Еңбек ауылдық округіне қарасты Темір көпір ауылында жаңа мектеп ауыл балаларына есігін айқара ашты. Білім ордасының салтанатты ашылу шарасына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан мен аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, оқушыларын құттықтады.
Темір көпір №59 бастауыш мектебінің тарихы сонау 1937 жылдан басталады. Алғашында теміржолға қарасты шағын бастауыш мектепте теміржолшылардың балалары оқыған. Кейін бұрынғы вокзал ғимаратында орналасқан бастауыш мектеп ғимараты апатты деп танылып, 2022 жылы жаңа мектеп салуға шешім қабылданған.
Бүгінде жаңадан бой көтерген 60 орындық білім ошағы негізгі мектеп болып қайта жасақталды.
Бұған дейін бастауыш мектепте 17 бала білім алған. Енді 9-сыныпқа дейінгі ауыл балалары көрші ауылға сабылмай, өз ауылдарында сәнді әрі жарық, жылы әрі жайлы мектепте білім алуға мүмкіндік алды.
Жаңа мектептің құрылысына бюджеттен 415,5 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Град Строй Сервис» ЖШС-і жүргізген. Бір қабатты білім ошағында бірнеше пән кабинеттері бар. Олар заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, көрнекілік құралдарымен жабдықталған. Сонымен бірге асхана, спорт зал, кітапхана оқушылар игілігіне қызмет көрсететін болады. Білім ордасында жоғары білімді, санаттары жоғары 17 мұғалім қызмет атқарады.
Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан сыныптарды аралап, оқушыларды сөзге тартып, мектеп педагогтерімен кеңес өткізді.
“Мектептеріңізді аралап көрдік. Еңсесі биік, іші жайлы. Білім берушілерге де, білім алушыларға да жайлы жағдай жасалған. Бұл игі істер мемлекет басшының тапсырмасы, облыс әкімінің басшылығы негізінде жүзеге асырылуда. Оқушылармыз білімді болса, еліміздің болашағының жарқын болары сөзсіз. Сіздер жаңадан жасақталып жатқан ұжымсыздар. Сол себепті ауызбіршілікте, әдемі үндестікте қызмет жасайды деп үлкен сенім артамын. Ұстаздар қауымы білім сапасын арттырып қана қоймай, тәрбиеге де мән артып, білімді әрі тәрбиелі ұрпақ дайындауы қажет. Еңбектеріңізге сәттілік тілеймін”, — деді Жолдас Батырхан.
Теміркөпірліктер де ауылдан білім ошағының салынып, балаларының үйден қатынап оқитынына дән риза. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Нәдірбай Есенбаев бұл мектеп ғимараты ауыл тарихында алғаш рет салынып отырған әлеуметтік маңызы бар нысан екенін айтып, ауылға заманауи мектеп салдырған басшыларға алғысын жаудырды.
Ауылдағы бастауыш мектептің негізгі мектеп болып қайта жасақталғанына риза болғандардың бірі – ардагер-ұстаз Гүлжан Шайхина. Ол осы мектепте 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, көптеген оқушыларды білім нәрімен сусындатып, зор еңбек сіңірген. Ол өзі оқытқан шәкірттер бүгінде белді-белді маман болып, еліміздің дамуы жолында қызмет етіп жатқанын жеткізді.
“Осы жерге жиналып, бас қосуымыздың негізгі себебі — жаңа мектептің ашылуы.
Бұл күн баршамыз үшін ерекше маңызды, себебі мен осы ауылдың білім ордасында көптеген жылдар бойы қызмет атқарған едім. Ал енді осы білім ордасы жаңарған, жаңа ғимаратпен халқымызға қызмет көрсетуге кірісіп отыр. Жаңа мектеп – бұл тек ғимараттың жаңартылуы ғана емес, ол жаңа үміт, жаңа мүмкіндіктер, жаңа жетістіктердің бастауы. Қазіргі заман талабына сай жаңа мектептің ашылуы – баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Оқушыларға ізгі ниетпен, табандылықпен білім алуын, ал ұстаздарға шығармашылық табыс, шыдамдылық пен мейірімділік тілеймін. Мектебімізден түлеп, ұшқан шәкірттер бүгінде ауылымыздың дамуына өз үлестерін қосуда. «Туған жерге тағызым» акциясы аясында мектебімізге демеушілік көрсетіп, қолдау білдіруде. Бұл біз үшін үлкен қуаныш”, — деп қуанышымен бөлісті ардагер-ұстаз.