Жеке куәлікті онлайн ауыстыру тек оның мерзімі өтіп кету себебімен ғана жүзеге асырылатыны көрсетілген. Қазақстандықтар жеке куәлігін онлайн форматта ауыстыра алады. Елімізде пилоттық жоба іске қосылып жатыр. Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
«Жоба «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңды іске асыру шеңберінде үдерісті жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарына төлқұжаттарды және жеке куәліктерді беру мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру мақсатында әзірленді.
Жобаның мақсаты – 2026 жылдың 1 наурызына дейін жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жеке куәлік беру бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуді қолданыстағы тәртіпке балама ретінде онлайн форматқа көшіру», — делінген құжаттың түсіндірмесінде.
Жеке куәлікті онлайн ауыстыру тек оның мерзімі өтіп кету себебімен ғана жүзеге асырылатыны көрсетілген. Қызмет мына жағдайларда ғана көрсетіледі:
- жеке куәлік мерзімінің аяқталуына 30 немесе одан аз күн қалса;
- жеке куәліктің қолданылу мерзімінен 10 күнтізбелік күн ғана асса.
«Өзге себеп бойынша қызмет «Электрондық үкімет» порталы және мобильді қосымшалар арқылы көрсетілмейді және көрсетілетін қызметті алушыға «рәсімдеу мүмкін емес, Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініңіз» деген хабарлама жіберіледі», — делінген құжатта.
«Электрондық үкіметтің» ресми сайтында хабарланғандай, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі азаматтарға 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында жарамды. Оның аумағында тұратын Қазақстан Республикасының барлық азаматында жеке куәлік болуы міндетті. Жеке куәлік 10 жылға беріледі.
Еске сала кетейік, былтыр жазда 15 маусымнан бастап қазақстандықтардың жеке куәліктері жаңа үлгі бойынша беріле бастағаны хабарланған болатын — құжатта бірнеше жаңа өріс пайда болды.
Кейінірек жаңа үлгідегі жеке куәліктің қандай екені көрсетілді. Жеке куәліктің алдыңғы жағында бұрынғыдай жеке деректер көрсетіледі — тегі, аты, әкесінің аты және туған күні. Азаматтың жынысы туралы ақпарат жаңадан қосылды — ол Е немесе Ә әріптерімен төменгі оң жақ бұрышта белгіленген.
Құжатты берген орган туралы ақпарат жарамдылық мерзімінің оң жағында орналасқан.