Қандыағаш қалалық №4 орта мектебінде Жұмысшы мамандықтары жылына орай «Жұмысшылар қалашығы» тақырыбында ата-аналардың қолдауымен мамандықтар жәрмеңкесі өткізілді.
Бұл жәрмеңке оқушыларға түрлі кәсіптермен жақын танысуға, олардың қыр-сыры мен маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді. Шара ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған Жолдауының үзіндісімен басталып, мектеп директоры Гүлмира Мусинаның сөзімен жалғасты.
-Жәрмеңке оқушылардың ерекше мамандықтарға деген қызығушылығын арттырады деп сенемін. Әрбір мамандықтың өзіндік маңызы бар және ең бастысы, әр адам өзінеұнайтын, жүрек қалауымен таңдаған кәсіппен айналысуы керек. Осындай шаралар оқушылардың болашақта таңдауын дұрыс жасауына септігін тигізеді, — деді ол.
Іс-шара барысында теміржол, медицина, төтенше жағдай, шаштараз, сәнсалоны, тігін ісі, слесарь-дәнекерлеу, аспаз сынды мамандықтар бойынша еңбек етіп жүргената-аналар өз мамандықтарының қыр-сырларымен бөлісіп, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар берді. Әр мамандықтың қоғамдағы рөлі мен қажеттілігі туралы қызықты таныстырылымдар ұсынылды.
Шара барысында оқушылар өз қалаулары бойынша мамандық иелерін таңдаса, ал маман иелері жоғарғы деңгейде таныстырылым жасады. Мәселен, аспазшы тағам өнерінің қыр-сырын үйретіп, дәмді тағамдар дайындаудың әдістерімен бөліссе, төтенше жағдай қызметкерлері құтқарушылардың қандай қасиеттерге ие болуы керектігін, жұмыста қандай жағдайлармен бетпе бет келетіндігін ашып айтты. Ал слесарь-дәнекерлеушілер құрал-сайман, қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, мамандықтарының қазіргі таңда көп сұранысты қажет ететін мамандық екенін тілге тиекетті. Ал теміржолшылар осы мамандықтың бірнеше салалардан тұратындығын, үнемі сұранысқа ие мамандық болып қалатындығын, оқуға түсу үшін қай пәнді тереңірек оқу керектігін жеткізсе, медицина қызметкерлері де өз саласы бойынша түсіндірме жасап, алғашқы көмек көрсетудің маңыздылығын айтып, медициналық сараптамалардың түрлерімен таныстырды. Сонымен қатар шаштараз ер балаларың шаштарын қиып, сән салоны қызметкерлері мен тігіншілер сұлулық пен сән индустриясының заманауи трендтерін таныстырды.
Шара соңында қонақ болып келген мамандық иелеріне мектеп директоры Гүлмира Мусинаның атынан Алғыс хаттар табысталып, сыйлықтар ұсынылды.
А.МАНАСБАЕВА