«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢ АЛҒАШ ӘЛІППЕ ҰСТАТҚАН…

АҚКЕМЕР ОРТА МЕКТЕБІНДЕ ҰСТАЗДЫҚ ЕТЕТІН ГҮЛШАРА СЫДЫҚОВАНЫ ШӘКІРТТЕРІ МӘҢГІЛІК ЕСІНДЕ САҚТАЙТЫНЫ АНЫҚ. ӨЙТКЕНІ ОЛ ҚАНШАМА БАЛАНЫҢ ҚОЛЫНА ӘЛІППЕ ҰСТАТЫП, ЖАЗУДЫ ҮЙРЕТІП, ОҢЫ МЕН СОЛЫН ТАНЫТЫП, АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫ АТАНЫП, ОЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУДАҒЫ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ.

Ақкемер ауылында дүниеге келген Гүлшара Жалетқызы 1974 жылы Восток негізгі мектебінің табалдырығын аттайды. Сегіз жылдық мектепті үздік бітірген ол 1982 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын бітіріп келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын Жұрын ауылындағы орыс мектебінен бастайды.

Еңбек жолымның Жұрын ауылында басталуына әкем Жалеттің жұмыс бабымен ауысқаны себеп болды. Менің әкем бұрынғы Пролетар совхозы Восток бөлімшесінде басқарушы қызметін атқарды. Ал анам Жұмағыз ауылдық кітапханада кітапханашы болып көп жыл жұмыс жасады. Мектепте үздік оқыдым. Себебі ата-анам менің оқуға деген қызығушылығымды арттырып, сабақтарымды үнемі бақылауда ұстайтын. Жұрын ауылында 3 жылдай қызмет атқарып, 1989 жылы туған ауылыма қайтып келіп, жұмысымды Ақкемер орта мектебінде жалғастырдым. Кейін еңбек ете жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша бітірдім. Отыз сегіз жылдық еңбек өтілімде педагог-зерттеуші санатына өттім, — деді ол.

Гүлшара Сыдықова – тәжірибелі де білімді, мектеп тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған кәсіби ұстаздардың бірі. Адамгершілік қасиетті бәрінен жоғары қоятын педагог өз ісіне үлкен жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарайды. Ол бастауыш сыныптарға сабақ берумен қатар 2005 жылдан бері мектеп директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

-Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін тоқырау кезеңі басталды. Мұғалімдердің жалақысы уақытылы берілмеді, бірақ соған қарамастан мектептен кетпедім. Себебі оқушыларға деген сүйіспеншілігім жібермеді. Бастауыш сынып оқушылары жаңа парақ секілді. Сол аппақ параққа бар мейіріміңді салып, адамгершілік пен рухани құндылықтарды әдемілеп беретін болсаң, болашақта мықты тұлғаны тәрбиелейтінің анық. Әр балаға әріп танытып, оқыту, жазғызу, үйрету мен үшін үлкен мәртебе. Қазір мен тәрбиелеген шәкірттер үлкен қызметтер атқарып жүр. Оқушыларыммен үнемі байланыстамын. Ұмытпай хабарласып тұрады, мектебіміздің көркеюіне де өз үлестерін қосуда, — деді Гүлшара Жалетқызы.

Ол өзінің шәкірттерімен мақтанады. Оның 1982 жылғы түлектерінің ішінде Нұрлан Мұхамбетов үлкен кәсіпкер атанса, Әділбек Кавкаев әскери салада подполковник қызметін атқарады. Гүлшара Жалетқызының 2009 жылғы түлектері мектеп тарихында алғашқы «Алтын белгі» ие-герлері атанған. Ол тәбиелеген шәкірттер мемлекеттік білім гранттарын жеңіп алып, оқуларын сәтті аяқтап, түрлі салады білікті маман болып, елдің дамуына өз үлестерін қосуда.

Бес арысымыздың бірі Ж.Аймауытов «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер» деп айтып кеткен. Осы орайда ұстаз әрқашан сабақты қызықты етіп, түрлендіріп өткізіп отыруы тиіс. Сонда оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, өз беттерінше ізденіске ұмтылады. Сондай оқушының өз ізденісін тудыру соңғы кездері қатты қолға алынды, үлкен өзгерістерге жол ашты. Бұрын мектепте оқушыларға тек білім мен тәрбие берілсе, қазіргі таңда әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту сияқты өзекті мәселелерге көңіл бөлінеді. Өйткені заманға сай ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғары дайындығы бар білікті ұрпақ, мамандар қажет. Қазіргі оқушылар алған білімдерімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүру үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы функционалдық сауаттылыққа қол жеткізеді, — деген Гүлшара апай ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісті.

Ол ұстаздық жолындағы дамуын тоқтатпай, түрлі ғылым тәжірибелік орталығында өтетін пәндік олимпиадаларға, халықаралық авторлық семинарларға, республикалық ғылымипрактикалық тамыз конференцияларына қатысып, өзінің білімі мен біліктілігін арттырып, ізденіс үстінде жүреді.

Ардақты ұстаздың білім мен тәрбие берудегі тынымсыз еңбегі бағаланып, құрмет төрінен көрініп келеді. Ол 2016 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Құрмет» грамотасымен, «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы кәсіби даму институтының, Ақтөбе облысының білім басқармасының Алғыс хатымен марапталды. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Құрмет» громатасымен марапатталды. Абырой биігіндегі ұстаз бүгінде сүйікті жар, аяулы ана. Балаларынан тараған немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты әже.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ФОРУМ: АУДАН КӘСІПКЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

admin_mugalzhar

Зейнеткерлер 1 шілдеден БЖЗҚ-дағы барлық жинақ ақшасын шеше алады

admin_mugalzhar

Сайлауды ұйымдастырушылармен семинар өтті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.