Қандыағаш қаласы «Самал» мөлтек ауданы 5 кварталдан Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы рентген-радиология және радио биология ғылымдарының негізін салушы, қоғам қайраткері Сайым Балмұхановтың атына көше берілді.
Көшеге ат беру салтанатына Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы Аманжол Адаев, ғалымның немере інісі Мамед Қилыбаев, аудан әкімінің орынбасары Әкімжан Есенаманов, Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр және «Самал» мөлтек ауданының тұрғындары қатысты. Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр ұзындығы екі шақырым болатын көшеге 2021 жылы асфальт төселгенін айтты. Көше басына ғалым Сайым Балмұхановтың фотосы және қысқаша өмір дерегі жазылған белгі тақтайша қойылғанын мәлімдеді.
Жиында сөз алған дәрігер Аманжол Адаев академик Сайым Балмұхановтың Қазақстанда рентген-радиология және радиобиология ғылымының негізін қалаушы және оны қазіргі заманғы жоғары деңгейге жеткізуші ғалым ретінде белгілі тұлға екенін жеткізіп, ерен еңбегін еске алды.
— Сайым Балуанұлы тек Ақтөбе жеріне ғана емес, барша қазақ еліне ортақ ұлы тұлға. Ол Қазақстандағы онкологиялық қызметтің қалыптасып, дамуына үлес қосқан. Оның басшылығымен Қазақстандағы алғашқы онкологиялық ауруларды сәулемен емдейтін клиникалық база ашылды. «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының президиум мүшесі болған. Сонымен бірге Семей полигонында ядролық қаруларды сынаудың тұрғындарға тигізген әсерін зерттегені үшін Такаши Нагайи атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығын иеленген, — деді Аманжол Шүнгүлұлы.
Ол 1922 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданында дүниеге келген. 1943 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін аяқтағаннан кейін өз еркімен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған ол соғыстан аман келген соң Мәскеудің Рентгенология және радиология институтында білімін жетілдірген. 1953 жылы Алматыдағы медицина институтының рентгенология және радиология кафедрасын басқарған. 1959 жылы Мәскеуде докторлық диссертация қорғады. 1969-1973 жылдары Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында басшылық қызметте болды. Профессор Балмұханов халқына адал қызмет етті. 450-ден астам ғылыми жұмыс жазып, онкологиялық қызметтің, қатерлі ісікті жаңа әдістермен емдеуді жетілдірудің басы-қасында жүрген. Оның басшылығымен елімізде тұңғыш рет іш құрылысы ісіктерін сәулемен емдеудің клиникалық базасы ашылған. Дәрігер ғалым ядролық қарудың Семей өңірі тұрғындарының денсаулығына тигізген зиянын егжей-тегжейлі зерттеді. «Дәрігерлер ядролық соғысты болдырмау үшін» деп аталған бүкіләлемдік қозғалыстың қазақстандық жетекшісі, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының президиум мүшесі ретінде Балмұханов әлемнің радиацияға қарсы қайраткерлерінің қатарынан табылды. 1997 жылы оған Жапонияның халықаралық Бейбітшілік сыйлығы берілді.