Кеше Талдысай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді. Себебі ауылда мәдениет ошағы мен спорт алаңы салтанатты түрде ашылып, Beeline байланыс мұнарасы қойылды.
Еңбектіктердің қуанышына аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина ортақтасып, салтанатты шараның ашылуына куә болды. Олар Еңбек ауылының тұрғындарын әлеуметтік нысандардың ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Ауыл орталығынан бой көтерген ауылдық клубты Серік Сағындықов есімді ауыл азаматы өз қаржысына салған. Елу орындық көрермендерге арналған клуб үш бөлмеден тұрады. Бүгінде ғимарат Талдысай ауылдық әкімдігінің меншігіне берілген. Салтанатты түрде лентасы қиылған нысанның бірі – спорт алаңы. Спорт алаңына бюджеттен 33 600 000 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «ЕРКЕН и К» толық серіктестігі жүргізген. Енді ауыл балалары бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылданатын болады.
Сол күні еңбектіктер үшін осы уақытқа дейін маңызды мәселе болып келген байланысжүйесі де жолға қойылды. Бюджеттен бөлінген қаржыға Beeline байланыс жүйесін қамтамасыз ететін мұнара қойылды. Мұнараның монтаж жұмыстарын «REALS» ЖШС-і жүргізген. Ауыл тұрғындары қосылу жылдамдығы 3G+ желісін қамтамасыз ететін интернетті еркін пайдаланатын болады.
Н.КЕСІКҚҰЛ