Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мемлекеттік қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында онлайн бюджеттік мониторинг жүйесін енгізіп отыр. Жаңа жүйе – бюджеттік шығындарды бақылаудың заманауи әрі ашық тетігі.
Онлайн бюджеттік мониторинг – бұл нақты уақыт режимінде бюджеттік қаражаттың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа. Оның көмегімен мемлекеттік мекемелердің қаржы игеруі туралы деректер халыққа ашық ұсынылады.
Комитеттің мәліметінше, бұл бастама бюджетті жоспарлау мен орындау кезеңдеріндегі айқындықты арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және халықтың билікке деген сенімін күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл платформа өңірлер мен мекемелер арасындағы қаржылық салыстырмалы талдау жасауға жағдай туғызады.
Онлайн бюджеттік мониторинг құралы – «Ашық үкімет» тұжырымдамасын іске асырудың нақты көрінісі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №597 бұйрығымен бекітілген тәуекелдерді басқарудың типтік жүйесіне сәйкес, жалақы төлеуге бағытталған бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейту мақсатында Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті жалақы төлемдерін білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында мониторинг жүргізуде.
Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесінде барлығы 11 түрлі профиль бойынша 16 174 тәуекел саны тіркелді, оның ішінде 3063 тәуекел қаралып, жалпы сомасы 1 691,5 млн.теңгені құрайтын 162 хабарлама жолданды.
Мониторинг нәтижесінде, №11 профиль «жылына 8-14 млн теңге көлемінде артық қаражат аудару тәуекелі» бойынша «Хромтау ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде, «Қарлау бастауыш мектеп» мұғаліміне 2024 жылдың ақпан-тамыз айлары аралығында 2,1 млн теңге артық жалақы аударылғаны анықталды.
Сонымен қатар, Ақтөбе қаласының «Қ. Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицей» КММ-де №8 профиль «800 мың теңгеден асатын артық қаражатты (бірнеше төлеммен) аудару тәуекелі» бойынша география пәні мұғалімі және техникалық персоналға жалпы сомасы 396,8 мың. теңге артық жалақы аударылғаны анықталды.
Аталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, келтірілген шығын толық көлемде мемлекеттік бюджетке өтелді.
Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің бас маманы Еңсепова Бану Дүйсенбекқызы