«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, ЖҰРЫН?

ЖАЗ КЕЛІП, ЖЕР АЯҒЫ КЕҢІДІ. АЛ ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖЫЛДАҒЫ ДӘСТҮРІНЕН ЖАҢЫЛМАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАП, АУЫЛ ТЫНЫСЫН БІЛУ ҮШІН ІС САПАРДЫ БАСТАДЫ. ОСЫ ЖЫЛДАҒЫ «АУЫЛ АЙМАҚ» АЙДАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМАСЫ — ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНАН 30 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕ ОРНАЛАС ҚАН ЖҰРЫН АУЫЛЫ БОЛДЫ.

ЖАҢАРҒАН ЖОЛ — АУЫЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Қала іргесінде тұрса да Жұрын ауылына бару бұрын үлкен тәуекелділікті қажет ететін. Себебі шұрық тесік жолымен жүру мүмкін болмады. Жолға шыққан көліктің бөлшегі сынады, не дөңгелегі жарылады. Ал осы сапарымыз бұрынғыдан өзгерек, нақтырақ айтқанда, жайлы болды. Себебі өткен жылы екі ортаның жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жөндеу жұмыстарын «Ассана ДорСтрой» ЖШС-і жүргізді. Бұл жол ұзындығы 401 шақырымды құрайтын «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автожолының 50 шақырым бөлігі. Биыл Ізімбет ауылы мен Ембі қаласы арасындағы жол учаскесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жұмыстар жақын күндері басталады. Жөнделетін учаскенің ұзындығы – 39,9 шақырым. Жөнделген жолмен зырғып отырып, ауылға әп-сәтте кіріп келдік. Кіреберіс жолдан бастап, ауыл әкімдігі орналасқан орталықтағы көшеге дейін асфальтталған жолмен жеттік. Ауыл әкімдігінің ғимараты ескі болса да, өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеті жаңартылыпты. Іссапарымыз округ әкімі Рамазан Үргенішбаевтың кабинетінде сұхбат алудан басталды. Әңгімесін округтің әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастаған ауыл әкімі ауылда өзге ауылдар секілді өндіріс орындарымен кәсіпорын дардың жоқ екенін айтып, ауыл тұрғындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы құрылымдарында еңбек ететінін жеткізді.

Жұрын ауылдық округіне төрт елді мекен қарайды. Олар Жұрын, Көлденең-Темір, Көбелей ауылдары және №53 разъезд. Округте жалпы саны 1200-ден астам тұрғын тұрады. Округ орталығы Жұрын ауылында Қ. Жұбанов атындағы орта мектеп, «Мұхаммад» бөбекжай-бақшасы, бір дәрігерлік амбулатория, бір мәдениет үйі, бір кітапхана және бір ветеринарлық пункт бар. Округ бойынша 318 аулада 1297 адам тұрады. Ал округке қарасты өзге ауылдарда мектеп жоқ. Себебі ол жақта халық саны тым аз. Тек мал үшін отырған аз ғана тұрғын тұрады. Округтегі 54 шаруа қожалығы мал шаруашылығын дамытып отыр. Сонымен бірге бес дүкен, бір наубайхана, бір жылыжай ресми тіркелген. Жақында ауылымыздан мал бордақылау алаңы ашылды. Енді жартылай фабрикат шұжық цехын ашуды жоспарлап отырмыз,– деді округ әкімі Рамазан Көбейсінұлы.

АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІНДЕ — ЖАҢА СЕРПІН

Ауыл әкімі «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсіпкерлік саласын дамытып, шаруашылық жүргізуге мол мүмкіндік туғанын жеткізді. Аталған жоба аясында 2023 жылы 10 адам жеңілдетілген пайызбен 43 млн теңге көлемінде несие алса, 2024 жылы 11 адам құжат тапсырып, 76 млн 248 мың теңге несие алып, кәсіптерін жүргізуде. Айталық, өсімдік шаруашылығы бағытында Ержан Жүнісов есімді азамат «Tomo Pipino» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашып, екі бірдей жылыжайдың жұмысын жүргізіп отыр екен. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығы бой ынша картоп егуге несие алған 4 кәсіпкер жыл сайын картоп егіп, 5–6 тонна көлемінде өнім алып, оны ауыл тұрғындарына сатып отыр.

Нан өнімдерін жасауға несие алған кәсіпкер бүгінгі күні наубайханада әртүрлі нан өнімдерін сатуда. Ал ет өнімдерін жасауға несие алған тағы бір кәсіпкер ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша түрлі ет өнімдерін жасап, ұсынып келеді. Мал шаруашылығымен айналысуға несие алған жандардың қатары көп. Айталық, 8 кәсіпкер 43 бас ірі қара мал, 224 бас ұсақ жандық, 59 бас жылқы алып, мал басын өсіруде, – деді ауыл әкімі.

Ол соңғы екі жылда ауылда кәсіпкерлердің қатары көбеюіне байланысты салық түсімінің сәл де болса артқанын айтты. Округтің бір жылдық салық түсімі небары 4 млн теңгені құрайды. Бұл қаржыға ауыл көшелеріне орнатылған жарықтың төлемі мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлердің жетпеген жалақысы төленеді.

Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі жоғары. Ауылда көтерілген кез келген мәселені бірлесе отырып шешуге тырысамыз. Сонымен бірге ауыл кәсіпкерлері түрлі мәдени шаралардың өтуіне белсенді атсалысыып, өз ауылдарының мерейі үшін демеушілік жасап отырады,– деді ол.

ЖҰРЫННЫҢ КӨРКЕЮІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР

Сұхбат барысында ауыл әкімінен ауылішілік жолдардың жағдайын сұрадық. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы негізгі саналатын 8 көшеге асфальттың төселгенін, дегенмен тас жол төсеуді күтіп тұрған көшелердің барын жеткізді.

Алдағы уақытта ауылдағы қалған үш көшеге асфальт төсеп, құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Біз жобаларды жасап, дайындап, ұсыныс беріп қойдық. Дегенмен бұл жұмыстар бюджет қаражатының тапшылығына байланысты тоқтап тұр. Округтің жолдарын күтіп ұстауға жауапты мердігер мекеме өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқарып отыр. Үш жылға келісімшартқа отырдық. Олар жақында Жұрын ауылындағы ауылішілік көшелерге жол белгілерін сызу және орнату жұмыстарын атқарды. Алдағы уақытта жол бойындағы шөптерді шауып, тазартатын болады, — деді Рамазан Үргенішбаев.

Жолды күтіп ұстауға жауапты мердігер мекеме өкілдеріне округке қарасты өзге ауылдардың жолын қырып, тегістеу жұмыстарыда жүктелген. Олар қыс мезгілінде қардан тазалап, жаз мезгілінде жаң бырдан кейін жер жолдарды тегістеу жұмыстарын жүргізеді. Ауыл әкімі Көлденең-Темір ауылына көтерме жол салу жоспарда барын, аудан әкімдігіне ұсыныстың берілгенін айтты. Бұл жұмыстардың да жүзеге асырылуы бюджет қаражатының бөлінуіне байланысты болып отыр.

Ауыл көшелерін жарықтандыру жүйелі жүзеге асырылуда. Осы жылы Теміржол көшесінің жартысын жарықтандырамыз. Көше лерді жарықтандыру үшін Шалқар ауданымен келісімшартқа отыруымыз қажет. Себебі теміржолдың электр энергиясын пайдаланамыз. Ауылымызда «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан екі айлық сенбілік жұмыстарыда жақсы жүріп жатыр. Әр аптаның төртінші күні жаппай ауыл болып, сенбілікке шығып, ауылдың ішін, сыртын қоқыстан тазар тамыз. Ауылда екі саябақ бар. Осы жерлерге тал көшеттері отырғызылды, — деді ауыл әкімі.

САРЫ УАЙЫМҒА САЛҒАН САРЫ СУ

Жұрындықтардың жазылмайтын бас ауруына айналған маңызды мәселесі – ауыз су. Бұл мәселе жарты ғасырдан астам уақыт жалғасып келеді. Ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылса да, таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ауыл маңынан қазылған үш ұңғыма істен шыққан. Бүгінде тағы 500 метр жерден ұңғыма қазып, соның суын пайдаланып отыр. Алайда ол судың құрамында темір мен май көп. Шелекке ағызылып алынған судың лайлылығы былай тұрсын, бетінде қалқып май жүреді. Бұл мәселенің мән-жайын жасырмай айтқан ауыл әкімі тұрғындарды ауыз сумен қамту үшін ізденіс жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

— Ауыл маңында жерасты таза су қоры аз. Болса да, таза емес. Бірнеше мәрте қазылған су ұңғымалары көпке бармай бұзылып, істен шығады. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік қымбат бағаға су тазалау сүзгісін сатып алып, үйлеріне қондырды. Бірақ судың сапасының төмендігіне байланысты аппараттар бұзылып қалды. Менің де үйімде орнатылған су сүзгісі бұзылып қалғалы, Қандыағаш қаласынан су тасып отырған жайым бар. Осыдан екі жыл бұрын «Естемес» тауының астынан жерасты суы ның сынамасы алынған болатын. Бірақ әлі күнге дейін оның жауабы келмеді. Соны күтіп отырмыз. Егер сол жақтан жақсы жаңалық келсе, ұңғыма қазатын боламыз, — деді ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев.

Ол бұл мәселені шешуде тағы бір жолдың қарастырылып жатқанын айтты. Аудан әкімдігі тарапынан Ащысай ауылдық округінен Қаракөл ауылы арқылы ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Себебі Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтің орталығы Қаракөл ауылында да ауыз су мәселесі күн тәртібінде тұр.

ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАБЫС КӨЗІ

Ауыл әкімі сұхбат басында айтқан «Toma & Pipino» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жылыжай кешеніне барып, жұмысымен таныстық. «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен өз кәсібін ашқан кәсіпкер Ержан Жүнісов бізге кәсіптің қалыптасу жолымен кездескен қиындықтары туралы айтып, жылы жай жұмысын таныстырды. Ол бұл істі 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында бастаған. Жалпы аумағы 600 шаршы метрді құрайтын жерде екі жылыжай орналасқан. Оның бірі – 400 шаршы метр, екіншісі – 200 шаршы метр.

Жеңілдетілген несие алып, алғашқы жылыжай құрылысына 10 миллион теңге, екіншісіне 5 миллион теңге жұмсалды. Табысымыз жаман емес. Азды-көпті пайда көріп отырмыз. Жылыжайдың дайындық жұмыстарын наурыз айынан бастадық. Осы жылы қыста екпедік. Себебі кешен ішін жылыту мүмкін болмай отыр. Себебі газ бағасы қымбат. Газдан бөлек, электр энергиясы, су, сондай ақтұқым мен тыңайтқыш бағасы да арзан емес. Бұның барлығы қалтаға салмақ түсіреді. Бүгінде жылыжай кешенінің ішіндегі көшеттер өнімдерін бере бастады. Жақсы деген сұрыптағы қияр мен қызанақтарды отырғызып қойдық. Алдағы уақытта өзіміз күткен өнім көлемін аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жылыжай ішіне қияр мен қызанақ тан өзге салат жапырақтары, аскөк, құлпынай секілді өнімдерді де ектік, — деді ол.

Кәсіпкер жылыжай өнімдеріне деген сұраныстың көп екенін мәлімдеді. Айтуынша, аудан орталығынан келіп, өздері алып кететіндердің қатары көп екен.

АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ: ҚОЛЖЕТІМДІ ҚЫЗМЕТ, ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУ

Біз жұмыс сапары барысында Жұрын ауылдық амбулаториясына да бас сұғып, тұрғындарға көрсетіліп жатқан медициналық қызмет барысына куә болдық. 2019 жылы пайдалануға беріл ен жаңа амбулатория бүгінде ауыл тұрғындарына қолайлы жағдайда қызмет көрсетуде. Жалпы аумағы 378 шаршы метрді құрайтын ғимаратта екпе кабинеті, егу бөлмесі, күндізгі емдеу бөлімі, ЭКГ түсіру кабинеті және туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған арнайы бөлме қарастырылған. Мұнда елді мекендерді қоса есептегенде 15 медицина қызметкері еңбек етеді. Амбулаторияның жалпы тәжірибелік дәрігері Жанель Ақжан бұл қызметке бір жыл бұрын келген. Бұған дейін ауылда ұзақ жылдар бойы бір дәрігер халыққа қызмет еткен. Қазіргі таңда дәрігердің үш көмекші медбикесі бар. Олардың бірі ересектердің, екіншісі балалардың, үшіншісі жүкті әйелдердің денсаулығына жауап береді.

Қазіргі таңда амбулаторияда 1270 тұрғын тіркелген. Денсаулық сақтау мекемесі алғашқы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, тұрғындарды диспансерлік бақылауға алып, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргіземіз. Бүгінде диспансерлік есепте 198 адам тұрса, оның ішінде 30-ға жуығы – бала. Сондай-ақ 160-тан астам ересек тұрғын тегін дәрі дәрмекпен қамтамасыз етілуде, деді дәрігер Жанель Исламқызы.

Біз көрген медициналық мекемеде ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударылған. Қазір тоғыз жүкті әйел есепте тұр. Ал жүкті болу жасындағы әйелдер саны – 182. Ай сайын қажетті тексерулер жүргізіліп, олардың денсаулығы тұрақты бақылауда болады. Ауылдық амбулаторияда отыз жылға жуық уақыт медбике болып қызмет еткен Мейрамгүл Тағанова соңғы жылдары ауылда туу көрсеткішінің азайып бара жатқанын, бұрын жыл сайын 20-дан астам баланың дүниеге келгенін тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта бір жасқа тол маған 12 сәби дәрігерлік бақылауда. Біз олардың бойы мен салмағын өлшеп, физикалық және пси хологиялық дамуын қадағалаймыз. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес балаларды уақытылы вакцинациядан өткіземіз. Сонымен бірге тұрғындар үшін түрлі скринингтік тексерулерде ұйымдастырамыз. Маммография мен флюорография секілді арнайы тексерулерден өту үшін тұрғындар аудан орталығына жіберіледі. Ал ауыл тұрғындарын тіркеу, порталға енгізу секілді жұмыстар амбулатория қызметкерлерінің күшімен жүзеге асырылады, — деді Мейрамгүл Арынғазықызы.

Мекеменің күндізгі емдеу бөлімінде төрт орын қарастырылған. Мұнда науқастар дәрігер тағайындаған ем-шараларды алып, қажетті дәрі-дәрмектер мен тегін қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта күн сайын 13 адам ем қабылдап жүр. Амбулаторияда әлеуметтік қызметкер де жұмыс жасайды. Ол әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және қиын өмірлік жағдайға тап болған тұрғындар мен жұмыс жүргізеді. Қазіргі таңда ауылда туберкулезбен ауыратын бір ғана науқас тіркеуде тұр. Ол арнайы кабинетте ем қабылдап, дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ — БАСТЫ МАҚСАТ

Біз жұмыс барысында ауылдағы әлеуметтік нысандардың бірі– Қ.Жұбанов атындағы орта мектепке де барып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Бұрын ауылда екі мектеп болған. Оның бірі – қазақ мектебі, екіншісі – орыс мектебі. 1997 жылы екі білім ошағы біріктіріліп, қазіргі мектептің негізі қаланған. Бізді есік алдынан күтіп алған мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Данагүл Жанғожина бүгінде мектепте 246 оқушы білім алатынын, оның ішінде 10 бала мектепалды даярлық тобында тәрбиеленетінін айтты. Биыл 11-сыныпты 16 түлек аяқтаса, 9-сыныпты 27 оқушы бітіреді. Олардың үшеуі үздік аттестатқа үміткер.

Біздің білім ордамызда 43 мұғалім еңбек етеді. Сонымен қатар 27 кіші қызметкер мен мерзімдік жұмысшылар қызмет атқарады. Мұғалімдердің сапалық құрамы 46 пайызды құрайды. Қазіргі таңда мектепте бес жас маман жұмыс істеп жүр. Дегенмен жас мұғалімдердің қатарын толықтыру қажеттілігі де сезілуде. Ал мектеп тің білім сапасы 58,8 пайыз. Оқушылардың білім деңгейін арттыру мақсатында мұғалімдер жеке жұмыстар жүргізіп, білімдегі олқылықтардың орнын толтыру бағытында жүйелі еңбек етуде. Тәрбие жұмыстарыда назардан тыс қалған емес. Бірыңғай ұлттық тәрбие бағдарламасы аясындағы іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Ата аналар комитеті мектеп өміріне белсенді араласып, ұстаздармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарда жүйелі жолға қойылған, — деді ол.

АУЫЛҒА СПОРТ КЕШЕНІ ҚАЖЕТ

Жұрындық жастар спортқа жақын. Олар түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда бақ сынап, ауылдарының абыройын асқақтатып жүр. Енді ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев осы жастар үшін ауылға ангар типті спорттық кешен салуды жоспарлап жүргенін, алайда бюджет қаржысының тапшылығына байланысты кейінге қалып отырғанын жеткізді.

Ауылда футбол алаңы бар. Бұл алаң 2022 жылы салынған болатын. Жылына екі мәрте жөндеу жұмыстарын жүргізіп, барымызша күтіп ұстауға тырысып отырмыз. Ауылымызда футбол мен волейбол ойыны жақсы дамып келеді. Біздің мақсатымыз – жас тарға бар мүмкіндікті жасау. Мектеп ғимаратындағы спорт залы да кішілеу. Ол да жөндеу жұмыстарын талап етеді, — деді ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев.

Ол ауылда заманауи балалар ойын алаңының жоғын айтты. Бұлда бірнеше жыл бұрын салынған. Бүгінгі жағдайы күтіп-ұстау жұмыстары уақытылы жүргізіліп отырғандықтан, балалар игілігіне жарап тұр.

Ауыл орталығынан балалар ойын алаңын салу жоспарымызда бар. Жалпы ауылда жасалуды қажет ететін жұмыстар жетерлік. Жұрын ауылының маңынан автокөлікке газ құю бекетін салуға ұсыныс білдіріп отырған кәсіпкерлер бар. Бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілетін жері берілді. Енді аукционның қорытындысын күтеміз. Себебі газ құю бекетіне сұраныс өте көп. Себебі жол бойымен жүретін көлік нөпірі баршылық. Сонымен бірге Ізімбет ауылының жанынан да жол бойында осындай бекет салу ойда бар, — деді ауыл әкімі.

РУХАНИЯТ ПЕН БАЙЛАНЫС МЕКЕН

Жұрын ауылындағы мәдениет үйі тұрғындардың мәдени өміріне серпін беріп, рухани дамуына үлес қосып отырған маңызды нысандардың бірі. Бүгінде бұл ғимаратта мәдениет үйі, кітапхана және пошта бөлімшесінің орналасуы ауыл тұрғындарына қолайлы қызмет көрсе туге мүмкіндік беріп отыр. Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен 300 орындық мәдениет үйі бүгінде ауылдың қоғамдық және мәдени өмірінің орталығына айналып отыр. Мұнда бір директор, мәдени ұйымдастырушы, кіші қызметкер, екі күзетші және маусымдық негізде жұмыс жасайтын үш оператор қызмет атқарады.

Мәдениет үйінде түрлі жас тағы тұрғындарды қамтитын алты үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, домбыра, вокал, хор, отбасылық ансамбль және «Сәуле май» әжелер ансамблі өнер сүйер қауымның басын қосып отыр. Үйірмелерге жалпы саны 63 адам қатысады. Жыл бойы мәдениет үйінде мерейлі және атаулы күндерге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, — деді мәдениет үйінің директоры Қайрат Тағанов.

Мәдениет үйінің екінші қабатында ауыл кітапханасы орналасқан. Кітапханашы Құндыз Төреахметова басқаратын руханият ордасы ауыл оқырмандарына тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Кітапхана қоры бүгінде 27 мыңнан астам дананы құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер саны 9 мыңнан асады.

Өткен жылы кітапхана қоры 109 жаңа кітаппен толықты. Қазіргі таңда кітапхананың 755 тұрақты пайдаланушысы бар. Сонымен қатар онлайн қызметті пайдаланушылар саны да артып келеді. Оқырмандарға ыңғайлы болу үшін цифрлық форматтағы 211 кітап қолжетімді. Кітапхана жанынан 2024 жылдың 5 қыркүйе гінде заманауи коворкинг орталығы ашылып, жастар мен оқыр мандардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалып отыр. Мұнда түрлі кездесулер, танымдық шаралар мен шығармашылық басқосулар өткізіледі, — деді кітапханашы Құндыз Төреахметова.

Мәдениет үйінде орналасқан тағы бір маңызды қызмет көрсету орны – пошта бөлімшесі. Мұнда 2020 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Зағипа Дүзбаева тұрғындарға газет-журналдарды жеткізіп, ресми хаттарды таратады. Сонымен қатар коммуналдық төлемдерді қабылдап, онлайн сауда арқылы келген сәлемдемелерді үлестіреді. Пошта қызметкерінің айтуынша, соңғы жылдары тұрғындардың газет-журналға жазылуы азайған. Көпшілік ақпаратты интернет арқылы оқуды жөн көреді. Соған қарамастан бөлімше ауыл тұрғындарына маңызды қызмет көрсетуді жалғастырып келеді. Бүгінде ауылдағы 160 зейнет кердің жартысына жуығы зейнет ақыларын «Қазпошта» арқылы алады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Қандыағаш-Жұрын-Қандыағаш

 

 

Ұқсас ақпараттар

ҚОҚЫС: ЛАСТАНҒАН ТАБИҒАТ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ

admin_mugalzhar

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗ — ЕЛДІГІМНІҢ АЙҒАҒЫ

admin_mugalzhar

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА КІТАПХАНА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

admin_mugalzhar