Гүлнар СЕЙТАЛИНА,
С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бірталай мәселе көтерілді. Соның ішінде жастардың санасын улайтын алаяқ коуч-психологтар туралы жақсы айтылды.
«Қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Расында, бүгінгі таңда ақылы ақыл айтатындар азаймай тұр. Әлгі пысықайлар қомақты қаржыны талап етіп, талай адамды сан соқтырып жатыр. Бұл материалдық шығын ғана әкелмей, адасуға, соның салдарынан қайғылы оқиғаларға жеткізіп отыр. Олардың кәсіби білімі мен білігін тексеретіндер аз… Осы ретте біздің С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында түрлі мамандар – аудармашы, психолог, теологтар ақысыз негізде шеберлік сабақтарын өткізіп, игі іске атсалысып жүргенін айта кету керек. Хакім Абай «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге», – демекші, жастар кез келген мәселені арнаулы әдебиеттен де оқи алады. Жылма-жыл кітап қорымыз молаю үстінде. Айталық, былтыр 1454 кітап түссе, биылғы 2 айда 200-ге жуық әдебиет қабылданды. Бізге тіркелген 80 мыңға жуық оқырманымыз, басқа да қала тұрғындары психология, дін салалары бойынша көптеген кітапты бізден таба алады. Қазірдің өзінде қызметімізге сұраныс айтарлықтай. Демалыс күндері 200-ден астам оқырман келеді.
Әсіресе, жастар білместікпен, аңғалдықпен тура жолдан тайқып жататыны жасырын емес. Бұның алдын алу үшін мемлекеттік мекеме, құзырлы органдардың бақылауындағы орталықтарда ұйымдастырылған жиын-басқосу, шеберлік сабақ, семинар-тренингтерге қатысып, кәсіби мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Бізде өткізілетін шаралар – соның бір көрінісі.