«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ МЕЙРАМБЕК ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА ҚАТЫСУДА

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ПАЛУАН МЕЙРАМБЕК ҚАРТБАЙ ФРАНЦИЯ ЕЛІНІҢ АСТАНАСЫНДА БАСТАЛҒАН XXXIII ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСЫП ЖАТҚАН ҮШ АҚТӨБЕЛІК СПОРТШЫНЫҢ БІРІ. ОСЫ КЕЗГЕ ДЕЙІНГІ ОЛИМПИАДАЛАРДА БАҚ ПЕН БАПТЫ СЫНҒА САЛҒАН ГАЛИБ ДЖАФАРОВТАН КЕЙІНГІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ. БАЙРАҚТЫ ДОДАНЫҢ БАСТАЛУЫНА САНАУЛЫ КҮН ҚАЛҒАНДА ЖЕРЛЕС СПОРТШЫМЕН ЖӘНЕ ОНЫҢ АНАСЫМЕН ТІЛДЕСУДІҢ СӘТІ ТҮСТІ. ӘҢГІМЕ МЕЙРАМБЕКТІҢ СПОРТТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ МЕН ҚИЫНДЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ, ЖЕҢІСТЕРІ МЕН ЖЕҢІЛІСТЕРІ ЖАЙЫНДА ӨРБІДІ.

Ауданның еркін күрес мектебінің қалыптасуында Ембі қаласы спортшыларының өзіндік үлесі бар. Оның бір дәлелі, Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен талай чемпиондар мен жүлдегерлер шыққан. Мейрамбек те сол қоржынға медаль салған спортшылардың бірі. Мейрамбек негізі Темір ауданының тумасы. 2009 жылы отбасымен Мұғалжар ауданының Жем қаласына қоныс аударып, сол жылдың қараша айында Ембі қаласындағы спорт мектебіне қатысып, алғашқы бапкері Ризат Түсіпбаевтың шәкірті болады. 2012 жылы Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқуға түседі. Ал 2016 жылы Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжіне түсіп, колледжді тәмамдағаннан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім алады.

Анасының айтуынша, Мейрамбек кішкентайынан спортқа жақын болған. Талапты баласының бетінен қақпаған анасы оның ең алғашқы жеңісінің де әлі есінде екенін айтты.

Мейрамбек отбасындағы үшінші бала. Жалпы біз де, аталары да спорттан алыс адамдармыз. Ал баламыз мектеп кезінен осы спортта жүр. Кішкентайынан спортпен достасып, бүгінде спортты мамандығына айналдырды. Баламның ең алғашқы жетістігі, сол кездегі қуанышымыз, өзінің мәз болғаны әлі есімде. Ол кезде қателеспесем,8-9 жаста еді. Астана қаласына барып, балалар-жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысып, жеңісіне DVD ойнатқыш алып келіп, қуантқан еді, — деп күліп еске алды спортшының анасы Айна Қартбаева.

Бүгінгі таңда Мейрамбек еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі және Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Бұл – палуанның құрлық додасындағы алғашқы медалі. Палуан бірінші рет Азия чемпионатына 2019 жылы қатысқан болатын. Сол кезде Қытайда өткен құрлық чемпионатында ол 9-шы орыннан көрінген еді. Жалпы Азия чемпионатындағы алғашқы медалін екінші рет қатысқан кезде қанжығаға байлапты. Ал биылғы Азия додасында Мейрамбек Қартбай жартылай финалға шығып, Жапонияның палуаны Кенто Юмимадан 2:4 есебімен жеңілді. Оның алдында ширек финалдық белдесуде өзбек палуаны Нодирбек Жуманазаровтан басым түсті. Қола медаль үшін белдесуде Қытай палуаны Вейю Лиден 7:2 есебімен айласын асырып, елге жүлдемен оралған еді. Ал 2023 жылғы әлем чемпионатында Мейрамбек бесінші орын алды.

Олимпиадаға қатысу әрбір спортшының арманы. Мұғалжарлық жас палуан да бұл арманының орындалуына мүмкіндік беретін Олимпиада жолдамасы үшін таласта ресейлік спортшы Заур Угуиевке есе жіберген еді. Күрес түрлерінен Ресей құрамасы Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқаннан кейін Олимпиада лицензиялары қайтадан үлестірілді. Осылайша, Мейрамбек Қартбай лицензияға ие болды. Қазақстандық палуан Париждегі бәсекеде 57 кг салмақта белдеседі.

Олимпиадаға баруым мүмкін екенін сездім. Өйткені Ресей құрамасының қатысуқатыспауы әу бастан белгісіз болды. Сондықтан жаттығуды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Қазіргі таңда ұлттық құрамамен бірге Дағыстанда дайындалып жатырмын. Жолдама маған бұйырғанын естігенде, әрине, қуандым, — дейді спортшының өзі.

Бірақ ол соңғы екі іріктеу турниріне қатысқан командаластарына да тілеулес болғанын жеткізді.

Біз кілемде ғана қарсыласпыз. Өмірде бір-бірімізге жанашырмыз. Енді алда бәрімізді Париж додасы күтіп тұр. Ал олимпиадада оңай қарсылас жоқ. Бірақ мен спортшылардың біразымен күресіп көрдім, таныспын. Енді тек бар күшімді саламын, қалғанын бозкілем көрсетеді, – дейді Мейрамбек Қазиұлы.

Баласының осының алды Азия чемпионатында жүлдемен оралған кездегі және Олимпиадаға жолдама алғандағы сезімімен анасы Айна Қартбаева бөлісе кетті.

Мейрамбектің жолдама алғанын кенже ұлым Аманжан жеткізген еді. Естігенде әрине, отбасымызбен жүрегіміз жарылардай қуандық. Ал Азиядан оралғанда бапкерлері, ағайлары, достары, жанкүйерлері күтіп алды. 3 күннен кейін Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне шақыртып, қала әкімі, ағайлары және ауыл азаматтары құттықтап, сый-құрметтерін көрсеткен еді. Баламды қолдап жүрген ағайларына, сонымен қатар қазіргі бапкерлері Шоқан мен Дархан Ділмағамбетовтерге, достарына алғысым шексіз, — дейді ол. — Балам өте еңбекқор, қарапайым, мақтағанды ұнатпайды. Өте мейірімді, бауырмал, әділдікті жақсы көреді. Сондықтан бастысы, баламызға сенеміз, қолдаймыз. Әрине, баламызбен мақтанамыз, қалай мақтанбайық?! Бүкіл ел болып қуанып жатырмыз, — деді анасы.

Тағы бір қуанышты жаңалық, жуырда Ақтөбе облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы жерлес спортшыға автокөлік сыйлады. Сонымен қатар іс-шарада Мейрамбектің алғашқы бапкері Ғизат Түсіпбаевқа да сый-құрмет көрсетілді. Айта кетейік, көпшілік тағатсыздана күткен Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан еркін күрестен 4 спортшы бақ сынауда. Олар: Мейрамбек Қартбай (57 кг), Азамат Дәулетбеков (86 кг), Әлішер Ерғали (97 кг) және Юсуп Батырмұрзаев (125 кг).

Жалпы Қазақстан құрамасы егемен ел ретінде осыған дейін 7 жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан. Ал биылғы додада жалпы спорттың 92 түріне 80 спортшы қатысуда. Франция елінде бақ сынап жатқан 80 атлетіміздің 54-і ер адам болса, 26-сы әйелдер.

P.S. МАТЕРИАЛДЫҢ ОЛИМПИАДА АЛДЫНДА ЖАЗЫЛҒАНЫН АЙТЫП ӨТТІК. АЛ ҚАЗІР ФРАНЦИЯ ЕЛІНІҢ ҚАҚ ТӨРІНДЕГІ ДОДАНЫҢ 6-ШЫ КҮНІ ӨТУДЕ. ОСЫ АЛТЫ КҮНДЕ ЕЛДІҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫНА 3 МЕДАЛЬ ТҮСТІ. БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕНІҢ БІРІНШІ КҮНІ ИСЛАМ СӘТПАЕВ ПЕН АЛЕКСАНДРА ЛЕ ПНЕВМАТИКАЛЫҚ ОҚ АТУДАН КОМАНДАЛЫҚ САЙЫСТА ҚОЛА МЕДАЛЬ ИЕЛЕНІП, ЖАНКҮЙЕРЛЕРІН ҚУАНТСА, ЕКІНШІ КҮНІ ДЗЮДОШЫ ЕЛДОС СМЕТОВ АЛҒАШҚЫ АЛТЫНДЫ ЖЕҢІП АЛЫП, ЕЛДІ СҮЙІНШІЛЕТТІ. АЛ КЕЛЕСІ КҮНІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ ҚОРЖЫНЫНА ҚОЛА ЖҮЛДЕНІ ДЗЮДОШЫ ҒҰСМАН ҚЫРҒЫЗБАЕВ САЛДЫ. ӘЗІРГЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА 1 АЛТЫН, 2 ҚОЛАМЕН ЖҮЛДЕЛЕР КЕСТЕСІНДЕ 12-ШІ ОРЫНДА. АЙТА КЕТЕЙІК, МҰҒАЛЖАРЛЫҚМЕЙРАМБЕК ҚАРТБАЙ БОЗКІЛЕМГЕ 8 ТАМЫЗ КҮНІ 1/8 ФИНАЛДА ШЫҒАТЫН БОЛАДЫ.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас ақпараттар

СӘБИЛЕР ТӨЛҚҰЖАТ АЛДЫ

admin_mugalzhar

ЕЛІМІЗДІҢ БІРЕГЕЙЛІГІ — БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ!

admin_mugalzhar

«КҮМІС ЖАС»: 64 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.