ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АРНАҒАН ЖОЛДАУЫНДА 2025 ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАҒАНЫ БЕЛГІЛІ «ОСЫ УАҚЫТ ІШІНДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ. ӘРІ БІЗ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫН ДӘРІПТЕУ АРҚЫЛЫ ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОР ЖӘНЕ НАҒЫЗ МАМАН БОЛУ ИДЕЯСЫН НАСИХАТТАЙМЫЗ», — ДЕДІ ПРЕЗИДЕНТ. ЯҒНИ, ҚОҒАМДА ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ, КӘСІБИЛІК СИЯҚТЫ ҚАСИЕТТЕР ӨТЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНУЫ ТИІС. ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫСШЫ САНАТЫНА ӘРТҮРЛІ МАМАНДЫҚТАР КІРЕДІ. ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ЭЛЕКТРИК МАМАНДЫҒЫ БАР. БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗ ОСЫ МАМАНДЫҚТА 10 ЖЫЛҒА ЖУЫҚ ЕҢБЕК ЕТІП, НАНЫН АДАЛ ЕҢБЕКПЕН ТАУЫП ЖҮРГЕН БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ АНАТОЛИЙ МАМАЕВ ТУРАЛЫ БОЛМАҚ.
Анатолий Мамаев Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінде 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Бұл әрине, алғашқы жұмыс орны емес. Ақтөбе политехникалық колледжінде техник-электромеханик мамандығын тәмамдағаннан кейін бірқатар мекемелерде еңбек етіпті. Мәселен, еңбек өтілін 2004 жылы “Монтаж-01” ЖШС-да бастайды. Қара жұмыстан басталған еңбек жолында өзін білікті маман ретінде көрсетіп, білімін үнемі жетілдіріп, оны практикада қолдана да білді.
Ал 2006 жылдан бастап «Қазақтелеком» мекемесінде, 2008 жылы «Базальт», 2011 жылы «Кентавр» ЖШС-терінде тер төгіп, 2013 жылы қазіргі жұмыс орнына орналасады.
—Менің жұмысым таңғы 8-де басталады. Негізінен электрик болып жұмыс жасаймын. Десе де осы мектепте басқа жұмыстарды да жасай беремін. Аула тазалап, қар аршып, мектептегі жылу жүйесіндегі ақауларды да оңдап, ағаш ұстасы да болып, мектеп жиһаздарын қалпына келтіру секілді барлық жұмысты қатар алып жүремін. Себебі күнде жарық сөніп, немесе электр сымдары үзіліп, жалпы электр мәселесіне қатысты жұмыстар көп бола бермейді. Себебі мектеп жуырда күрделі жөндеуден өтіп, барлық құрылғылар жаңартылды. Мен жұмысқа орналасқан жылдары барлығы көне, бір затты жөндесек, көпке жетпей тағы сынып, жамаумен өтетін едік. Ал қазір барлығы жаңа, — дейді Анатолий Заримханұлы.
Оның ойынша адамның жұмысы өзіне ұнауы керек. Адам жан қалауымен жұмыс істейтін болса, ол ешқашан шаршамайды. Біздің кейіпкеріміз де еңбек етуден жалыққан да, шаршаған да емес. Айтуынша, түк істемей үй-де отырса ғана шаршайды екен.
—Әрине, осы жылдар ішінде басқа жұмыс орындарынан шақыртулар болды. Бірақ осы білім ордасы менің екінші үйімдей болып кетті десем, артық айтқаным емес. Шыны керек, жалақы мардымсыз. Сол себепті де мен жасап жүрген жұмысыма орналасқысы келетіндер жоқтың қасы. Әрі «мен кетіп қалсам, кім келеді, бәріміз кете берсек, мектепте кім қалады?» деген ойлар мазалайды. Негізі жұмысым жақсы, өзіме ұнайды, ұжымдастарым да керемет жандар, — дейді ол.
Анатолий ағай өз жұмысын мінсіз атқарғанды жөн көреді. Әр күн сайын мектепте өзіне тапсырылған тапсырманы тиянақты орындауға асығады. Сондықтан да өзіне жүктелген жұмысты ерекше талпыныспен орындайды.
—Адам өзі қалай дағдыланса, сол дағдыдан ажырамайды. Мен өзім әуелден таңғы ұйқыдан ерте тұруды әдетке айналдырғанмын. Сол әдетпен жұмысқа кешікпей келуге тырысамын. Әрқайсысымыз өзімізге бекітілген міндетті қалтқысыз атқаруға атсалысамыз, — деді кейіпкеріміз.
Анатолий Мамаев өз мамандығының сұранысқа ие екенін жақсы біледі. Әрі жұмысы қаншалықты қиын болса да, ешқашан басқа мамандық алу туралы ойы болмағанын айтады.
—Ал жалпы, электрик мамандығы күн сайын ізденуді талап етеді, өйткені электр энергиясы саласында күн сайын неше түрлі өзгерістер болып жатыр, әрі тұтыну көлемі де айтарлықтай артып келеді. Бұл мамандықтың ең басты талабы — қауіпсіздік техникасын күн сайын сақтау, — деп сөзін аяқтады білікті маман.
Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ