Аудандық мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Жұмысшы мамандықтары жылына орай «UZDIK MEKEME -2025» аудандық көркемөнерпаздар байқауы өтуде.
Аталған байқауға аудан бойынша жалпы саны 11 команда қатысуда.
Атап айтатын болсақ, Ембі қалалық №2, №3, №7 орта мектептерінің, Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының, «Күншуақ», «Жансая», «Самал», Қарлығаш» бөбекжай-бақшалары, және «Коммуналшы» мекемесінің көркемөнерпаздары өздерінің актерлік шеберліктерін көрсетіп, ұйымдастырушылар ұсынған Қазақ хандығының 560 жылдық, Мөңке бидің 350 жылдық, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық, әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық, ақын Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойларына бағытталған толыққанды тақырыпты ашуға тырысты.
Айталық, байқауға қатысқан командалардың бірі мектепте қызмет ететін тазалықшы апай мен жұмысшы ағайдың еңбектерін ашуға тырысса, бірі Мөңке бидің айтқанын нақышына келтіріп орындап, тарихтан тамыр тартатын тарихи оқиғаларды шебер бейнеледі. Өндіріс саласында еңбек етіп жүрген «Коммуналшы» мекемесінің мамандары сахна төрінде өздерінің бір күндік жұмыс күнінен көрініс қойып, тұтушылармен араларында орын алатын қызықты оқиғаларын бейнеліп, көрермендерді күлкіге қарық етті.
Ұйымдастырушылар көркемөнерпаздар байқауының мақсаты — аудан көлемінде орналасқан округтер мен мекемелердегі көркемөнерпаздар шығармашылығының барлық жанрлары мен түрлерін дамыту, ұлттық фольклорды жаңғырту, сақтау, патриоттық әндермен жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, халық арасынан талантты өнерпаз жастарды тауып, өнерлерін халық алдына паш ету екенін айтып, байқау жеңімпаздары мамыр айында өтетін арнайы шарада марапатталатынын жеткізді.