Сағашилі ауылында жаңадан бой көтерген спорт кешенінде дзюдодан жасөспірімдер арасында Алмаз Жакуповты еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті.
Додалы жарысқа Ақтөбе, Қандыағаш, Ембі қалаларынан және Байғанин, Темір аудандарынан жалпы саны 10 команда қатысты.
Алмаз Жакупов 1989 жылы Сағашилі ауылында дүниеге келген. Мұғалжар аудандық электрмен жабдықтау мекемесінде қызмет етіп жүріп, қызметтік міндеті барысында қайғылы оқиға орын алып, мезгілсіз қайтыс болған еді.
Ол өзінің аз ғана ғұмырында қызметін аса жауапкершілікпен атқарып, өзінің туған ауылы Сағашилінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық турнир оның елеулі еңбегін бағалап, жарқын бейнесін ұмытпай, жас буынға үлгі ету мақсатында жыл сайын өткізіліп тұрады.
Шараны ұйымдастыруға “Ақтөбе Энерго Систем”, “Қалау+” ЖШС-тері мен “Жәннәт бақшасы” қайырымдылық қоры және сыныптастары демеушілік жасаған.
Сонымен бірге сол маңға киіз үй тігіліп, жарыс қатысушыларына ас берілді.
2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен спорт жарысы тартысты өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және Мақтау қағаздарымен марапатталды.