Бүгінде оқимын деген жастарға барынша мүмкіндіктер жасалуда. Айталық, олардың тегін оқуы үшін мемлекеттік гранттардың санын арттыруда. Айталық, Қандыағаш қаласында орналасқан Мұғалжар гуманитарлытехникалық колледжіне мемлекеттік тапсырыс негізінде гуманитарлытехникалық бағытта грант орындары көбірек берілген. Бұл туралы аталған колледждің атқарушы директоры Ильяш Ниязова айтты.
Аталған оқу орыны осы жылы мемлекеттік аттестацияны жоғары деңгейде тапсырып, мемлекеттік тапсырыс негізінде гуманитарлы-техникалық бағытта грант орындары көптеп берілген. 2023-2024 оқу жылында тегін оқу орындарына оқу озаттары, әр жылғы мектеп түлектері, жұмыссыз жастар және мүмкіндігі бар азаматтар, көпбалалы отбасы мүшелері қабылданады.
— Осы оқу жылында Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінде «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау және бұрғылау жұмыстарының технологиясы», «Құқықтану», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар», «Сандық техника», «Теміржолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Электрмен қамтамасыз ету», «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша түлектерді қабылдап жатырмыз. Аталған мамандықтар бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алуға болады. Сондайақ студентке арнайы стипендия бөлінеді. Оқу-жұмыс бағдарламасы бойынша арнайы пәндердің және оқу-тәжірибе сағаттарының 60% мекемелерде өткізу жоспарланған. Колледжді бітірген жастарды кәсіби машықтау мақсатында аудан бойынша 11 мекемемен әлеуметтік-серіктестік меморандумы бойынша тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Түлектерді қабылдау мерзімі 25 тамызға дейін жалғасады, — деді Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінің атқарушы директоры Илияш Ниязова.
Н.АБАТ