«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе облысындағы барлық қызметтің қарлы боран мен су тасқыны маусымына дайындығы талқыланды

Жиын барысында облыс басшысы Асхат Шахаров өңірдің авариялық-құтқару қызметтерін жоғары дайындық режиміне ауыстыруды тапсырды, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Басқосу қала мен аудандар әкімдерінің, ТЖ қызметі, коммуналдық кәсіпорындар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Барлық қызметтің алдағы қарлы боран мен су тасқыны кезеңіне дайындығын, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру шараларын, сондай-ақ коммуналдық жүйелер мен көлік инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жоспарлары талқыланды.

Халықты ықтимал тәуекелдер туралы уақытылы хабардар ету және ауа-райының өзгеруіне жедел ден қою мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Алдағы күндері ауа райының нашарлауына байланысты облыс әкімі қар тазалайтын техниканы алдын ала дайындап, ТЖ кезінде бірден жолдарға шығу қажеттігін атап өтті.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл 104 бірлік арнайы техниканың бар екендігі туралы айтып, бұдан басқа жолдарды қар мен мұздан тазарту бойынша қосымша 11 көлік жалға алынғандығын жеткізді. «КАЖсервис» ЖШС республикалық және халықаралық маңызы бар 1752 шақырым автомобиль жолдарына қызмет көрсетеді. Қызметкерлер саны – 326 адам.

Бұдан бөлек, 101 елді мекенде 246 шақырым қарлы учаскелерде қар ұстауға арналған темірбетон қоршаулар немесе уақытша қалқандар орнатылды. Кептелісті болдырмау үшін Хромтау және Қарабұтақ аудандарында ұзындығы 34 шақырым айналма жолдар салынды.

ТЖ Департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің хабарлауынша, қысқы кезеңде төтенше жағдайларға ден қою үшін құрамында 1 567 адам және 452 бірлік техника бар азаматтық қорғаныс күштері мен құралдары дайындалған. Қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін сыйымдылығы 11 мың адамды құрайтын 161 жылыту пункті дайын. Оның ішінде 46 пункт Қобда, Хромтау, Әйтеке би және Ырғыз аудандарындағы Самара-Шымкент тас жолының бойында орналасқан. Сондай-ақ жеті мыңнан астам автотұрақ дайындалды.

Кеңес барысында өңір басшысы гидротехникалық құрылыстар мен жол желісінің жай-күйін қатаң бақылау қажеттігін атап өтті, сондай-ақ қала мен аудандардың әкімдеріне жоспарланған барлық шаралардың іске асырылуын жеке бақылауды тапсырды.

«Аудан әкімдеріне жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын. Жолдарды қардан, оның ішінде әлеуметтік нысандар мен тұрғылықты жерлерге апаратын жолдардан үнемі тазалауды қамтамасыз ету қажет. Жолдарда көлік құралдарының жүргізушілері мен жолаушыларын эвакуациялауға дайын болу және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе су тасқыны жағдайын бақылау керек. Облыс аумағында синоптиктердің болжамы бойынша жылы ауа райы күтілуде, осыған байланысты су тасқыны маусымы ерте басталуы мүмкін. Өзендердің, су қоймаларының және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне мониторингті күшейту, сондай-ақ су басудың алдын-алу шараларын қабылдау маңызды. Жауапты қызметтерге техниканы дайындауды ұйымдастыру, құрылыс материалдарының резервтерін құру және халықты ықтимал тәуекелдер мен қабылданып жатқан шаралар туралы уақытында хабардар ету тапсырылады», – деп түйіндеді Асхат Шахаров.

Жиын қорытындысы бойынша әкім ағымдағы ахуалға мониторингті күшейту және барлық қызметтердің қолайсыз ауа райы жағдайында жедел іс-қимылдарға дайындығын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, ТЖ Департаменті жанынан туындаған мәселелерді жедел шешу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін штаб құрылды.

Ұқсас ақпараттар

«AMANAT» ПАРТИЯСЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗДІ

admin_mugalzhar

Коронавирусты емдеудің қарапайым әдісі анықталды

admin_mugalzhar

Залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізіледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.