Facebook әлеуметтік желісі күмәнді жаңалықтарға ерекше белгі қоюды доғаратын болады. Себебі сондай белгіге бола жұрт жалған (фейк) жаңалықтармен көбірек бөлісе бастаған, деп жазады Mugalzhar.kz ақпарат агенттігі Qamshy.kz -тің Азаттыққа сілтеме жасаған мәліметіне сүйене отырып.
Бұл туралы Facebook компаниясының блогында айтылған. Компания әлеуметтік желіге жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша адамдар қызыл түспен арнайы белгі қойылған жаңалықтарды маңызды хабар ретінде қабылдаған.
Компания енді жалған жаңалықтарды белгілеудің жаңа алгоритмін іске қоспақшы. Яғни күмәнді жаңалықтың астынан өзге дерек көздерінен алынған тағы бірнеше жаңалық көрініп тұратын болады. Жаңа жүйені сынап көруге фактчекинг бойынша маманданған өзге компаниялар да қатысқан.
Өткен жылы Facebook әлеуметтік желісі жалған жаңалықтарға қарсы күрес кампаниясын бастаған. Ірі ақпараттық агенттіктер әлеуметтік желіге күмәнді жаңалықтарды белгілеуге белсенді түрде көмектескен. Қазіргі кезде Facebook компаниясы 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына байланысты АҚШ сенаты жүргізіп жатқан тексеруге де атсалысып отыр.