«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ — ҰЛТ ТӘРБИЕСІ

Ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық. Қыз баланың бойында болуы тиіс осы қасиеттер туралы бүгін аудандық мәдениет үйінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен өткен “Қыз тағдыры — ұлт тағдыры” тақырыбындағы кездесуде кеңінен айтылды.
Аталған шараға Мұғалжар аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жұмагүл Асабаева, аудандық дін орталығының қоғаммен байланыс жөніндегі сектор меңгерушісі Анар Абубакирова, ОТЗЗҚК тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлдария Дангулова, аудандық аурухананың психологі Жансауле Алмухамбетова және колледж бен мектептің жоғары сынып оқитын қыз балалары қатысты.
Жиында алғаш сөз сөйлеген Жұмагүл Асабаева қыздың түзде өзінің қалай ұстағаны дұрыс екенін айтып, олардың өз уақыттарын тек білімге жұмсаулары қажеттігін де тілге тиек етті.
-Біздің халқымызда “қыз” деген сөздің өзі әдеміліктің, ибалылықтың синонимі ретінде қолданылады. Десе де бүгінде кейбір оқушы қыздардың тәртібінің  төмендеп бара жатқандығы көңілге кірбің ұялатады. Яғни, ибалы дейтін, немесе болуы тиіс қыздарымыздың арасындағы келеңсіз жағдайлар оқу-тәрбие  жұмыстарына кесірін  тигізіп жатқаны рас. Оқушыларымыздың  осындай түзде тентектік, оқуға салғырттық танытуының бірден-бір  себепшісі телефон деп білемін. Себебі оның ішіне бір кірсең, уақытың зая кетеді. Қай әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, қантөгіс, кісі  өлтіру, бәзбіреулердің ерсі қылықтары. Бұны көрген бала оған еліктеп, көргенін  істегісі келеді, — деді ол өз сөзінде.
Ал Анар Абубакирова өз кезегінде жақсы, дені сау ұрпақты тәрбиелеу ананың құрсағынан басталатынын айтып, қыздардың өз денсаулықтарына қазірден бастап ұқыпты болуына баса мән аудартты. Бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры, болашағы тұрғандығын, жауапкершілікті сезінудің маңыздылығын тарқатып, мысалдар келтіре отыра аналық кеңесін берді.

Ал полиция майоры Гүлдария Дангулова қазіргі технология дамыған кезде әлеуметтік желідегі таныстықта сақ болып, әр жүріс-тұрыста ақылдылық пен инабаттылықтың көрінісі табылуы керектігін айтты. Сонымен қатар қандай да бір мәселе туындаса, сұрақтар мазаласа, жеке басына зиян тигізетін жағдайларға тап болып жатса, кез келген уақытта хабарласуларына болатынын, өз тараптарынан көмектерін көрсететінін айтты.
Шара соңында психолог Жансауле Алмухамбетова қыздарға психологиялық кеңестер айтып, шағын тренинг өткізді. Ал студенттер мен оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, пікірлерін білдірді.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар наурыз айында қанша күн демалады?

admin_mugalzhar

ОБЛЫС ӘКІМІ «ЗӘРУ» ПАНТЫМЕН ЕМДЕУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

admin_mugalzhar

Қазақстан колледждеріне құжат қабылдау басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.