Бірнеше күннен бері облыста ауа райы жылынып, қар еріп жатыр. Осыған байланысты қазір өңірде су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Екі күн бұрын Ойыл ауданындағы уақытша өткелді су шайып кетіп, қазір аудан тұрғындары өткелден қайықпен өтіп жатыр., — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Сенбі күні өңірдегі су тасқынына қарсы штабтың отырысын өткізген облыс әкімі Асхат Шахаров төтенше жағдайдың алдын алу іс-шараларының орындалу барысын зерделеп, су басу қаупін азайту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Облыс аумағындағы жағдайы туралы Қазгидромет филиалының директоры Айгүл Саймова, облыстық «Қазсушар» филиалының директоры Ринат Шәуенов, қала әкімі Азамат Бекет, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергенов және бірқатар аудан әкімдері баяндама жасады.
Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, облыс орталығы мен бірнеше ауданда өзендердің қауіпті аумақтарында жүргізілген мұз жару жұмыстары аяқталды. Еріген қар суларын сору, қар шығару, су арналарын кеңейту, арықтар мен су өткізгіш құбырларды тазарту жұмыстары әлі де жалғасуда.
Жиында облыс әкімі аудан әкімдеріне көктемгі тасқын кезінде автожолдардың су басу қаупі басым проблемалық учаскелерін жіті бақылауға алуды жүктеді.
— Ауа райы болжамына сәйкес алдағы үш күнде сынап бағаны 16 градусқа дейін күрт жоғарылайды. Сондықтан дайындық шараларын мейлінше күшейту қажет. Барлық күш-жігер су тасқынының алдын алу шараларына бағытталуға тиіс. Аула аумақтары мен жол жиектерінен қар шығару және су айдау жұмыстарын жеделдету керек, дренаждық жүйелер мен арналарды бақылап, олардың толып кетпеуін және бітеліп қалмауын уақтылы бақылап отыру керек.Әрбір жауапты басшы осы іс-шаралардың уақтылы орындалуына тікелей жауапты болады. Халықты және инфрақұрылымды су тасқынынан қорғау мәселесі ең басты міндет болып қалуға тиіс, — деді А.Шахаров.
Белгілі болғандай, қазір Ойыл ауданындағы жағдай тұрақты. Бүгінде мұнда тұрғындарды 5 қайықпен тасуда. Бұл жұмыстарға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен әскери бөлімдердің сарбаздары жұмылдырылған.
— Қазір Ойыл ауданында уақытша өткелді су шайып кетуіне байланысты жол қатынасы тоқтап тұр. Тұрғындарды департамент қызметкерлері қайықпен өткізіп, жолға жеткізіп жатыр. Екі күн ішінде 350-ге жуық адам тасымалданды. Бұдан бөлек Ойыл ауылы аумағында су шайған өткелді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы ауылдың кіреберісіндегі Ойыл өзені арқылы техникалық көпір салу жұмыстарын жедел аяқтауды қатаң тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар осы аптада аяқталады. Жалпы облыстағы жағдай тұрақты, штаб жұмысын жүргізіп жатыр. Басқа аудандарда қауіп жоқ, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Әлішер Сарбаев.
Тасқынның алдын алу, бұл ретте су арналарын бұру, қар тазарту жұмыстары Ақтөбе қаласында да жүргізілуде. Қала әкімі Азамат Бекет демалыс күндері бірқатар елді мекендегі түнгі жұмыс барысын қарап шықты.
— Бүгін Ақтөбеде ауа температурасы күрт жылынып, қала аумағындағы елді мекендерде су жүре бастады. Осы түнде Қурайлы, Жаңақоныс, Бауырластар тұрғын алаптарын мамандармен бірге қарап шықтық. Осы аталған елді мекендер аумағынан дала сулары жылдағы өз арнасымен ағып жатыр. Арналардың аймағын бекіту, судың бағытын бұру шаралары атқарылуда. Қаланың барлық коммуналдық қызметі, құтқару қызметтері күшейтілген режимге көшірілді. Қазір төтенше жағдайлар қызметі мен аудан әкімдіктерінің өкілдері және техникалар түнгі кезекшілікте тұр. Бүгінде қаладағы тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Жағдайды бұдан әрі де қадағалауды жалғастырамыз, — деді Азамат Бекет.
Айта кету керек, облыста су басу қаупі бар 60-қа жуық елді мекен тіркелген. Әзірге олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.