«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘКЕМ САЛҒАН ЖОЛ – ҰРПАҒЫНА ҮЛГІ

Адамзат тарихындағы ең қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Сұм соғысқа мыңдаған боздақ аттанып, опат болды. Аман қалғандары мүгедек болып оралды. Майданға аттанғандардың қатарында менің әкем Керей де болып, жеңісті жақындатқан еді. Мерейлі мереке қарсаңында осы жандар туралы өз естелігіммен бөліссем деймін.

Әкем Керей Жұбанышев 1924 жылдың 12-ші қыркүйек күні Ключевой ауданының Еңбек совхозының Талдысай елді мекенінде дүниеге келген. Ол 1942 жылы 18 жасында Ключевой аудандық әскери комиссариаттан, әскер қатарына алынып, әуелі Орынборда дайындық курсын бітірді. Әкем 1943 жылы соғыстың қайнап тұрған ортасына Сталинград түбіндегі шайқасқа барып түсті. Бұл шайқастан аман қалып, 1945 жылға дейін майданда болды. 1945 жылдың 5 сәуірінде Львов қаласының түбіндегі шайқаста аяғынан ауыр жарақат алып, Львов госпиталінде емделіп, елге оралады. Отан алдындағы ерлігі еленіп, “Қызыл жұлдыз”, “Құрмет”, “Қызыл ту” ордендерімен, соғыс кезіндегі ерлігі үшін медальдарды кеудесіне тақты.
Анасы Күнжан соғысқа кеткен екі боздағының біреуі аман келгеніне қуанады. Соғыс бітіп, ел тіршілік жасай бастаған кезде әкеміз Керей өзіне лайықты жұмыс іздеп, Қандыағаш теміржол торабына қоныс аударады. Соғыстан кейін елдің еңсесін көтеру жолындағы жұмыстарға өзінің зор үлесін қосты. 1954 жылдан бастап Қандыағаш жол дистанциясында кассир болып жұмыс жасайды.
1957 жылы анамыз Салима Нұрқасынқызымен отау құрады. Екеуі 7 тәрбиелеп, өсірді. Ауыр жарақаттың әсерінен мүгедектік зейнеткер болған әкеміз еңбек жолын жалғастыра береді. Қандыағаш жол дистанциясында 1963 жылдан бастап 1985 жылға дейін кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Аудандық коммунистік партия ұйымының белсенді мүшесі болды. Әкеміз Керей Жұбанышұлы 1985 жылы кенеттен жол апатынан дүние салды.
Керей Жұбанышұлы мен оның жары Салима Нұрқасынқызы екеуінің балалары мен немерелері бүгінгі күні әке жолын қуып, барлығы теміржолдың әр саласында қызмет атқаруда. Бүгінде үлкен әке кәсібін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырған 400 жылдан астам еңбек өтілі бар теміржолшылар династиясына айналдық. Әкеміздің өнегесі біз үшін – үлкен мәртебе.
Жұмагүл САПИНА

Ұқсас ақпараттар

Биыл Жаңа жыл мерекесінде қанша күн демалыс беріледі?

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

admin_mugalzhar

БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.