбігерге салған кезі болды ма?» деп сұрадық. Ол 1996 жылы өзеннің тасып, ауылға дейін жақын келгенін айтып, бірақ үйлерге су кірмегенін жеткізді.

Осы уақытқа дейін ауылды су басқан оқиға орын алған емес. Енді, бұл үлкен — дердің айтқаны. 1996 жылы қыста қар қалың жауып, көктем кезінде өзен деңгейінен асып, көтерілген. Ол кезде ауыл әкімі қызметін менің әкем Жазықбай Алданиязов атқарған еді. Сол кісінің ұйымдастыруымен, тұрғындардың ұйымшылдығымен ауыл судан аман қалған. Биылғы тасқынның беті қатты болды. Күн күрт жылынып, сай-сала суға толып кетті. Өзен тасып, ауыл шетіндегі екі көшені су басты. Бұл тұрғындар үшін оңай болмады. Әкімдіктің және тұрғындардың бірлігінің күшімен көшелер аман қалды. Ол уақытты еске алу өте қиын, — деді Саламат Алданиязов.

Ауылдың тасқыннан кейінгі өмірі осылай қалыпқа келтірілуде. Баспанасы суға кеткен жергілікті тұрғындар жаңа қонысқа көшуді тағатсыздана күтіп жүргенге ұқсайды. Аудан басшысы салынып жатқан тұрғын үйлер тұрғындарға жеребе тастау арқылы таратылатынын айтты.

Тұрғын үйлер толығымен салынып болғаннан кейін осы көшеге жаңадан асфальт салынатын болады. Бүгінде асфальт төсеуге қажетті қиыршық тастар мен құм түсірілді. Жақын арада жол құрылысын да бастап, уақытында аяқтайтын боламыз. Тас жол төселу барысында салынған тұрғын үйлердің алдына дейін жекелеген асфальт төселетін болады, — деді аудан әкімі Дархан Ермағанбетов.

100 ОРЫНДЫҚ БАЛАБАҚША САЛЫНАДЫ

Тасқыннан зардап шеккен ауылдағы әлеуметтік нысанның бірі – ауыл балабақшасы. Тасқын кезінде аталған балабақшаның жертөлесі суға толған. Ауыл әкімі Мейрамбек Боқашев жақын арада тұрғындарға салынып жатқан үйлердің жанынан 100 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталатынын айтты.

Тасқын кезінде балабақшаның жертөлесіне су кірді. Сол себепті бұл нысан жарамсыз деп танылды. Бүгінде жертөле судан толық тазартылып, кептірілді. Әзірге сол ғимаратқа балаларды қабылдап отырмыз. Құрылыс жұмыстары біткеннен кейін балабақша жаңа ғимаратқа көшірілетін болады. Ғимараттың жалпы көлемі 1500 шаршы метрді құрайды. Бұған дейін де ауылда балабақша мәселесі көтеріліп жүрген еді. Бүгінде Жағабұлақ ауылы бойынша 60-тан астам бала балабақша кезегінде тұр. Жаңа балабақша пайдалануға берілгеннен кейін бұл мәселе өз шешімін табатын болады, — деді ауыл әкімі.

Жертөлесі суға толған балабақша ғимаратын көзбен көру үшін «Балауса» балабақшасына да бас сұғып, ішін аралап көрдік. Бізді күтіп алған балабақша меңгерушісі Жанат Бигелдинова бүгінде балабақшада екі топта 50 бала тәрбиеленіп жатқанын тілге тиек етті. Бұл ғимарат 1993 жылы пайдалануға берілген. Ал 2006 жылы күрделі жөндеуден өткізіліпті. Балабақша жиһаздары жаңа, көрнекілік құралдары да көз тартады. Түгелдей бір қабырғаға қойылған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер — дің жеткен жетістіктері мен мақтау қағаздары көздің жауын алады.

Біздің балабақшаның техникалық жағдайы өте жақсы деп айта аламын. Балабақшаға қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздарды округ аумағындағы өндіріс мекемелері демеушілікпен жасап берді. Бүгінде бөбекжай бақшада жалпы саны 23 адам жұмыс жасайды. Оның 9-ы педагог, 14-і кіші қызметкер. Сонымен бірге психолог пен медбике де өз қызметтерін атқаруда. Балабақша тәрбиешілері «Үлгілі оқу» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Бұл бағдарлама аясында балаларды еркіндікке жібере отырып, шығармашылық қабілетін дамыту арқылы оқытып, үйретеміз, — деді бөбекжай бақша меңгерушісі Жанат Қуанышқызы.

МЕКТЕП ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

Көктемгі тасқын кезінде едәуір есеңгіреп қалған ауыл тұрғындары бүгінде тынымсыз тірлік кешуде. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, денешынықтыру-сауықтыру кешені, кітапхана штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Іссапар барысында газет журналистері Жағабұлақ ауылындағы Жаңажол ЖББОМ-не атбасын бұрды. Аталған мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қарылғаш Көбенова 2023- 2024 оқу жылын 244 оқушы аяқтағанын жеткізді. Оның сөзінше, аталған мектепте бүгінгі таңда жалпы саны 44 мұғалім қызмет атқарады. Олардың барлығы дерлік жоғары білімді.

Біліктілікті арттыру мақсатында мектеп педагогтері түрлі кәсіби курстардан өтіп тұрады. Соның нәтижесінде мектебіміздегі 44 мұғалімнің 7- еуі сарапшы, 8-і зерттеуші, 14-і педагог модератор, ал қалғандары педагогтер. Оқу жылының соңында білім сапасы 58 пайызды құрады. Биыл мектепті 12 түлек бітірді. Мектебіміздің техникалық базасы өте жақсы. Пән кабинеттері толықтай жасақталған. Кітапхана қоры да жеткілікті. Мектеп кітапха — нашыла — ры мен мұғалімдері біріге отырып, « Оқуға құштар мектеп » жобасын жүзеге асырады, — деді ол.

Екі қабаттан тұратын мектеп ғимараты 2011 жылы жаңадан салынып, пайдалануға берілген. Мектеп іші көрер көзге жайлы. Біз бас сұққан пән кабинеттерінде оқуға қажетті құрылғылардың барлығы бар. Физика, химия, биология кабинеттері де көрнекілік құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Мектеп фойесіне қойылған сөреде оқушыларының марапаттары тізіліп тұр. Оқушылар үзіліс кезінде уақытын тиімді пайдалану үшін шахмат тақталары қойылған. Спортзал мен мектеп асханасы, мәжіліс залы стандарттық талапқа сай келеді. Мектеп өмірімен таныса жүріп, шағын кабинетке жасақталған мектеп музейін де тамашаладық. Тарихтан тамыр тартатын фотосуреттер, сарғайған құжаттар өткен күнді еріксіз еске түсіреді. Сонымен бірге оқушылардың жылдар желісінде киген мектеп формасын, тұтынған заттарын, қаламдарын, бұйрық кітапшаларын да табуға болады. Сондай-ақ Жаңажол орта мектебінде оқып, бүгінде үлкен жетістікке жеткен жандарға да бір қабырғадан орын беріліпті. Олардың қатарында «Мұнар ақын» лақап атымен танымал ақын Серікбай Нұрахметов, Қанат Айтбаев, Ләззат Оразбаева және т.б. бар.

СПОРТҚА ДА КӨҢІЛ БӨЛІНГЕН

Мектеп ауласынан шыққан бетте оң жағымызда маңдайында «Жағабұлақ спорт кешені» деген жазуы бар ангар типті спорт кешені тұр. 2022 жылы пайдалануға берілген бұл ғимарат салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауылдағы бұқаралықкөпшілік спортты дамыту мақсатында салынған. Құрылыс жұмыстарын «ОМАР-ТРАНС» ЖШС-і жүргізген. Спорт нысанының жалпы алаңы — 1 117 шаршы метр. Бүгінде спорт кешенінде волейбол, футбол, баскетбол, еркін күрес, таэквондо тағы басқа спорт түрлеріне арналған үйірмелер ұйымдастырылып, бапкерлер жастарды спортқа баулуда. Аталған үйірмелерге қатысушыларға да барлық жағдай жасалған. Жуыну, киім ауыстыру және медициналық бөлмелері жасақталған.

Спорт кешеніне келушілер өте көп. Бүгінде 5 жаттықтырушы спорттың бес түрінен балаларды спортқа баулуда. Ауыл бойынша 200 бала тұрақты түрде келіп, спорттық үйірмелерге қатысады. Кешенде дайындалып жүрген оқушылар алдағы уақытта түрлі байқауларға қатысып, биікті бағындырады деп ойлаймын, — дейді спорт кешенінің қызметкері Эльвира Ағайдарова.

ТҰРҒЫНДАР САУЛЫҒЫ – БАҚЫЛАУДА

Іссапар барысында ауылда орналасқан Жаңажол дәрігерлік амбулаториясына да бардық. Амбулаторияның жалпы тәжірибелік дәрігері Сұлу Жұмағазина аталған амбулатория Жағабұлақ, Саға, Қожасай, Жаркемер, Шеңгелши елді мекендерінің 2246 тұрғынына медициналық қызмет көрсететінін жеткізді.

Жаңажол дәрігерлік амбулаториясына тіркелген тұрғындардың 1356-сы ересектер, 776-сы 14 жасқа дейінгі балалар, 51-і жасөспірімдер. Жыл басынан бері округ бойынша 18 бала дүниеге келді. Тұрғындардың денсаулықтары бірқалыпты. Туберкулез ауруы тіркелмеді. Диспансерлік есепке қатерлі ісік ауруымен 10 адам, қант диабетімен 31 адам, жүрек қан-тамыр ауруымен 95 адам алынды. Округ аумағында диспансерлік есепте тұрған науқастарға, 5 жасқа дейінгі балаларға тегін дәрі-дәрмектер уақытылы беріледі. Мүгедектігі бар адамдар мен балаларды сауықтыру жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Олар уақытында стационарларға жатқызылып, кешенді ем қабылдайды. Егде жастағы адамдар арасында қатерлі ісік ауруының алдын алу мақсатында скрининг тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Сонымен бірге халық арасында санитарлық атқару жұмыстары да өз деңгейінде атқарылады, — деді дәрігер Сұлу Жұмағазина.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» — АУЫЛДЫҚТАРҒА ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Батпақкөл ауылдық округінде де жүзеге асырылуда. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге мүмкіндік алып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде. Ауыл әкімі Мейрамбек Боқашевтің айтуынша, осы жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында бес адам жеңілдетілген несие алған

Осы жоба аясында Жағабұлақ ауылынан наубайхана ашып, нан пісіріп отырған екі адам бар. Олар Динара Өмірзақова мен Алтынай Темірова. Динара Өмірзақова 3 млн 237 мың теңге көлемінде, Алтынай Темірова 6 млн 529 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Сонымен бірге Саға ауылының тұрғындары да осы бағдарламаға қызығушылық танытып отыр. Сағалық Айгерім Тлеубаева 5 млн 103 мың теңге көлімінде несиеге қол жеткізіп, ветеринариялық дәріхана ашты. Сол ауылдың тұрғыны Лиза Саттарова тез дайындалатын фастфуд өнімдерін және жартылай е т фабрикаттарын дайындап, сатуға 8 млн 600 мың теңге көлемінде 2,5 пайыздық несиеге ие болды. Бүгінде олар кәсіптерін ашып, халыққа қызмет көрсетуде, — деді ауыл әкімі.

АТҚАРЫЛАР ЖҰМЫС КӨП

Ауыл әкімінің айтуынша, осы жылы округке қарасты елді мекендерде біршама жұмыстаратқарылады. Атап айтатын болсақ, бірнеше жылдан бері шешімі табылмай келген Қожасай ауылын газдандыру мәселесі шешілмек. Бүгінде мердігер мекеме анықталып, газ құбырын тарту жұмыстары басталып кеткен. Газ тарту жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлініп, құбыр тарту жұмыстарын «Техно С» ЖШС-і жүргізуде. Сонымен бірге осы ауылдан медициналық пункт салынып жатыр.

Биыл округте атқарылар жұмыс өте көп. Жағабұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға кеңейту мақсатында қосалқы құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Округ орталығынан жергілікті әкімдікке жаңа ғимарат салу да жоспарда бар. Балабақшаның салынатына туралы жоғарыда айтып кеттім. Бүгінде Саға ауылының тұрғындарын байланыспен қамтамасыз ету үшін байланыс мұнарасын салып жатырмыз. Қазірқұрал-жабдықтары әкелініп, жұмыс жүйелі жүргізілуде. Сондай-ақ Саға ауылынан медициналық пункт салынады. Бүгінде жері белгіленіп, іргетасын құю жұмыстарына дайындық жасалуда. Осы ауылдағы балалар алаңын да жөндеу жоспарда бар, — деді ауыл әкімі Мейрамбек Боқашев.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін ақтүтек боранда 18 шақырым жаяу жүрген

admin_mugalzhar

Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны, қателескені үшін қылмыстық жазаға тартылмайды — Біржан Нұрымбетов

admin_mugalzhar

Қазақстанда күн жылынады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.