«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Денсаулықты сақтандыру маңызды

Биылғы медицина саласына енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 30-ға жуық жеке медициналық орталықтар халыққа тегін қызмет көрсетеді. Олардың басым көпшілігі науқастарды стационар  жағдайында емдейді. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас маманы Салтанат Оңғар бүгін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша Мұғалжар ауданының жеке кәсіпкерлерімен және шаруа қожалық иелерімен өткен жиында айтты.

Оның айтуынша, кез келген науқас өздерінің жергілікті емханаларында қаралып, дертіне байланысты дәрігерлердің ауруханаға жату қажеттігі жайындағы жолдамасымен Ақтөбедегі медициналық орталықтарды таңдап, ем ала алады. Ол үшін әрбір адам ұялы телефондарына ұлттық бақылау қосымшасын енгізіп, сол арқылы сапалы медициналық қызмет көрсететін орталықтарды таңдауына болады. Мұндағы мақсат – ауруханалар мен емханалар арасындағы бәсекелестікті қалыптастыру. Енді халыққа сапалы медициналық қызмет көрсете алмайтын орталықтар мемлекет тарапынан қаржыландырудан қалыс қалады.

Жиналыста бас маман сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша төленетін төлемдер жайында да мағлұматтар берді. 2018-2019 жылдар аралығында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері қарамағындағы жұмысшыларына міндетті әлеуметтік сақтандыруға 1,5 пайыз көлемінде төлем төлейді.

— Өздеріңізге белгілі, медициналық сақтандыру жүйесі өткен жылдан бастап жүзеге асып келеді. Дегенмен Ақтөбе облысында бұл орайда атқарылған жұмыстың көрсеткіші көңіл көншітіп отырған жоқ. Мұны Елбасы былтырғы жылдың аяғында атап кетті. Медициналық сақтандыру жүйесінің талабына сәйкес, бұған дейін жеке кәсіпкерлер өздеріне және жұмысшыларына төлеп келсе, енді олар тек қана жұмысшыларына төлейтін болады. Сондай-ақ,  жеке  кәсіпкерлер үшін әлеуметтік аударымнан 1,5 пайызға жеңілдетіліп отыр. Яғни, бұрын 5 пайыз болса, қазір 3,5 пайыз төлейді. Ал егер сақтандыру бойынша жұмысшыларына төлем төлеуді уақытында жүзеге асырмаса, әр төленбеген күніне 2,5 пайыз үстемақы қосылып отырады. Сондықтан, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері мұны ескергендері абзал. Мұның себебі, алдағы уақытта медициналық сақтандыру жүйесі іске асқан уақытта бірде-бір адам науқастанған кезде медициналық көмекті алмай қалмауы тиіс. Бұл жүйенің қажеттілігі мен тиімділігі әлем тәжірибесінде дәлелденген. Осы бағытта қазіргі таңда, ауқымды түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, — деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас маманы Салтанат Оңғар.

Кездесу барысында бас маман жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

Киіз басып, текемет тіккен әже

admin_mugalzhar

ЛИНОТИПИСТ — ҚАПИЗА АПАЙ

admin_mugalzhar

90 ЖЫЛ ОҚЫРМАНЫМЕН БІРГЕ…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.