«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ПОЭЗИЯҒА ҒАШЫҚ ЖҮРЕКТЕРДІҢ БАСЫН ҚОСҚАН КЛУБ

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ПОЭЗИЯ КЛУБЫ — ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАСТАР МЕН АҚЫНЖАНДЫ ЖАНДАРДЫҢ МЕКЕНІ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУДАН КӨЛЕМІНДЕ ӨТЕТІН МЕРЕКЕЛІК, ЕСКЕ АЛУ КЕШТЕРІ МЕН ӨЗГЕ ДЕ МӘДЕНИ ШАРАЛАРДАН ЕРЕКШЕ ЕСІМДЕР КӨЗГЕ ТҮСЕ БАСТАДЫ. КӨРЕРМЕННІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒЫП, ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБА БІЛГЕН БҰЛ ЖАСТАР – «POETRY TIME» ПОЭЗИЯ КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ЕКЕН.

Аталған клуб 2023 жылдың қаңтар айында ашылған. Идея авторы әрі жетекшісі — Гүлназ Абиева мен оның әріптесі Ақылай есімді поэзия сүйер жан. — Екеуміз поэзия оқып жүрген едік, содан кейін өзіміз секілді өлеңге ғашық жандарды жинап, ортақ алаң құрсақ деген ой келді, — дейді клуб жетекшісі Гүлназ Қазбекқызы. Клуб ашыла салысымен әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, 14 жастан асқан поэзияға жаны құмар жандарды қабылдай бастайды. Алайда көп ұзамай жас шектеуін алып тастауға тура келген. Себебі ата-аналар кішкентай балаларының да өлеңге деген ынтасын байқап, клубқа қабылдауды өтініпті.

Бүгінде клуб мүшелері тек поэзиямен шектелмейді. Шараларда ақындардың сөзіне жазылған әндерді аудандық мәдениет үйінің әншілерімен бірлесіп орындайды. Сонымен қатар, театрландырылған қойылымдар қою да дәстүрге айналған. Мәселен, Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназиясының жанындағы «Келбет» театры түгелдей осы клуб құрамына қосылған.

Бұл мектептің оқушылары поэзиямен қатар актерлік шеберлікті де қатар алып жүр. Бұдан бөлек, қазіргі таңда клуб құрамында қаламыздағы №1,2,- 3,4 мектеп оқушылары бар, — дейді жетекші. Клубтағы ең үлкен мүшесі — Бақи есімді ақсақал. Ол Мұқағали Мақатаевтың барлық өлеңдерін жатқа біледі. Ал ең кішкентай қатысушы — №1 мектептің 3- сынып оқушысы Үміт есімді қыз бала. Жас өрен көпшілік алдында өлең оқып, көптің көңілінен шығып үлгерген. Ашылғанына небәрі екі жыл болса да, клуб мүшелері биыл байқауларға қатысып, өз таланттарын көп-шілікке кеңінен танытуды көздеп отыр. Сондай-ақ, болашақтағы жоспарларында подкаст форматында сұхбаттар түсіру де бар.

-Біз подкастты көрермен жинамай, еркін форматта жазғымыз келеді. Оған барлық оқушылар қатысқысы келеді. Дегенмен подкаст 1-2 адамнан тұратын сұхбат болған соң, кезекпен қатыстырмақпыз. Тағы бір ойымыз — ақтөбелік белгілі ақындар Қайнар Алагөзов пен Гүлжайнар Қалдинаны шақырып, шығармашылық кеш ұйымдастыру, — дейді клуб жетекшісі.

2024 жылы клуб алғаш рет қорытынды кеш өткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

-Біз 2023 жылы ашылсақ та, алғашқы жылы көбіне құрам жасақтап, ұйымдастыру шараларымен айналыстық. Ал 2024 жылы бірнеше ірі шарада өнер көрсетіп, жыл соңында қорытынды кеш өткізуге бел будық. Бұл бір жағынан балаларға мотивация, екінші жағынан сіңірген еңбектерінің өтеуі болды. Осы жылы да үлкен көлемде қорытынды кеш өткізуді жоспарлап отырмыз, — деп ағынан жарыл ды клуб жетекшісі.

Клуб аудандық кітапхана жанынан құрылған. Алайда қазіргі уақытта демеушілік пен қаржылай қолдауға мұқтаж.

-Біз тек Қандыағаш қаласының емес, ауданның түкпіртүкпіріндегі поэзияға құштар оқушыларды да клубқа тартқымыз келеді. Бірақ жол шығыны, шара өткізу мен сыйлықтарға жұмсалатын қаражат мәселесі қолбайлау болып отыр. Қазіргі таңда кітапхана ұжымы барлығын өз қалтасынан шығарып, қолдап келеді, — дейді жетекші.

КЛУБ МҮШЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Асхат МҰРАТОВ: РУХАНИ БАЙЛЫҚ СЫЙЛАҒАН ОРТАМ БОЛДЫ

Мен 2024 жылдың қазан айынан бастап “Poetry Time” поэзия клубының мүшесі болдым. Бұл клуб туралы алғаш рет өзім оқитын мектебімде өткен іс-шараға өлең оқуға шақырту алған кезде білдім. Сол кезде клуб жетекшілерімен танысып-білісіп, клуб мүшесі атандым. Содан бері поэзияға арналған түрлі кештерге, есеп беру концерттеріне және ақындармен кездесулерге белсене қатысып келемін. Бұл клуб маған тек өлең оқу алаңы ғана емес, рухани байлық сыйлаған орта болды. Клуб жетекшілері өте мейірімді, кең пейілді, қолы ашық жандар. Бар білгендерін үйретіп, бізге бағыт-бағдар беріп келеді. Алдағы уақытта да осы шығармашылық ортада өзімді дамытып, жаңа белестерді бағындырамын деген үміттемін.

Айзада ТІЛЕПБЕРГЕНОВА: ҚЫЗЫМ КІШКЕНТАЙЫНАН ӨНЕРГЕ ЖАҚЫН

Менің қызым клубтың ең кішкентайы Үміт Тілепбергенова 2 жасында балабақшада қалай тілі шыға бастады, солай өзі «мен актриса боламын» деп айтып жүретін. Солай балабақшадағы ертеңгіліктерде көріністерге қатысып жүрді. Ал 3 жасқа толған уақытында «Талант» студиясына өзім жетектеп алып барып, Сағыныш есімді апайы поэзияға баулып, өзім үйден жаттатып жүрдім. Шамалы уақыт ішінде 4 жасқа толмай Шымкент қаласында өткен поэзия байқауынан 1-орын алып келді. Өнерін байқағаннан кейін бетін қақпай, үнемі қолдап келеміз. Ал поэзия клубына барып жүргеніне 1 жыл болды. Оны бізге кітапханашы апайлар айтып, солар арқылы барған болатын.

Айша ҚАЗБЕКҚЫЗЫ: ПОЭЗИЯ — МЕНІҢ ДОСЫМ

Бұл өнерге деген махабатым 6-сыныптан бастау алды. Сол кезден бастап өлең жазуға, мәнерлеп оқуға қызығып, түрлі байқауларға қатысып жүрмін. Уақыт өте келе сахнада өзімді еркін ұстап, сөздің құдіретін сезіне бастадым. Бірнеше аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстарда жүлделі орындар алып, жетістіктерге жеттім. Поэзия мен үшін жай ғана өнер емес, жүректің тілі, жанның шындығы. Ол маған шабыт береді, ойымды еркін жеткізуге үйретеді. Алдағы уақытта да поэзиямен дос болғым келеді, тіпті өз кітабымды да шығару — үлкен армандарымның бірі.

P.S. ПОЭЗИЯ — РУХАНИЯТТЫҢ БИІК ШЫҢЫ. ОСЫНДАЙ ЖАСТАРДЫҢ БАСЫН ҚОСЫП, ӨНЕР МЕН ӨЛЕҢГЕ СЕРІК ҚЫЛҒАН ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАНДАРДЫҢ БАСТАМАСЫ ҚОЛДАУҒА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ. ТЕК ЖАНАШЫРЛЫҚ ПЕН ДЕМЕУ ҚАЖЕТ-АҚ…

Айгерім МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Ел тағдыры үшін әр азамат жауапты

admin_mugalzhar

«EXCELLENT» ОҚУШЫЛАРЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРҒА ЖАҢА ЖОБАЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.