Қандыағаш қаласындағы Ахмет Жұбанов көшесі бойында орналасқан қалалық саябақта Таулы Қарабақ қақтығысында және Тәжік-Ауған шекарасындағы соғыста қаза болған жауынгерлердің құрметіне ескерткіш ашылды.
Аталған жиынға аудан әкімдігінің өкілдері, ардагерлер, қорғаныс бөлімі мен мекеме, кәсіпорын қызметкерлері жиналып, жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Шара жүргізушісі 1988-1992 жылдары Әзірбайжан мен Армения елдері арасында туындаған дау саяси шиіленісіп, арты үлкен қарулы қақтығысқа айналғанын және 30 жыл бұрын Ауған-Тәжік шекарасындағы соғыста қазақтың өрімдей жастарының құрбан болғанын тілге тиек етті.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Әкімжан Есенаманов қарулы қақтығыс кезінде айбынды ерлік пен қайтпас қайсарлық көрсеткендерге қашан да құрмет көрсетілуі қажеттігін атап көрсетіп, ескерткіштің ашылу рәсімін жасады.
Қойылған мәрмәр белгіде «Ұрыс қимылдарының ардагерлеріне», «Таулы Қарабақ 1988-1992», «Тәжік-Ауған 1992-2001» деген жазулар және таудың бейнесі мен соғыс көлігі қашалып салынған екен.
Жиын барысында «Таулы Қарабақ» ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары Марс Ахетов, аудандық қорғаныстар бөлімінің басшысы Азамат Байдосов, Қандығаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр сөз сөйлеп, өткен тарихты ұмытпай, елдің тыныштығы жолында қайсарлық танытқандар қашан құрметке лайық екенін тілге тиек етті.
Салтанатты жиында «Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылардың Ардагерлер одағының» бұйрығымен мұғалжарлық Амирдан Арысов пен Нұрбол Сүйеуов «Жауынгерлік ерлікке – 30 жыл» төсбелгісімен марапатталды.
Ресми деректерге сүйенсек, Таулы Қарабақтағы екiжақты әскери iс-қимылдан 30 мыңнан астам адам қаза тапқан. Қақтығысқа Ақтөбе облысынан 278 адам қатысқан. Бүгінде ауданда «Таулы Қарабақ» қақтығысына қатысқан 13 ардагер тұрады.
Ал Тәжік-Ауған шекарасындағы 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуге жауынгерлік іс-қимылдарға жеке жиынтық атқыштар батальонының 9 мыңға жуық әскери қызметшісі қатысқан. Ал ауданда осы қақтығысқа қатысқан 15 мұғалжарлық тұрады. Шекара бұзушылардың қарулы топтарымен соқтығысу барысында, бекеттерге жасалған бандиттік шабуылдар, лаңкестік актілер мен диверсиялар нәтижесінде 43 қазақстандық сарбаз қаза тауып, 100-ден астам адам түрлі дәрежеде жарақат алған.