«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті.

Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.

Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу, әлемдік жарыста жеңіске жету оңай емес. Білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында осындай биікке шығып жатсыздар. Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Қазақстанның болашағы – жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыздарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табылатынын атап өтті.

Жастарымыз жаһандық спорт және өнер додаларында жеңімпаз атанып, туымызды көкте желбіретіп жүр. Білім саласындағы беделіміз де артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Оның 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, ал 500-ге жуығы – қола медаль. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тағы да қайталап айтамын, біз әлемдік жарыста ел намысын қорғаған әр жеңімпазды мақтан тұтамыз. Сіздерді еліміздің бетке ұстар, лайықты азаматтары деп санаймын. Болашақта да Қазақстанның одан әрі дамуына қомақты үлес қосатындарыңызға кәміл сенемін, – деді Президент.

t.me/aqorda_resmi

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе облысында білім туризмі қарқынды дамуда

admin_mugalzhar

АУДАНДА ЕКІ АЙЛЫҚ СЕНБІЛІК БАСТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстандық мектептерде кейбір пәндер бойынша ұлдар мен қыздарды бөлек оқытуды ұсынылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.