ЕЛІМІЗДЕ ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ ЭНЕРГЕТИКТЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТЕДІ. АУДАН АУМАҒЫНДА ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ КӨП КҮРДЕЛІ САЛАДА КӨПТЕГЕН АДАМ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ. СОНЫҢ БІРІ – ҚУАНЫШБАЙ КӨПТІЛЕУОВ. ОЛ БҮГІНДЕ ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АУМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН МЫС ЖӘНЕ МЫРЫШ ӨНДІРЕТІН КЕНІШТЕ ЭЛЕКТРОМОНТЕР БОЛЫП ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ.
Кішкене болса да қателікті кешірмейтін күрделі мамандықты таңдаған Қуанышбай электр құрылғыларына бала күнінен қызыққан. Ал бұл қызығушылығы болашақ кәсібін таңдауға әсер етіп, кәсіби білім алды. Ол ес білгелі энергетик мамандығы туралы естіп-біліп келе жатқандарын тың біліммен толықтырып, техникалық тұрғыдан жаңа біліктілікті меңгерді. Оқыды, тәжірибе жинап, ауыл іргесінен салынып жатқан жаңа кенорнына жұмысқа тұрды.
—Бала күнімде түрлі техникаларға қызығып, оларды ашып көріп, тоқтарын ажыратып, өз бетімше жөндеу жұмыстарын жүргізетін едім. Мамандығымды жақсы көремін. Себебі энергетика үнемі сұранысқа ие және онсыз өмір сүру мүмкін емес. «Құндызды» кенішінде жұмыс жасағаныма бес жыл болды. Жұ-мысым өзіме ұнайды осындай еңселі компанияның қызметкері екенімді мақтаныш тұтамын. Өз жұмысымды қызықты да, келешегі мол жұмыс деп есептеймін. Бұл жұмыс маған тәжірбие жинақтауға, кәсіби және жеке қасиеттерімді дамытуға көмектеседі деп ойлаймын, — дейді Қуанышбай.
Өз мамандығының шебері болған кейіпкеріміз кеніш және өндірістік алаңдағы электр желілерін, электр құрылғыларын, дизельді электр станцияларына қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын аса жауапкершілікпен жасайды. Қызметкердің өзіне берген тапсырманы тиянақты орындайтынын айтқан «Құндызды» кенішінің басшысы Андрей Коробов: «Қуанышбай өз ісінің шебері, тапсырмаларды асқан жауапкершілікпен сапалы әрі уақытында атқарады. Ол сенімімізді ақтап жүрген қызметкерлеріміздің бірегейі», — деп оң пікірін білдірді.
Әріптестері де Қуанышбайдың кәсіби шеберлігінен бөлек адами қасиеттерін, жан-жағына мейіріммен қарап, адамгершілікті үнемі алға қоятынын, әрдайым көңілді жүріп, басқаларға да жақсы көңіл-күй сыйлап жүретінін айтады.
Жуырда Қуанышбай Көпті-леуов «КазГеоруд» компаниясында дәстүрлі өткізілетін байқауда «Айдың үздік қызметкері» деп танылып, сыйақыға ие болды. Сондай-ақ «Жыл жұмысшысы» байқауына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл байқаудың мақсаты — қызметкерлер мен жұмысшы маман дық иелерінің мәртебесін арттыру.
— «Компания менің талпыныстарымды елеп, мені қолдап жатқанына қуаныштымын. Менің кәсіби жетістіктерім кәсіпорынның ғана емес, жақындарым үшін де зор мақтаныш. Атан-анам мен жұбайым мені үнемі қолдап отырады. Ал бес балам менің қажырлы жұмыс жасап, жоғары белестерді бағындыруыма күш береді, — деді Қуанышбай Көптілеуов.
Суретте: оң жақта Қуанышбай Көптілеуов
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ