Қандыағаш қаласының тұрғыны Эдуард Тәжімұлы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мемлекет тарапынан қаражат алып құлпынай өсіруді қолға алған. «NazBerry» деп аталатын ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрған ол 400 шаршы метр болатын аумаққа жылыжай кешенін салды.
Жылыжай кешенінің жұмысымен аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының төрағасы Көмекбай Бектұрғанов және кәсіп бастауға ниетті мұғалжарлықтар танысты.
-Құлпынай өсіру жұмыстары мамыр айында басталды. Бұған дейін жылыжайдың құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2300 түп құлпынай егілді. Дәмді жидекке балалар ғана емес, барша жұрт құмар болғандықтан осы кәсіпті қолға алдым. Құлпынай — пайдалы әрі дәмді жидек. Алайда ол — ерекше күтіп-баптауды талап ететін кірпияз өсімдік. Сондықтан оған екінің бірі кірісе бермейді. Бүгінгі таңда құлпынайдың голландиялық сорты егілді. Кәсібімізді енді бастап жатырғандықтан жылыжайда өндірілген өнімдер Қандыағаш қаласына сатылуда. Алдағы уақытта сұраныстың болуына байланысты облыс аумағындағы аудандарға жеткізу ойымызда бар, — дейді «NazBerry» ауыл шаруашылық өндірістік копперативінің директоры Эдуард Тәжімұлы.
Алқапта құлпынайдың голландиялық сорты ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсірілуде. Тамшылатып суарудың автоматты жүйесі қолданылған. Құлпынайдың бұл түрі өнімділігімен, яғни, бір маусымда бірнеше рет гүлдеп, өнім беретіндігімен ерекшеленеді.
Дәмі тіл үйіретін құлпынайдың бұл түрі ерте көктемнен бастап қара күзге дейін жемес береді.