Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Кизатов қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген өзгерістер туралы айтты. Бұл өзгерістердің арқасында Қазақстан азаматтарына алаяқтар рәсімдеген несиені кешіру мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды tengrinews.kz сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.
Олжас Кизатовтың айтуынша, қазіргі заң бойынша алаяқтық жолмен алынған несиелер тек сот шешімімен ғана кешіріледі. Бұл зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауды қиындатады. Жаңа заң жобасы аясында сотқа дейінгі кешіру үшін жаңа негіздер ұсынылып отыр. Атап айтқанда, банктен немесе микроқаржы ұйымынан (МҚҰ) алғашқы несие алу кезінде тұтынушының жеке өзі баруы міндетті болады, сондай-ақ 24 сағаттық «суыту мерзімі» енгізіледі. Бұл уақытта қарыз алушы алған несиеден бас тарта алады.
«Сондай-ақ, кейбір азаматтар санаты үшін қосымша талаптар қойылады, яғни несие алу үшін қосымша келісім қажет болады. Егер бұл талаптар бұзылса, банктер мен МҚҰ-лар бұл несиелерді сотқа дейін кешіруге тиіс. Бұған қоса, егер банк немесе МҚҰ биометриялық сәйкестендіру тәртібін бұзса, антифрод-орталықтың талаптарын сақтамаса, клиенттің жеке деректерін заңсыз пайдаланса, онда сот арқылы кешіру негіздері де кеңейтіледі», – деді ол.
Оның сөзінше, мұндай бұзушылықтар сотта дәлелденсе, банктер мен МҚҰ-лар ондай несиелерді міндетті түрде есептен шығаруы керек болады.
«Заң жобасында банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін сотқа дейінгі есептен шығару талаптары енгізіліп отыр, бұл қазіргі заңнамада жоқ, сондай-ақ сот арқылы кешіру негіздері кеңейтіліп жатыр», – деп түйіндеді ол.