Елде ұзындығы 584 шақырымды құрайтын 400-ге жуық бөгет жөнделді, деп хабарлайды 24kz сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
1500-ден астам гидронысан техникалық тексерістен өтіп, жаңғыртылды. 10 облыста 51 өзен, 814 шақырым су арнасы тазартылды. Бұл жайлы бас қалада өткен брифингте Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева мәлімдеді. «Су нысандары көктемгі тасқын кезеңіне тас-түйін дайын», — деді ол. Су басу қауіпін сейілту мақсатында көрші елдермен де келісім жүргізілген. Трансшекаралық өзендердің жай-күйі пысықталды.
-Көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазір жұмыс тобының құрамы, ережесі, 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Яғни, Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезінде ақпарат алмасуға келісті. Қытаймен де су тасқыны кезінде жұмыс екіжақты жүзеге асады. Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында біздің тарап Талас өзеңі арқылы келетін су көлемін арттыру туралы келісімге келді,-дейді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.