«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жасанды интеллект алаяқтардың айласына айналған – ІІМ

Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект пен таргеттік жарнаманың көмегімен жасалатын алаяқтық туралы ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Таргеттік жарнама — бұл әлеуметтік желілерде және онлайн-платформаларда ақпаратты белсенді түрде ілгерілету мақсатында қолданылатын әдіс. Оны бүгінде алаяқтар да пайдалануда. Бұл жалған инвестициялық қорлар немесе алаяқтар ұрлаған қаражатты қайтаруға бағытталған қызметтер болуы мүмкін.

Жарнама жасау кезінде кибералаяқтар танымал тұлғалардың, адвокаттардың видеоларын негізге ала отырып, халықты сендіру үшін оны жасанды интеллект арқылы бұрмалайды, -деп хабарлады ІІМ.

2024 жылы 2,5 мыңнан астам азамат өз қаражатын жалған инвестициялық қорларға салған.

Адамдар жоғалтқан ақшаларын қайтару үшін басқа алаяқтардан көмек сұрап, одан да үлкен сомадан айырылатын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғыны тауарды онлайн түрде сатып алуға жұмсаған 40 мың теңгесін қайтарғысы келіп, басқа алаяқтардың құрығына түсіп, 11 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған.

Алаяқтық жарнамаларды қалай тануға болады:

  • Жарнамалар оңай ақша табу мен тез баюдың жолдарын уәде етеді;
  • Сілтемелер кері байланыс көрсетілмеген немесе лицензиясыз күмәнді сайттарға апарады;
  • Карта, жеке куәлік немесе өзге де дербес деректерді енгізуді талап ететін сұраныстар;
  • Агрессивті маркетинг және «мүмкіндікті жіберіп алмау» туралы ұсыныстар;
  • Инвестициялық қор менеджерлерінің тынымсыз қоңыраулары;
  • Жарнамаға қатысатын танымал адамдардың бет әлпетіне назар аудару, ерін қозғалысы мен дауыстың бір-біріне сәйкес келмеуі.

Сақ болыңыз және күмәнді ұсыныстарға алданбаңыз, тек ресми дереккөздерге сеніңіз, — деп атап өтті ІІМ.

Ұқсас ақпараттар

Мұғалімді балағаттап, қоқыс қалдыру: 2025 жылы айыппұл қанша теңгеге өседі

admin_mugalzhar

Қазақстан шаруаларды 2030 жылға қарай отандық тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етеді

admin_mugalzhar

Елімізде 13,7 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

admin_mugalzhar